Мемлекеттік ту көкте желбіреді

655
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік рәміздер күні Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында салтанатты түрде аталып өтті. Биыл рәміздеріміздің қабылданғанына 32 жыл толды. Еске сала кетсек, еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған еді.

 Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов баршаны Батыс Қазақстан облысы Нариман Төреғалиевтің атынан қасиетті  мерекемен  құттықтады.

 Қазақстан Республикасының рәміздері –  Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимні біздің мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін,  ажырағысыз атрибуттарының бірі. Биыл мемлекеттік рәміздердің тарихындағы  оқиғалар жеткілікті  – Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтың 80 жылдығы және Талғат Мұсабаевтың тұңғыш рет Мемлекеттік Туды ғарышқа алып шығуына 30 жыл толып отыр.

Президентіміз  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  мемлекеттік рәміздердің рөліне айрықша мән беріп келеді. Бүгінде байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, Гимнімізді шырқатты. Күллі әлем қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды. Біз – осындай сәттерде қуанамыз, рухымыз көтеріліп, еліміздің ертеңіне сенеміз! «Бірлік бар жерде тірлік бар!» деген қазақтың дана сөзі осындайда айтылса керек. Кешегі, 100 жылда бір қайталанатын,  су тасқынымен күресуде Қазақстанның түпкір-түпкірінен  автокөліктермен азаматтар өз еріктерімен келіп, үлестерін қосты. Халқымыздың ерен еңбегі мен бірлігінің арқасында 84 елдімекен  су апатынан аман қалды. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүрді. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жаңашыр болды. Біз ұлт ретінде сын-сағатта, қиын қыстауда ата-бабамыздан қалған бір Тудың астында бірігу қасиетімізді жоғалтпағанымыздың дәлелі, – деген Бақытжан Қаберұлы  төтенше жағдаймен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға ризашылық білдіріп, Алғыс хаттар табыстады. Олардың қатарында жоғары оқу орнының ректорлары мен ерікті жастар бар.

Солардың бірі  – жас кәсіпкер Бауыржан Бақтығалиев.   Бұдан бұрын «Village park», «A-frame» демалыс орындарының негізін қалаушы, «Bal bala» бакшасынын инвесторы ретінде танымал жас, биылдан бастап еріктілер сапына қосылды.  – Ел басына қауіп төнгенде бейжай қарай алмадым. «Орал жастары» чатында сан салада жүрген жастар бас қосып, ой бөлістік. Барымызша ел үшін еңбек етуге тырыстық. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланып, халыққа дер кезінде ақпарат жеткізіп отырдық. Еңбегімізді елеп жатқан жандарға алғысым шексіз, – дейді 32 жасар белсенді.

           Мерекелік шарада жастардың рухын оятып, жігерін жанитын патриоттық әндер шырқалып, жұртшылық ерекше көңіл-күймен тарқасты.

 

Пікірлер