Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» компаниясының неліктен қарызға батқанын түсіндірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы kazinform.kz сайтына сілтеп.
Соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған.
«Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көруде. Барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген», - деді Ә. Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәселен, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізуі жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтижені бермеді және ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соқты.
Жеке жүк тасымалдаушылар мұнай және мұнай өнімдері сияқты пайдасы көп тасымалдарды, электрлендірілген учаскелерде пойыз құрамын толық толтыратын маршруттарды иеленген.
«Жеке жүк тасымалдаушылардың тарифтері жоғары. Жекелеген жағдайларда 32%-ға, соның ішінде іс жүзінде жоқ шығындарды қосу есебінен асырылған. Бұл түпкілікті тұтынушы үшін тауар тасымалдау құнына айтарлықтай әсер етеді. Мұнда тарифтерді реттеу жөніндегі уәкілетті органның позициясы әлсіз екені байқалады. Тарифтеу тәсілдері әділ болуы керек, жеке теміржол тасымалдаушыларының одан әрі жұмыс істеу орындылығын қайта қарастыру қажет», - деп толықтырды Ә. Смайылов.
2020-2023 жылдары ҚТЖ жүк айналымының 73%-ы өзіндік құнынан төмен тарифтермен тасымалданған. Реттелетін тарифтер бойынша шығын 907 млрд теңгені құрады, оның жартысынан астамы – экспорт бойынша. Бұл ретте, экспортқа арналған реттелетін тарифтер деңгейі республика ішіндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдау тарифтерінен төмен.
«ҚТЖ-ның барлық шығындары негізінен транзиттік табыстар есебінен жабылады. Бұл – экономикалық жағынан қисынсыз. Бірде-бір кәсіпкер өз қызметін қайырымдылық принципі бойынша жүзеге асыруға мүдделі емес. Бұл – банкроттыққа апаратын төте жол», - дейді аудиторлық палата төрағасы.
Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде. Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған.
«Қаржылық және техникалық жай-күйді сауықтырудың нақты мерзімдерін айқындап, ҚТЖ компаниялар тобының шығындарын оңтайландыру қажет. Бұл ретте, «Самұрық-Қазына» АҚ қазіргі корпоративтік басқару әдістері мен даму стратегиясы еліміздің ұлттық теміржол компаниясының дағдарысын болдырмауға қабілетсіз. Активтердің жай-күйінің нашарлауы, борыштардың өсуі және оларды уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауы басқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз ҚТЖ-ны дефолтқа ұшыратады», - деп ескертті Ә. Смайылов.