Алматы облысында Мемлекеттік рәміздер күніне орай 300 –ден астам шара өтті

2955
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Тұғырлы туым» және «Патриоттық форум» атты қос шара өтті. Аталмыш шаралар облыстық ішкі саясат басқармасымен және «Қоғамдық келісім және даму орталғы» КММ-нің ұйытқы болуымен іске асты.

«Тұғырлы туым» атты жиын Іле ауданы, Өтеген батыр кентіндегі Ту тұғырдың маңында өтті. Шара әнұранның шырқалуы мен мемлекеттік тудың салтанатты түрде көтерілуі мен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ақжарма тілегімен басталды.

«Қазақстан Республикасының рәміздері біздің тарихымызды, мәдениетімізді және ұлттық қадір-қасиетімізді еске салады. Мемлекеттік рәміздерімізде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдіретті күш бар. Олар әрқашан жаңа жетістіктерге жету жолында бізге шабыт беріп, күш-қуатымыздың қайнар көзі болып қала береді», - деп құттықтады өңір басшысы.

Жиын «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнді орындауымен жалғасты. Ән жиналғандардың жүрегін тебірентіп және Отанға деген мақтаныш сезімін оятты. Сонымен қатар, 30 байкерден тұратын мотоциклшілер шеруі өтті. Олар ел бірлігі мен күш-қуатын білдіретін Мемлекеттік туды Іле ауданынан бастап Қонаев қаласының орталық алаңына дейін желбіретіп жеткізді.

Іс-шара Қонаев қаласының кіреберісінен орталық алаңға дейінгі ретро көліктердің салтанатты шеруіне ұласты. Қонаев қаласындағы ретро көлік салонының жетекшісі ,меценат Мұрат Сіргебаев та шеруге қатысты. Түскі сағат 12:00-де 10 мыңнан астам облыс тұрғындары бірауыздан Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқап, елжандылық пен ерекше күйге бөленді. Осылайша, «Патриоттар форумы» деп аталған шара өз шымылдығын түрді.

Артынша,  қарғын сумен күресте алдыңғы шепте жүріп, отандастарымызға қолдау білдіргеніңізге облыстық Төтенше жағдайлар қызметкерлерімен, елдің байрағын әлемдік аренада желбіретіп жүрген бірқатар саңлақ спортшылар облыс басшысының арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Шараның көркін Президенттік оркестрдің «ABYROY» тобының орындауындағы «РУХ» әні кіргізе түсті. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздарда ән мен биден шашу шашып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары парашютшілердің көк тумен көрсеткен өнеріне де куә болды. Жалпы, мереке күні облыс көлемінде 300-ден астам мерекелік іс-шара өтіп, 23.000-нан астам қатысушы жиналды. Облыстың әр ауданында ту көтеріліп, әнұран шырқалды.

Пікірлер