«Тәшеновтің басын бәйгеге тігіп жерді қорғап қалуы – болашақ ұрпақтың алдындағы үлкен ерлігі»

699
Adyrna.kz Telegram

4 маусым күні белгілі жазушы Әбділдабек Салықбайдың «Атамұра мектеп» кітапханасынан шыққан «Наркескен» тарихи кітабының тұсауы кесілді. Бұл туралы “Атамұра” корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед баяндама жасады.

Баяндаманың толық нұсқасын төменде ұсынамыз:

Қайырлы күн, құрметті кітап сүйер қауым!

Бүгін сіздермен бірге тағы бір тарихи кітаптың тұсау кесер рәсіміне куә болып отырмыз, дәлірек айтсақ белгілі жазушы Әбділдабек Салықбайдың «Атамұра мектеп» кітапханасынан шыққан «Наркескен» деген атына заты сай тарихи кітабының тұсау
кесер рәсіміне куә болып отырмыз. Бір қарағанда сырты жұқа кітап болғанымен түсінген адамға тарихтан сыр шертіп тұрған салмағы ауыр кітап.

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов ағамыз туралы бұрын да талай рет оқып едім, ал мына кітапты оқып көптеген тың деректермен
таныстым. Жұмабек аға айтқанынан қайтпайтын қайсар, харизмасы мықты, нағыз патриот  адам екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. 

Жұмабек Тәшенов 1952 -1955 жылдары Ақтөбе облысын басқарған. Тура сол тұста Қазақстанды Леонид Ильич Брежнев басқарып тұрған еді. Сол кездерде Совет одағының басшысы Никита Сергеевич Хрущевты күтіп алған кезде Жұмабек аға қой сойып басын үйтіп қойыңдар дейді, сонда Брежнев бастың қажеті болмас
дегендей менсінбеген сыңай танытады.

«Жұмабек Ахметұлы, сыйлы қонаққа бас тарту – қазақтың дәстүрі екенін бәріміз білеміз. Бірақ Никита Сергеевич мұны дұрыс қабылдай қояр ма» деген екен.

-Леонид Ильич! Мына Сіз де, біз де, Никита Сергейч те, осы отырған барлығымыз халықтың дәстүрінен үлкен емеспіз ғой!
Ендеше халықтың дәстүрін сыйлайық, өйтпесек, несіне басшымыз?!– деп айтуы бүкіл қазақтың әдет ғұрпын өзге ұлттың және Совет одағының басшысына мойындата білу деп санаймын.

1959 жылғы 1 қазандағы Қытайдағы сапары тіпті керемет екен. Қытай басшысы Мао Цзедун: «Кеңес одағы сөз жоқ ұлы ел, ал біз
Ұлы Қытаймыз, бірақ Қытайда коммунистер Совет одағына яғни (КСРО-ға) қарағанда көп қой» дегенде Никита Сергеевич Хрущев
сөзден тосылып қалады. Сонда Жұмабек ағамыз: «Революцияны Совет одағының коммунистері жасады емес пе? Сіздерге комсомолды құрысып жасақтап берген де Совет одағы емес пе (СОКП)» деп тығырықтан жол тауып кетуі ол кісінің
тапқырлығын көрсетеді деп ойлаймын.

1948 жылы Магадан орманындағы Сусман ауданынан Бауыржан Момышұлының 59 бригада командирі болып жүріп Мағжан
Жұмабаевты көруі, бірақ уақытында бара алмай жоғалтып алуы оқырманға ой салары сөзсіз. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне Брежнев өз орнына Яковлевті, екінші хатшылыққа Н. Журинді ұсынғанда Жұмабек ағаның шыдай алмай «қазақ азаматтары да бар ғой» деп Фазыл Кәрібжановты, Димаш Ахметұлы Қонаевты атауы үлкен батылдық деп санаймын.

Козловпен сөзге келісіп жұт кезіндегі қиындықтарда қазақтың мүддесін айтып қорғап шығуы, үлкен ерлік. Жұмабек Ахметұлының ең үлкен ерлігі Қазақстанның бес облысын, дәлірек айтқанда Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарын Ресейдің құрамына еніп кетпеуіне атсалысқаны үлкен қаһармандық деп санаймын.

Қызметін, тіпті басын да бәйгеге тігіп қорғап қалуы – қазақ халқының болашақ ұрпақтың алдындағы үлкен ерлігі деп санаймын. Бұрын жылы шыраймен қарсы алатын Хрущев сол күні қабағын қарс жауып алып, өзінің жоғары лауазымын пайдаланып, тіпті қорқытқанына қарамастан Ардақты ағамызды қазақтың жер
мәселесі туралы осы құжатқа қол қойдыртуға көндіре алмады.

Мұндай пікіріңізбен «бірде-бір қазақ келіспейді», дегенде мысқылдап «Қалайша бірде-бір қазақ келіспейді дейсіз, қасыңдағы
Қонаев келісіп отыр ғой» дегенде: «Оның жөні бөлек, бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті мұны күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын. Ол үшін Совет одағының құрамынан шығып кетсек те Гаагадағы халықаралық сотқа шағымдансақ та, бес облысын беруге келісім бермеймін, оған қол қолмаймын» деген екен. 

Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің осы ерлігін бүкіл қазақ халқы және жаңа буын өкілдері - жастарымыз ешқашан ұмытпауы керек және
ұмытылмайды деп санаймын.

Совет одағы басшылары 5 облысты Ресейге қосу  мәселесін күн тәртібінен алып тастауы жөніндегі хабарды айтып хабарласқан  Сағындық Кенжебаевқа: «Япырай, мынау керемет жаңалық екен. Сарыарқаны сақтап қалсақ, оның қасында төрағаның орынтағы сөзбе екен. Сүйіншіңе не сұрасаң да берем» деуі ағамыздың нағыз алмас қылыш, нағыз Наркескен екенін дәлелдейді деп ойлаймын!

Рақымғали Құл-Мұхаммед

“Атамұра” корпорациясының президенті

 

 

Пікірлер