“Иман сырт киіммен өлшенбейді”. Пайғамбарды түсімде көрдім деген қыз хиджабын шешіп тастады

3213
Adyrna.kz Telegram

Желіде Пайғамбарды түсімде көрдім деген Назерке есімді қыздың хиджабын шешіп тастап, түрлі боқауыз сөйлеген видеосы тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бірнеше ай бұрын Пайғамбарды түсімде көрдім деп, өзінің дінге келген жолын, орамалы үшін ата-анасына қарсы шыққанын айтқан Назерке есімді қыздың хиджабын шешкені тарады.

Бойжеткен мұндай шешімге ҰҚК өкілдерінің көмегімен келгенін айтқан.

“Сіздер білмейсіздер, намаз оқып жүрген қаншама оңбаған еркектің барын” деген ол ҰҚК қызметкерлеріне арнайы алғысын білдірді. “КНБ-нің адамдары жаман дейді. Олай емес. Маған “қазағымның қызы” деп жәрдем берген сол КНБ-ның адамдары. Оларға алғысым шексіз! Олар көмектеспегенде, қазір не боларын кім білсін” деді.

Тікелей эфирде отырған 500-ден астам кісінің бір бөлігі “сатқын, дініңді саттың!”, “сенікі хайп болды”, “мұсылман емессің”, “тозақта жанасың”, “оңбаған, жезөкшесің”, “дінге күйе жақпа”, “бұған жын кірген”, “кәпір” деп пікір жазса, енді бірілері ботадай боздап отырған қыздың телефон нөмірін сұрап, “демалайық” деген мағынада пікірін қарша боратуда.

“Мен әркімнің тулағындай иленбей, таза өмір сүру үшін, балаларымның жүзі төмен болмауы үшін осы қадамға бардым. Иманым да, дінім де — жүрегімде. Мен намысын таптатпаған қазақтың қызымын. Осыны біліңіздер! Ешкімнің иманы сыртқы киімімен өлшенбейді” деген ол әйел ретінде өзiн басқалардың түсінуін өтінді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бьюти-блогер Сәния Ілиясованың да орамалдан бас тартқанын жазған болатынбыз.

 

Пікірлер