Ерлан Қарин Мемлекет басшысының саяси бағдарының басты негіздерін атады

1407
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері», атты мақаласында президенттің сындарлы саясатындағы мән мен мағынаны ашып, тағылымы мен туындау тарихын түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Материалда әділетті Қазақстан, жаңа идеология, жаңаша өзгерістер, қоғамдық этика, пікірталас, билік пен халықтың диалогы, мемлекеттік аппараттағы тың жүйе, жасампаздық жолы сынды тақырыптар қамтылған сегіз бөлімшеден тұрады.

Мемлекеттік кеңесші "Әділетті Қазақстан" ұғымының мәнін түсіндірді:

"Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идея­сы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жат­қан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақ­сатқа қол жеткізуге арналған. Пре­зиденттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байып­­тамасының түпкі мәні осында жатыр" делінді мақалада.

Сонымен қатар, ол «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң және тәртіп», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» атты бес тұжырымды түсіндірді.

"Бірегейлігімізді және өзіндік өмір салтымызды сақтау – ішкі сая­сатымыздың күн тәртібінде тұрған басты міндет. Бұл – бізді басқа елдерден, басқа халықтар мен басқа мәдениеттерден ерекшелеп тұратын құндылықтар, яғни жұртымыздың тамыры терең шежіресі, көп ұлтты, көп тілді сипаты, діни толеранттылығы және мәдениетіміздің әр алуандығы, бір-бірімізбен тіл табыса білуіміз, өзара қолдау көрсетуіміз және ырыс­ты ынтымағымыз. Осының бәрі тұтаса келгенде, Қазақстанның өмір салтын танытады. Бір сөзбен айтсақ, біз озық ойлы ұлт ретінде әрдайым стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, ұлттық мүддеміз бен өмір салтымызды дәйекті әрі табанды түрде қорғауымыз керек" деп жазды Ерлан Қарин.

Мемлекет басшысы енгізген өзгерістердің ұтымдылығы мен оның астарындағы дәстүр мен салт негізінің астасып жатуын саралап жеткізген Ерлан Қарин өз мақаласында елдің ішкі және сыртқы саясатындағы маңызды дүниелерді атап көрсетті:

"Қазақстан ішкі және сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз, ең әуелі, ұлт мүддесін, төл ұста­ным­­дарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге әсте болмайды. Көп векторлы немесе бейтарап саясат жүргізу оңай әрі ыңғайлы деген пікір бар. Бұл шындыққа жанаспайтын дилетанттық тұжырым деуге болады. Қазақстан көп векторлы, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Мұндай саясат ұстану, әсіресе жер жүзі сан тарапқа бөлінген қазіргі кезеңде өте қиын және орасан зор күш-жігерді талап еді" делінген Мемлекеттік кеңесші мақаласында.

 

Пікірлер