Алматы облысында полицейлер жол ережесін бұзған түлектер кортежін тоқтатты

715
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған кортеж қатысушылары ұсталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚР ІІМ ресми интернет-ресурсына сілтеп.

«Алматы облысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған кортеж қатысушыларын ұстады. Көліктер арнайы тұраққа қойылды», - делінген сенбі күні хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, жүргізушілер қарсы жолаққа шығып кету, жолаушыларды тасымалдау және қауіпсіздік белдіктерін пайдалану талаптарын сақтамау, маневр жасау ережелерін бұзу, төтенше жағдай туғызу, көлік құралын басқаруға рұқсат етілмеген көлік құралын басқару сияқты көптеген бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды.

«Көлік құралдарында жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау талаптарын бұзған кәмелетке толмаған жолаушылардың ата-аналарына өз балаларын тәрбиелеу, оқыту және құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды», - делінген хабарламада.

Хабарланғандай, бұған дейін Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен туыстарына оқу жылының аяқталуы кезінде және аяқталғаннан кейін заңдылықты қатаң сақтау, сондай-ақ мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы өтініш жасаған болатын.

«Көшелерде өзін-өзі ұстау және жол қозғалысы ережелерін сақтау талаптарын елемеу қайғылы салдарға әкелетінін еске саламыз», - деп ескертеді ІІМ.

Пікірлер