Билік Жәкішевке рақымшылық жасай ма?

2570

Ертең «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының экс-президенті, ұзақ мерзімге сотталған Мұхтар Жәкішевтің соты болады. Қайда? Семейде! Семейдің соты Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын босату мәселесін қарайды. Бұл туралы Мұрат Мұхамеджанов дейтін азамат «Фейсбуктегі» жеке парақшасында хабарлап айтты. Бүгін Мұхтар Жәкішев туралы әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

Мұхтар Жәкішев кім?

Ол – белгілі қазақ кәсіпкері. Қазақстанды, «Қазатомпромды» уран өндірісі бойынша әлемдік лидерлер қатарына қосқан адам. Сол «Қазатомпром» Ұлттық компаниясын 1998-2009 жылдар аралығында басқарған.
Уран өндірісінің әлемдік білгірлері Мұхтар Жәкішевті «уран өндірісінің генийі» деп мойындаған. Оның Халықаралық мінбелерде сөйлеген сөзі – әлемдегі уран бағасын нарықтық жағдайға сәйкестендіруге ықпал еткен. «Википедия» дерегі солай дейді. Нақтылап айтсақ, 2004 жылғы 42 АҚШ доллары мен 2013 жылғы 43,35 АҚШ доллары дәл осы Мұқаңның белгілеген бағасы екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, алдыңғы жылдары әлемдік нарықтағы уран бағасы 7 долларға дейін төмендесе, қазір 29 доллардан сатылып жатыр екен.
Мұхтар Еркінұлы Алматының физика-математика мектебін бітірген. Мәскеуде физика-инжинерлік институтында білім алған. 1992 жылдан бастап коммерциялық бағытта жұмыс жасаған. Бірнеше ірі компанияларда басшылық қызмет еткен. 1998 жылы сол кезде банкрот болудың алдында тұрған, айлар бойы жұмысшылардың жалақысын төлей алмай отырған «Қазатомпром» компаниясына басшылыққа тағайындалды.

Мұхтар Жәкішевтің сот ісі

Мұхтар Жәкішев 2009 жылдың мамыр айында өзі басқаратын «Қазатомпром» компаниясының Астанадағы кеңсесінде тұтқындалды. Арада үш күн өткенде «мемлекет мүлкін жеке мақсатына пайдаланып, Қазақстанның ірі уран кен орындарынан оффшордағы фирмалардың мүддесі үшін «доля» алды» деген айып бойынша қамауға алынды.
2010 жылдың наурызында Астананың Сарыарқа аудандың №2 соты Мұхтар Жәкішевті 14 жылға соттады. Оған «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айып тағылды. Жазасын қатаң режимді колонияда өтеу міндеттелді.
Ал 2011 жылы оның үстінен екінші мәрте қылмыстық іс қозғалып, «ірі көлемде алаяқтық жасады және бөтен мүлкін иемденіп, ысырап етті» деген айып тағылды.
2012 жылы түрмедегі Жәкішев тағы 10 жылға сотталды. Сөйтіп ақырында, сот алдыңғы жазасын есепке алып, екі жаза біріктірілді. Түпкілікті сотталған мерзімі – 14 жыл болды. Жәкішевтің тұтқындалуында саяси астар бар дейді сарапшылар. Сондықтан да, 2013 жылы қазан айында құқық қорғаушылар алянсы Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқындар тізіміне қосты. Оған сот пероцессі кезінде Жәкішевтің құқығының өрескел бұзылуы туралы фактілер себеп болған. Бұған дейін Жәкішев «саяси тұтқынға қатысы бар тұтқын» деп сипатталып келген.

Жәкішев неге сотталды?

Жалпы Тәуелсіз сарапшылар Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалуына қатысты екі түрлі пікір айтады, деп жазады «Азаттық». Бірінші себеп – 2003 жылы олигарх Мұхтар Әбіләзовты түрмеден босатуды сұрап, «кепілдік еткендердің» ішінде Жәкішевтің де болуы. 2010 жылы ақпан айында Астанада кәсіпкерлер кеңесі өтіп, сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Нзарбаев кәсіпкер Нұрлан Смағұловты сөге сөйлеген. Назарбаев: «Оның достары, арасында сен де барсың, маған хат жазып, жемқорлығы үшін түрмеге қамалған Әбіләзовты босатуды менен өтініп, кепіл болдыңдар. Отанға қызмет ететін болады деп ан-су ішіп, жазбаша түрде маған сөз бердіңдер. Қазір ол барлық достарының бетіне түкіріп кетті. Аты-жөндеріңді атамай-ақ, қояйын. Ал сендер жауап беруге тиіссіңдер» деген екен.
Екінші себеп – уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, жапониялық «Toshiba» компаниясы арқылы канадалық «Uranium Oneның» жолын кеспек болған саясаты.
2008 жылы Мұхтар Жәкішев мәлімдеме жасап, өзі басқаратын «Қазатомпром» компаниясы 2010 жылы уран өндірісі жөнінен әлемде бірінші орынға шығатынын мәлімдеген. 2009 жылы ол тұтқындалды.

Оның денсаулық жағдайы нашарлаған

2017 жылы Мұхтар Жәкішевтің анасы Раиса Жәкішева Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, ұлын кешіруді сұрады. 2018 жылы құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина желідегі парақшасында Жәкішевтің денсаулығы мен отбасы туралы жазба жариялады. Оның айтуынша, Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы қатты нашарлап кеткен. 2017 жылы Жәкішевтің көзіне операция жасалған. Ал 2018 жылы жүрек-қан айналымы дертіне шалдыққан Мұхтар Жәкішевке үшінші топтағы мүгедектік берілген.

Түйін. Мұхтар Жәкішев сотталғалы тұп-тура 9 жыл уақыт өтті. Жәкішевтен кейін де «Қазатомпромда» бірнеше басшы ауысты. Десе де, Жәкішевтен кейін келген басшылардың бірде-біреуі компанияның тасын өрге домалата алған жоқ. Күні бүгінде «Қазатомпром» сол Жәкішев жасаған қыруар істің инерциясымен ғана ілгері жылжып отыр дейді білетіндер.
Жәкішев қазір 56 жаста. Оның денсаулығының нашарлағаны, оған ота жасалып, мүгедектік берілгені туралы бірнеше мәрте айттық. Жәкішевтің көзі тірі қарт анасы ұлына араша сұрап, Президентке хат та жазған. Жәкішевті қолдаушы жұрт қол жинағаны тағы бар.
Жоғарыда Жәкішев ісі сотта қаралып, уақытынан бұрын босату мәселесі талқыланатын болды деген ақпар тарады дедік. Осы ақпарды бөлісушілер соттың әділ өтіп, Жәкішевке рақымшылық жасалуын сұрауда.
Естеріңізде болса, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заңның аясында біраз азамат түрмедег босатылған еді. Олардың арасында Жәкішевтен кейін істі болғандар да болды. Ал 2009 жылы тұтқындалып, 2010 жылы сотталған Жәкішев сол отырғаннан әлі отыр. Ертең сот отырысы өтеді. Бізді мазалайтын жалғыз сауал – билік Жәкішевке рақымшылық жасай ма, жоқ па?.. Оны ертең еститін боламыз...

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket