БУРАХАН ДАҚАНОВ: Отбасыммен бір ажалдан қалдық

1786
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден скрин
Фото: Бейнеден скрин

«Тіс сынса ауыз ішінде,  қол сынса жең ішінде» деуші еді,  ФБ-ны дүрліктіріп қойғаныма кешірім сұраймын.

Ия,  Сергеевкадағы үйім аяқ асты жанып кетті.  Өрт басталарда үйде,  қалың ұйқыда едік.  Кенет,  көрші бөлмеде екі баламмен жатқан әйелімнің жан даусы шыққасын  — ұйқылы ояу жетіп барып ем,  бөлме бұрышындағы төбеден тамған отты көрдім.  Мына натежной потолок деген бір сұмдық екен қысқасы.  Бір тұтанса болды, біткен жері сол екен.  Апыл ғұпыл балаларды жинап есікті аша қалғанда,  сквозняк жел періп төрдегі екі бөлме бірден отқа оранды. Жалаң аяқ, жеңіл киіммен атып шыққан біз, өрт бірден үдегесін — үйден зат алуға мүлдем мүмкіндік бермеді.  Қысқасы,  ағаштан салынып,  терезесі пластик,  сырты пенопластан қапталған үй — 15-20 минутта жанып,  жоқ болды. Күллі отбасылық документ, TAUEKEL- ге тиесілі құжаттар, киім кешек, телефон,  ноутбук тсс дүниелер – бәрі, бәрі бір сәтте құрып кетті. Жалпы,  өрт сөндірушілер уақытылы келгенімен ештеңеге істей алмады.  Өйткені дала қатты жел боғасын,  үйдің сау жері қалмаған-тұғын.

Өстіп,  отбасыммен бір ажалдан қалдық бүгін.  Жалпы дүние жиналады ғой,  басымыз аман әйтеуір.  Кішкене балаларым сәл шошып қалғаны болмаса,  дым зақым алған жоқ. Жергілікті әкімдік қызметкерлеріне ризамын, Сергеевканың әкімімен қоса өрт сөндірушілер басшысына дейін түнімен жүрді жанымызда.

Қысқасы, ешкімге өкпе ренішім жоқ. Болған жағдайға ешкімді кіналамаймын. Жалпы,  бір айдай бұрын үйдің жарығы қайта қайта өшетінді шығарған,  электрик шақырып автоматты ауыстырттым, сол кезде электрик төбедегі сымдардыда ауыстырғаның жөн деп еді.  Бұйырса келесі ай ауыстыртайын деп ем,  сымдарын алып қойғаныммен,  ауыстыртып үлгермедім. Нәтижесі міне, осындай болып жатыр. Жалпы бұл үйде 3 жылдай өмір сүрдім.  Осы үйге келіп,  Солтүстікке көшті,  TAUEKEL-ді бастадым.  Берілген үйді жаман,  сапасы нашар демедім,  қолымнан келгенше ремонттап,  күйін отбасыма жайлы еттім. Солтүстікке келем,  көрем деген қанша Қазақты төріне отырғызып,  мейман қылдым. Оған осы жерде отырған көбіңіз куәсіз. Қысқасы, бұл үйге ризамын өз басым.

Әкімдік тарапынан қолдау шаралары толығымен іске асып жатыр. Бұйырса, жақын арада басқа үй алып қалармын.

Қазір бір көшіп келген,  үй алуына біз сеп болған Түркістандық азаматтың үйінде жатырмыз.  Жалпы,  Сергеевкадағы көшіп келген көптеген азамат «біздікіне жат», «біздікіне жат» деп қолқалап жатыр.  Осындай қолдауға ие болғаныма мерейім өсіп,  бір жағынан марқайып отырмын.  Қысқасы,  соңғы екі жылымды бос өткізбеген екем. Соған көзім жетті бүгін.

Жан жақтан пост жазып, қолдап жатқан ағайынға,  бала шағасының аузынан жырып,  жылу жіберіп жатқан ағайынға басымды иемін.  Мың алғыс сіздерге.  Ризамын.

Пы—сы:  көптеген адамдар телепоныма хабарласып жатыр екен. Телефоным кешегі айқай шуда сынып кеткен еді.  Қоңырау қабылдай алмай отқаныма айып етпеңіздер.

Осындай сын сағатта қолдау көрсетем деген аға,  апайларыма каспиім міне: 8 771 341 7397,  Шынар.  Рахмет сіздерге.  Әр демеуіңіз,  өзіңізге еселеп қайтсын.  Осыдан бір өтіп алсам,  Солтүстікке көшетін жүздеген адамға көмегім тиеді әлі.  Сөзім сөз.  TAUEKEL.  Теріскей бізге аманат.

 

Burahan Daqanov

 

 

Пікірлер