«Назарбаевтың келіні деп жар салады». Гүлмира Сатыбалды сотта экс-күйеу баласына сұрақ қойды

923
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы қалалық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты басты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін, 13 маусымда жәбірленуші кәсіпкер Абай Жүнісовтен жауап алу кезінде айыпталушы күтпеген жерден өз сұрағын қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ол (Жүнісов — ред.) мені Назарбаевтың бұрынғы келіні деп барлық жерде жар салады. Не себепті өзінің менің бұрынғы күйеу балам екенін айтпайды? Менің бастамаммен үстінен іс қозғалғанын айтады. Соншалықты күшті, қауқарлы болсам, неге олар жабылып қалды?»,—деді Сатыбалды.

Судья сотталушыға сауалын заң тұрғысында түсіндіру керектігін айтты. Сатыбалдының адвокаты жәбірленушінің міндеттеріне қатысты істер неге жабылғаны туралы сұрақты қайта түсіндірді.

«Күйеу бала екенімді жасырмаймын. Сіз Қайрат Сатыбалды сынды кісілердің ықпалына сүйеніп, жалғыз әрекет еттіңіз. Іс менің кінәм дәлелденбегендіктен тоқтатылды»,—деп жауап берді Жүнісов.

Судья жәбірленушіден ВТБ банкі алдындағы қарызға қатысты жағдайды түсіндіруді сұрады.

«Қазір Мәскеудегі Мещанский сотының шешімі бойынша ВТБ банкі алдындағы борышкермін. Шоттарым бұғатталған, жеке сот орындаушысының өкілі менен мүлікті өндіріп алу үшін жұмыс істеп жатыр»,— деді Абай Жүнісов.

Оның адвокаты Рашид Теңесбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Сатыбалдымен бірге иелік еткен компания салған «Восточка» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты жеке қылмыстық істі тергеп жатқанын атап өтті. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша іс қозғалған. Айтуынша, заңсыз әрекеттерге «Nurbank», Алматы әкімдігіндегі және «Samruk-Kazyna construction» АҚ-ның лауазымды тұлғалары араласып отыр.

Сот Жүнісовтен 7,8 млрд теңге өндіру туралы шешім қабылдады. Бірақ кешіктірулер мен айыппұлдар есебінен сома екі есе өсті.

Еске салайық, 3 маусымда Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша басты сот отырысы басталды. Ол келесідей қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін сотқа тартылады:

– 126 бап 3-бөліктің 3-тармағы – абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан адам ұрлау;

– 194 бап 4-бөлігінің 2-тармағы – аса ірі мөлшерде бопсалау;

– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 389 бабының 4-бөлігі - ауыр зардаптарға әкеп соқтырған озбырлық.

Пікірлер