Ұлттық құрылтай – ауқымды жобалардың бастауы

5391
Adyrna.kz Telegram

Жуырда Астанада ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бір топ журналистермен кездесіп, Атыраудағы III Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің іске асу барысын баяндады.«Ұлттық құрылтай елдік мәселелерді талқылайтын алаңға айналып келеді» деді сөз басында Ерлан Тынымбайұлы.

Орталық Азияда, туыстас елдердің ішінде Ұлттыққұрылтай іс-шарасы қырғыз елінде де жолға қойылған екен. Алайда оларда атаулы ауқымды іс-шарадан соң нақты атқарылатын жұмыстар механизмі жолға қойылмағанға ұқсайды. Ол жағынан алғанда Қазақстан тәжірибесі әлдеқайда ұтымды екені аңғарылады. Мысалы, Ұлттық құрылтай мүшелері іс-шарадан бірнеше ай бұрын министрлермен, басқа да лауазымды тұлғалармен кездесіп мәселелерді алдын ала айтады. Өз кезегінде мемлекеттік органдар бұл ұсыныстарды пысықтап, өз позицияларын айқындайды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, әлбетте, қабылданатын заң жобалары, осыдан іске асатын бағдарламалар, атқарылатын іс-шаралар тізімі, жоспары бекітіледі. Бұл күнде жыл бойына атқарылатын жұмыстар қызу жүріп жатыр.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың нәтижесі бойынша биыл жыл соңына дейін 9 заң жобасы қабылданбақшы. Осы күні оның 3-еуі қабылданды. Атап айтқанда, «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі түзетулер», «Шегуге келмейтін темекі өнімдері мен вейптерге тыйым салу жөніндегі түзетулер», «Мемлекеттік наградалар туралы түзетулер» деп аталатын заң жобалары қабылданды.

Енді алдағы уақытты «Ойын бизнесі, лотарея қызметі және лудомания мәселелері жөніндегі түзетулер», «Есірткі өндірушілері мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін саралау жөніндегі түзетулер», «Вандализм және табиғи обьектілерді қорғау жөніндегі түзетулер», «Ономастика мәселелері туралы түзетулер», «Археология саласындағы түзетулер» деп аталатын заң жобалары күшіне енеді. Оған дейін атаулы заң жобалары бойынша қызу пікір-таластар, талқылаулар өтуде.

«Даулы тақырыптардың бірі – ономастика саласы. Әлі күнге белгілі бір жүйе, реті жоқ. Рушылдық пен жершілдік көріністері жиі байқалады. Ауыл, көше атаулы тек кісі есімдерінен тұрмауы керек. Тәуелсіздік, Достық сияқты қастерлі ұғымдар да насихатталуы керек. Бүгінде сол жағы қалып барады.» дейді Ерлан Қарин.  

Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің бірі мектеп жасындағы балалардың бойына сіңірілетін құндылықтар. Ол қандай құндылықтар болуы мүмкін? Отаншылдық, ұлттық тәрбие, білім, еңбекқорлық, көркем мінез және тағы басқа. Әлгіндей құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін тұжырымдама қабылданып, әдіс-тәсілдері ойластырылып, әдістемесі жасалса, қандай керемет болар еді.

Түйіткілді мәселелердің біршамасы археология саласына қатысты. Археологиялық нысандар түрлі жер байлығын қазумен айналысатын кеніштердің иелері, ғимарат және жол құрылыс саласыкомпаниялары тарапынан зиян шегуде. Бұған дейін Алматы облысындағы Арқарлы петроглифтерін өз тарихына немқұрайлы қарайтындар құрылыс материалдары ретінде бұзып алып кетіп жатқаны туралы ақпараттар толыссыз шыққан еді.

«Түрлі құрылыс немесе қазба жұмысы компаниялары өздері басқа атпен археологиялық зерттеу орталықтарын ашып алып, тарихи нысанда жұмыс істеуге өз-өздеріне рұқсат беріп келді. Археология мәселелеріне арналған заң жобасы аясында мұндай келеңсіздіктерге тосқауыл қойылады» дейді Мемлекеттік кеңесші.

Расында, археология туралы заң қабылданатын болса, мұндай мәселелерге нүкте қойылар еді.

Кездесу барысында кейінгі жылдарда анықталған жаңа деректер негізінде Қазақстан тархының 7 томдығы жазылып жатқаны тілге тиек етілді. Бұл жобаға 5 ғылыми  институт, 250-ден астам отандық, 60-тан астам шетелдік ғалым жұмылдырылып отыр.

Тағы бір сүйінші жаңалық, Жошы хан туралы 6 сериялық деректі-драмалық телехикая түсірілмек. Алтын Орда империясының даму кезеңдеріне тұспа-тұс келетін Жошы хан өмірі туралы телехикая түсірілімі осы жылы күзде басталмақ.

2024 жылы Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толады. Атаулы жоба мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тарихын көрермен санасына сіңіретін туынды болмақ.    

Пікірлер