“Денсаулыққа кері әсер еткен жоқ”. Министр жаңа уақытқа қатысты пікір білдірді

1916
Adyrna.kz Telegram
фото: Kyzylorda News
фото: Kyzylorda News

Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда жаңа уақыттың халыққа әсері туралы айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы kursiv.media-ға сілтеп.

Министр Ақмарал Әлназарова үш ай бұрын ауысқан бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына әсері туралы сұраққа жауап берді.

«Сіз «Жаңа уақыт белдеуі халықтың денсаулығына оң әсер етеді деп есептеймін» деген болатынсыз. Бірақ бұрынғы уақыт белдеуін қайтару үшін петицияға қол қойып жатқан азаматтар бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындарды айтуға болады. Онда уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты тұрғындарға психологиялық, физикалық жүктеме түскен. «Ертерек тұратын болдық, ұйқымыз қанбайды, жұмысымыз өнбейді» деп тұрғындар шағымданып жатыр. Сіздің қазіргі ойыңыз қандай?», - деп БАҚ өкілі Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында министрге сауал жолдаған.

Денсаулық министрі Әлназарова бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ғылыми деректерден кейінгі шешім болғанын айтады. Министр жаңа уақыттың тұрғындар денсаулығына ешқандай кері әсері болмаған деп есептейтінін де атап өтті.

«Негізі сағат белдеуі мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланды. Бұл жұмысқа еліміздегі ғылыми орталықтар тартылды. Мысалы, физиология институты, Фесенков атындағы астрофизика институты. Сондықтан бұл шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданды. Екіншіден, сағат белдеуі өзгергеннен кейін емханалар мен ауруханаларға науқастардың айтарлықтай түсіп жатқанын байқап отырған жоқпыз. Бүгінгі таңда денсаулыққа кері әсер еткен жоқ деп айтуға негіз бар», - деп жауап берді министр.

Еске сала кетейік, 7 маусым күні жаңа уақыт белдеуіне байланысты петицияға 50 000 адам қол қойғаны туралы жазған едік.

Пікірлер