"Есектердің мінездері шатақ. Бір-бірімен жиі төбелеседі"

1520
Adyrna.kz Telegram
Фото: Александр Павский/Kazinform
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматы облысы Жамбыл ауданында екі мыңдай есек бағып отырған шаруашылық бар. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, шаруа қожалығында алғашқы кезде малға азық болатын дақылдарды өсіру жоспарланған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«КазАгроМакс» қожалығының иесі Максим Пожигайлов та бұл ақпаратты растап отыр. Оның айтуынша, кәсіпкер 1400 га жерді 2024 жылдың ақпан айында шетелдік инвесторлардың көмегімен сатып алған.

Сондай-ақ ферма иесі шаруа қожалығында аграрлық іспен қатар тұяқты жануарларды бағып, оларды тірідей шетелге экспорттау жоспарланғанын айтты. Жем-шөп егілген егістің есебінен алынбақ болған.

- Егістікпен қатар, Қытайға жануарларды тірідей экспорттау жоспарланды. Себебі, біздің серіктесіміздің Құлжа қаласында фермасы бар. Ол сүт сауумен айналысады. Бұл сүт онкологиялық ауруханаларға жіберіледі. Себебі, есек сүтінде казеин ақуызы көп, ол өкпе мен бауырды емдеуге көмектеседі. Бірақ бұл біздің еліміз үшін жарамайды. Сондықтан тек экспорт жасау жоспарланды, яғни шағын экономикалық орта қалыптастырғымыз келді. Осында дақылдарды егеміз. Оны малға беріп, кейін экспортқа жібереміз, - деді Максим Пожигайлов.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, кәсіпкер 2024 жылдың наурызында Жетісу облысынан жалпы саны 1405 есекті ветеринарлық анықтамасымен сатып алған. Бүгінгі күні шаруа қожалығының аумағында 1700 есек бар және оның 1032-сі ветеринарлық пунктте тіркелген.

Шаруа қожалығында бүгінгі күні 4 адам жұмыс істейді. Олардың бірі – Еркін Қожаберген. Мал бағумен 25 жылдай айналысқан ол бұл қожалыққа биыл қыс кезінде келген.

Оның айтуынша, есек асыраудың өзіндік қиындығы бар, жылқы тектес бұл жануарды қой не жылқы секілді жазық далада жая алмайсың.

- Есекті бірінші рет бағып отырмын. Бұлар жылқы тектес. Бірақ өзге мал секілді бастары бірікпейді. Жайсаң жан-жаққа кетіп қалады. Сол үшін қамап отырмыз. Сондай-ақ мінездері шатақ. Бір-бірімен өте жиі төбелеседі. Өздері суықты көтермейді, ал ыстықта суды көп ішеді. Бірақ бір жақсы қасиеті – шөп талғамайды, – деп атап өтті ол.

Максим Пожигайлов алғашқы жоспары өзгергенімен, есекті тірідей Қытайға экспорттауды әлі де жоспарлап отырғанын айтады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін экспорт жасалмаған. Алайда жануарлардың алғашқы тасымалы алдағы айда орындалуы мүмкін.

Пікірлер