Шыңғыстау жылаған күн. (Ақын досты азалау)

2628
Adyrna.kz Telegram

Кеше ақын, Семейде шығатын "Абай" журналының бас редакторы Мұратбек Оспанов қайтыс болды. Ақын қазасына орай кеше жарияланған Бауыржан Омарұлының жазбасын назарларыңызға ұсынамыз. 

Бүгінгі сәскеден бері Абай елін мұң басып тұр. Қара өлеңнің қағбасы қоныс тепкен қасиетті мекеннен тағы бір шайыр кетті. Біржола кетті. Келмеске кетті. Өзге өңірдің ақыны болудың жөні басқа да, Абай туған топырақтың ақыны атанудың жолы бөлек. Жөргекте жатқаныңда жырға шомылдырып алатын Шыңғыстаудың шайыры болған соң, шөпті де, шөңгені де өлең қылуға мүлде қақың жоқ. Бұл ақын да солардың сойынан-ды. Қазақтың ең мықты жыр жампоздарының өзіне "сөзінің бірі - жамау, бірі - құрау" деп қатаң талап қойған ұлы Абайдың өскен өңірін өрісіне айналдырған Мұратбек Оспановтың өлең өлкесіндегі жорға жүрісі қалың оқырманға мағұлым-дүр. Сол Мұратбек түс әлетінде бақиға аттанды. Жүрегіне салмақ түсіпті. Жырының бәрін жүрекпен жазғандыкі шығар.

Сонау студент кезімізде қатар оқыдық. Кей жылдарда бір бөлмеде тұрдық. Ақын еді. Арқалы еді. Асау еді. Арқандауға көнбейтін еді. Бесінші жатақхананың шегіркөз комменданты Любовь Шаламай таң атпай матрацына қосып, көрпе-төсегін көтеріп кеткенде, еш саспастан бос кереуетінің тұсында ілулі тұрған сергелдеңі көп Сергей ақынның сұлу суретіне қарап отырып:

Бос жатыр менің төсегім,

Бозадан болды-ау кеселім.

Не дейін саған, Есенин,

Не дейін саған, Есенин?!, -

деп жырлаған маңғаз Мұратбек қой бұл... Шын ақын-ды. Шынайы жазатын-ды. Өлеңнің мөлдір тамшыларынан моншақ түзетін. Таңғы шықтай таза жыр кестелейтін. Тұнық тұмадай табиғи шиғырлар ширатылып төгіліп жататын оның қара қаламынан. "Үзбеші гүлді, үзбеші гүлді, Өмірден оның үміті бар ғой. Анығын білмей сүймеші қызды, Жігіті бар ғой, жігіті бар ғой...", - деп қиылған жаны нәзік шайырдың ішкі әлемі де ізгілік пен инабат иірімдеріне толы еді.

Сонау бір жылы КазГУ-градқа әкесі Қабиден ұлын іздеп келді. Бір-бірінің аузынан түсіп қалғандай екен. Ұқсас болғанда да тіпті енді... Тек біреуі тынбай өлең жазады. Екіншісінің өлең-сөлеңде шаруасы шамалы. Сөздері ірі болғанымен, өздері жұқа, мінездері сыпа, мойындары қылқиған екі Оспановтың өң-келбетіне, қарым-қабілетіне біраз бойлап көрсем де, басқа пәлендей айырмашылық таба алмадым.

Мұратбектің мына бір шумағын бүкіл студенттер қалашығының жырқұмар тұрғындары жатқа айтатын:

Ақын дейміз, өлең дейміз, жыр дейміз,

Жырымызды жыртып тастап жүр кей қыз.

Татып алсақ, талантпыз деп шығамыз,

Тақым қысып, неге тыныш жүрмейміз?!

Сөйтіп, өзі ноқтаға басы сыймайтын адуын асаудың бірі болса да, басқа шайырларды сабырға шақыратын. Сауға сұрайтын. Ара ағайындыққа келетін. Ақындық өнерді киелі санағаннан шығар.  Бірақ өзі титімдей екеніне қарамастан, сондай шақар. Әлгі бір жырын жыртып тастап жүрген жырпылдақ қыздарға ешқашан есесін жібермейді. Қарауылдың қара баласы қыз-қырқынның да, жігіт-желеңнің де артық-ауыс қылығын қалт кетірмей, қағыта қарпып келіп қалады. Қарпи да, тарпи да білетін ол. Сол әуеннің бірі мынау:

Сен күлмеші, күлмеші, намыстанам,

Сендейлердің күлкісі таныс маған.

Талай-талай тарқылдақ-барқылдақтар,

Күлкісімен жанымды жаныштаған...

Иә, оның жаны талай жанышталды. Тынышталғанша түйрелді. Түйрелген де, күйрелген де шығар. Күлкілерден де, түлкілерден де зәбір көрген болуы мүмкін. Ана бір жылдары Абай ауылының баласы, "Абай" журналының бас редакторы Мұратбек ақын ірі қалаларға да ара-тұра ат басын тіреп қоятын. Жұқалтаңдау журналына қаражат іздейді. "Сендер барда, тендер бар", - деп, құзырлы мекемелерге де бір соғып қайтады. Бұйырғаны болса, алады. Ал енді бұйыра қоймаса:

Бермесең, бермей-ақ қой лоттарыңды,

Бәзбіреу билеп тұр ғой көп дарынды.

Өлтірмей өлеңіммен асырармын,

Әртүрлі әлеуметтік топтарымды, -

деп әндетіп, қара өлең мен қара суды қанағат көріп, ауылына жол тартады. Абайына аттанады. Семейіне сырғиды. Қарауылына қайтады. Өмір бойы сол өлкені мекен етті. Ешқайда жылжыған жоқ. Сол өлкеде тыныс тапты. Тыныштық тапты. Тылсым тыныштық. Мәңгілік тыныштық...

Тыныштық демекші, Тыныштықбек көке, Сырбаз Семейдегі ақындар армиясының белгілі баһадүрінен айрылыпсыз... Арғымаққа оқ тиіпті. Алдымен сізге көңіл айтамыз. Өзіңіз басқаратын Шыңғыстаудың шайырлар шеруінің бір сарбазы кем болатын болды енді...

Алдыңнан жарылқасын, Мұратбек! Мұңай, мұңай... Бүгін мұңаятын күн, шерлі Шыңғыстау...

 

Бауыржан Омарұлы 

 

 

 

Пікірлер