Бақытжан АЛДИЯР: Баяғыдай... Сол баяғы, баяғы,  Білдей ақын болдым ақыр аяғы..

4821
Adyrna.kz Telegram
Бақытжан Алдияр 1974 жылы 20 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Турбат ауылында дүниеге келген. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірген. Шығармалары төрт ұжымдық жинақта жарияланған. 1998 жылы «Жібек жолы» баспасынан «Көзайым» атты жеке жыр жинағы жарық көрді.
Көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың және республикалық «Серпер» жастар сыйлығының иегері.
 

Орыс тілі апай (баллада)

Тумай жатып бәрін білген бәленің,
Бәтеңкесін теріс киген бала едім.
Өзіме тән бар болатын дүнием,
Өзіме тән бар болатын әлемім.

Тіршіліктің тауып жүрген есебін,
Тірі жанның бәрімен де дос едім.
Шаңын қағып жүретінмін көшенің,
Көршіміздің ұрлап мініп есегін.

Ұқсамаса ұқсамасын жорғаға,
Екеумізді шақыратын жол ғана.
Есениннің жатқа оқитын өлеңін,
Есегіне теріс мінген сол бала.

…Қара шашы секілденген қара түн,
Былайғы жұрт біле бермес көп атын,
Сол ауылда әрі әдемі, әрі жас,
"Орыс тілі" апайымыз болатын.

Жүрегіне қадалғандай сан ине,
Мұңлы көзбен қарайтын ол фәниге.
Өзіне сай бар еді ішкі есебі,
Өсегі де таусылмайтын әрине.

«Аңғал қыз-ай, алданған ғой» десе ауыл,
Сол кездегі аңқау бала, асау ұл,
«Кім алдайды, неге алдайды, неге деп
Ойға батып кететінмін неше ауыр.

Бала қыздай кей мінезі күлкілі,
Иіссудің бар еді онда түр-түрі.
Көп ойланып апайыма содан мен
«Ғашықпын» деп өлең жаздым бір күні.

Алшысынан түсті деп ем асығым,
Ертеңіне сабақтан соң жасырын,
Іштен жауып мұғалімдер бөлмесін,
Мені оңаша алып қалды «ғашығым».

Сосын...
Сосын көзбен қарап сәл мәнсіз,
Бауырына басып мені қорғансыз,
«Баласың ғой, не білесің?-деді де,
Ағыл-тегіл жылады-ай бір армансыз.

Жылады-ай бір, жылады-ай бір жанымен,
Жүрегінен жас боп аққан қанымен.
Сондағыдай мұңға толы қарасты
Ешкімнен де көргенім жоқ әлі мен.

Жан-жағымнан соққандай-ақ сан дауыл,
Бәрінен де осы қарас болды ауыр.
Содан кейін ешкім көрген жоқ оны,
«Орыс тілі» апайынсыз қалды ауыл.

Мен білмеймін қайда екенін, мекенін,
Оны ойласам мұңға батып кетемін.
Бір он жасқа есейдім мен сол күні,
Сонда ұқтым мен ғашықтықтың не екенін.

Солай, досым, кімге ұстатсын қасқа-арман?
Әр тағдырда бір құпия астар, мән.
Осылайша менің алғаш өлеңім
Махаббаттан соққы жеуден басталған.

 

МАС АҚЫННЫҢ МОНОЛОГЫ

«Мен ішпеген у бар ма?!» 

(Абай)

Бала – белде, қатын – елде, сор – баста.

Тәңір – көкте...

Бізге уақыты болмас та.

Кімдерменен жүрмедік біз жолдас боп,

Қай жерлерге бастамады жол қасқа?!

 

Қара аспанды тұрса-дағы кім тіреп,

Жағасынан ала түстік сілкілеп.

Көркемдіктің көз жасына көмілдік,

Көрінгеннің көрпесіне бір түнеп.

 

Ұлылыққа бастадық деп сапарды,

Ұрда-жықпен толықтырдық қатарды.

Ұрттап алып, дүнияны ұмыттық,

Ұлы Абай да іше алмаған заһарды.

 

Өтті біздің табаннан да талай сыз,

Атты бізге талай таңдар арайсыз.

Дүрмегіне қалдық елдің ілеспей,

Дүнияуи дертке ұрынған абайсыз.

 

Іштік келіп, іштік келіп талай күн,

Ішірткісі таусылды ақыр маңайдың.

Кейін білдік... Ішқұсалық зарпымен

Ішкен уы басқа екенін Абайдың.

 

Ішейін деп ішпейсің ғой нәлетті,

Сен жүргенде Хаққа құл боп әдепті –

Сенен бұрын егеді жұрт дәнекті,

Сенен өзге пенделердің бәрі епті.

 

Жасын ойнап, қашқанда елдің бәрі ыққа,

Қарсы қарап жүресің сен жарыққа.

Қимайсың ғой өзіңді-өзің қамытқа,

Сыймайсың ғой адам сияр қалыпқа.

 

Қайығыңды шайқаса да қай теңіз,

Қайғылыға бар сұйықтың жәйті егіз.

Мөлдірлікте ұлылық та, у да бар,

Сосын енді... Ішеміз де қайтеміз...

 

Құйыңдаршы!

 

 

АҚЫН ІНІМЕН ӘҢГІМЕ

Ей, көңілі көктем тұнған жас інім!

Бүгін сенің алшы боп тұр асығың.

Мына ғасыр – сенің ғана ғасырың,

Ана сұлу – сенің ғана ғашығың.

Қазір сені айналып жүр бір бақыт,

Сол бақытты алма бірақ ұрлатып,

Тағдырың бар сынап жатқан жасырын.

 

Ей, қияғы қайрылмаған қыран ұл!

Сен таңдаған мына бір жол тым ауыр.

Бұйра басым шерленген жер бұл ауыл,

Жиырма жасым жерленген жер бұл ауыл.

Сол ауылдың кезіп жүріп сортаңын,

Сорқұдыққа тап болар деп қорқамын –

Сорқұдықтың суын ішкен күнә-дүр.

 

Айналайын періштем!

Аяймын ғой, аяп тұрмын сені іштен.

Бұл ауылда жеңіліс көп, жеңіс кем,

Біздер татқан татпашы улы жемістен.

Бұл ауылда күнә батар кезең көп,

Бұл ауылда сыра жатар өзен боп,

Сол күнәні сыра қосып мен ішкем.

 

Ал, мейлі, іштім, кәне, соның пайдасы?

Бұл ауылдың көп сұмдығы, айласы.

Мына бір көл – Жұмекеннің көз жасы,

Су перісі – Жұматайдың Ләйләсі.

 

Көл жағалай өскен мына жекен-мұң,

Қаламынан тамған Тоқаш көкемнің.

Ақ шағала – Мұқаңдардың Музасы,

Ана бір бұлт – сағынышы Төкемнің.

 

Ақандардың ағып өткен жасы боп,

Құлагер жүр тұяғынан шашып от.

Ано-о-оу тұрған – Есенғали ағамның

Құба жалды құнаны ғой басы жоқ.

 

Бұл ауылдың өзгермейді іреңі,

Ақындық пен өнер елі, жыр елі.

Және де оның тұрғындары үнемі

Бірдеңені жуады да жүреді.

 

Бұл ауылдың жоқ ешкімге тарлығы,

Жүрмейді онда хан, қараның жарлығы.

Және де оның «Қаламгердей» бары жоқ,

Барыменен базар қылар барлығы.

 

Өз жолыма үрке қарап тұрам да,

Өзің сынды жөн сілтеймін ұланға.

Аттың басын бұрдың ба ақыр, інім-ай,

Ай, інім-ай, қоймадың ғой... Жүр онда!

2005 жыл. Шымкент.

 

***

Тәтті ерінді тәбәрігім сен едің,

Сәттерімді саған қидым не керім.

Жақсы болған біздің үйге енбегенің,

Жақсы болған саған үйленбегенім.

 

Сен туралы ойламаймын енді әр күн,

Сезімімді өлтіргенсің ең балғын.

Қол ұстасып әлдекіммен қыр астың,

Қоныс басып Шымқалада мен қалдым.

 

Күйдіргенсің, жандырғансың, күйгенсің,

Сүйдіргенсің, қандырғансың, сүйгенсің.

Сенің жаның жылулы енді күйге енсін,

Менің жаным күлуді енді үйренсін.

 

Өмір мені көшіруде, көшуде,

Өмір сені кешіруде, кешуде.

Менің қызым сенен тәтті, әдемі,

Сенің ұлың маған тартып өсуде...

 

Өмір солай, солай өмір, аяулым,

Баяғыдай әлі ұйқылы-ояумын.

Баяғыдай қиялимын, баламын,

Баяғыдай жарымаған жаяумын.

 

Баяғыдай... Сол баяғы, баяғы,

Білдей ақын болдым ақыр аяғы.

Жұлым-жұлым менің ғұмыр-күнтізбем

Жыртылумен ортасына таяды.

 

Зымырайды, зымырайды қалай күн,

Зілмен тектес күнәсі бар самайдың.

Қызғанышпен қарайсың сен жарыма,

Мен жарыңа мүсіркеумен қараймын.

 

Өткен күннің таппағанмен дерегін,

Өзімді-өзім сендірумен келемін –

Жақсы болған біздің үйге енбегенің,

Жақсы болған саған үйленбегенім...

Солай!

 

Бақытжан АЛДИЯР

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер