“Орамалдылардан көңілім қалды”. Блогер Сәния Ілиясова хиджабтан неліктен бас тартқанын мәлімдеді

5118
Adyrna.kz Telegram

Танымал бьюти-блогер Сәния Ілиясова өзінің Instagram парақшасында хиджабтан неліктен бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Блогер, кәсіпкер, бірнеше жобалардың авторы Сәния Ілиясова өзінің Instagram парақшасында хиджабын шешкенін жазды. Бұл шешімге қалай келгенін, не түрткі болғанын түсіндірді ол.

“Мен орамалымды шештім. 2 ай бойы эмоцианалды толқыныс және өзімді іздеу… Мен өзім үшін де, өзгелер үшін де әрдайым шынайы болғым келеді. Сіздерге ол ұнай ма, ұнамай ма білмеймін. Өз жүрегімнің қалауымен өмір сүремін. Эгоисттік болып көріне ме? Бәлкім, иә. Солай болуы керек, солай болады да. Мен “МӘҢГІЛІК” және “ЕШҚАШАН” деген сөздерді айтуға болмайтынын ұқтым. Өйткені Аллаһтың өзінің жоспарлары бар” деп жазды ол парақшасындағы постында.

Ол өзінің хиджабтан бас тартуын былай түсіндірді:

“Меккеге сапарымнан кейін мен өзімді биікте елестеткен едім. Иманым да, орамалым да болады деп сендім. Бірақ мен күткеннен басқа нәрселер орындалып, Аллаһ маған менің орамал тағудағы ниетімді көрсетіп берді. Бұл бір қызық ашылу болды. Алла разылығы үшін болмаған екен. Көңілім қалды! Орамалдылардан, олардың өмірдегі және инстаграмдағы кейіптерінен көңілім қалды” деп жазды ол.

Сондай-ақ ол орамалға кейін ниетін дұрыстағанда, “Алланың қалауымен” қайта келетінін айтты:

“Әзірге осылай. Бәлкім бір айдан кейін, бір жылдан кейін, 5 жылдан кейін мен орамалға қайта келетін шығармын. Егер әрине тірі болсам. Мен ештеңені болжап, ештеңеге кепілдік бере алмаймын. Бәрі Алланың қалауымен болады” деді ол.

Сәния Ілиясова өзінің бизнесін ары қарай жалғастыратынын, орамалды қыздарға арнап киім, көйлек шығаратынын жазды:

“Мен оранғандарға арнап әдемі киімдерді шығара беремін. Бұл істі сондай жақсы көремін. Бұл істі басқа істеген істерімнен де артық көремін. Сіздер үшін жасаған әр ісім үшін бақытты боламын. Алдағы уақытта нәпсім, мақтанышым үшін ғана емес таза ниетпен орамалдың мәнін ұққанда, оның тыныштық, Құдай мен менің арамдағы нәрсе екенін түсінгенде ғана ораламын” деп қосты ол.

Оқырмандар әншінің бұл шешіміне түрліше пікір білдірді. Бірі даттап, “орамалды ойыншық еттің” десе, енді бірі “дұрыс шешім” деп бағалады.

Тұрақты оқырмандардың бірінің айтуынша Сәния Ілиясова осыдан 2 ай бұрын орамалға келген уақыттан әндерін желіден өшіргізіп, заманауи өмірден өзін шектеп тастаған.

Пікірлер