“Оқушыларға тамақ қалдықтарын берген”. Зерендіде асхана аспазшылары шағым түсірді

1022
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысы, Зеренді ауылындағы орта мектептің аспазшылары жаға ұстатар жайтпен бөлісті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Зеренді ауылындағы №1 орта мектептің аспазшысы @nayzakokshe редакциясына асханадағы жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айынан сәуір айына дейін жалға алушының (мектеп асханасының меңгерушісі) нұсқауымен қызметкерлер бірінші ауысымнан қалған тамақты жинап, кейін екінші ауысымның балаларына беріп отырған. «Кешеден қалған» өнімдер мұздатқышта сақталып келген. Сондай-ақ, кәсіпкер аспазшылардың жалақысын төлемеген және зейнетақы қаражатын да есептемеген.

Аспазшының айтуынша, ол прокуратураға хабарласқан. «Асханада қалдықтарды пайдалану фактілері жарияланғанымен» тексеру жабылды.

Аспазшылар күн сайын балалар ішпеген сүтті шелекке құйып, сумен сұйылтып, келесі ауысымның оқушыларына беруге мәжбүр болған. Қалған котлеттерді, нан-тоқаштарды, палауды тоңазытып, бір аптадан кейін балаларға қайта беріп отырған.

Шағымын жеткізген Зеренділік аспазшы-әйел тексеру жүргізуді сұрап, жалақыларын төлеуді талап етуде.

Мектеп басшылығы ешқандай заңбұзушылық табылмағанын айтты. «Дұрыс тамақтанбады деген айыптаулар негізсіз» деп атады.

Зеренді аудандық білім бөлімі қызметтік тексеруді бастады.

Пікірлер