Тасқынбай. Су тасқыны кезінде өмірге келген сәбидің жағдайы белгілі болды

1213
Adyrna.kz Telegram
Фото: Атырау облысының ТЖ жедел штабы
Фото: Атырау облысының ТЖ жедел штабы

Құлсары тұрғыны тасқын кезінде өмірге келген ұлын "Тасқынбай" деп атап кеткен, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Атырау облыстық жедел штабы тасқынның ең қауіпті тұсында өмірге келген баланың жағдайы жақсы екенін айтады.

Жұлдыз Жандосқызы төтенше жағдай кезінде алғаш рет ана атанды. Жас ана босанғаннан кейін бірден Құлсарыдан эвакуацияланған.

"Толғағым қысып Жылыой аудандық ауруханасына сағат 00.00-де түстім, ұлымды 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні дүниеге әкелдім. Балам үшін аздап қорқынышты болды, бірақ дәрігерлер бәрі жақсы болады деп сендірді. Мен және тағы бір босанған әйел бірнеше сағаттан кейін Бейнеуге көшірілдік" , - деді жас ана.

Бұл Жұлдыз Жандосқызының алғашқы сәбиі. Баланың атасы мен әжесі оны Бекзат деп атауға шешім қабылдаған. Дегенмен сәби тасқын кезінде өмірге келгеннен кейін, оны туыстары "Тасқынбай" деп атап кеткен.

"Жылыой аудандық ауруханасының дәрігерлеріне сын сағатта жанымызда болып, ұлым екеумізге күтім көрсеткені үшін алғыс айтамын. Тіпті, Бейнеу қаласына эвакуациялау кезінде де жанымызда бірге болды. Бейнеулік дәрігерлерге, шығарылғанға дейін көмек пен қолдау көрсеткені үшін көп рахмет", - деді жас ана.

Су тасқыны кезінде жас отбасының үйі зардап шеккен жоқ

Пікірлер