Жүрегімнің иесі... (үш көріністі драма)

6682
Adyrna.kz Telegram

Фабуласы: Бүгінде  қызмет қуып жүріп отбасын құруды кейінге қалдырып, қашан кәрі қыз атанып қалғанын білмей қалған қазақтың қыздары көбейіп барады.  Мұндағы пьесада 35 жасқа келіп отырып қалған Дариғаның оқиғасы кеш, түс, таңертең болып, оның 35-30-23 жастары бір күн ішінде суреттеледі. Дариға қиялдан жасап алған мінсіз ханзадасын күтіп жүріп-ақ өзінің бұл хәлге қалай түскенін аңғармай қалады. Пьесада оған кереғар кейіпкер ретінде күйеуге шығып, сәтті отбасын құрып отырған сіңілісі Жансаяның көмегі арқылы кәрі қыздардың психологиясы ашылады.

 Қатысушылар:

Дариға – Тұрмыс құрмаған. Танымал  қонақ үйдің басқарушысы.  35 жаста.

Жансая –Тұрмыс құрған. Дариғаның сіңілісі. 28 жаста.

 

Оқиға кеш, түс, таңертең болып кері қарай өтеді. Кейіпкердің бір күндік өмірі бейнеленгенмен, 12 жылдық өмірі қамтылады.

Бірінші көрініс

 КЕШ

 Қалалық пәтер. Қонақ бөлмесі. Электр жарығы жанып тұр. Сөре толы кітаптар. Жинақы диван мен кресло тұр. Бұрышта үлкен айна орналасқан. Ортада 3-4 адамға жайылған салтанатты дастархан. Жансая ыдыс-аяқ тасып жүр.

Сырттан костюм-шалбар киген Дариға кірді. Қолында ноутбугі, сән журналдары бар. Заттарын қойып, сыртқы киімін шешінді. Түрі шаршаңқы.

 Жансая:  Тұсаукесерің қалай өтті? Қарның ашып қалған жоқ па?

Дариға: (күлімсіреді) Баланың тұсауын кесіп келгендей сұрадың ғой.

Жансая:  Енді...

Дариға: Әпкең енді жай ғана қонақ үй қызметкері емес, элиталық отельдің басқарушысы болып тағайындалды!

Жансая: Құттықтаймын, жаным! Сен оған әбден лайықсың...

Жансая: Таңға дейін жазу жазамын деп, дұрыстап ұйықтамадың да. Баяндамаң жақсы шықты ма?

Дариға: Жақсы шықпаса да жақсы шығарамын ғой. Уфф, шаршадым... Дастарханды тура мен айтқандай жасадың ба?

Дастарханды тексеріп жүр.

Жансая: Ия, кішкене мына жерлерді сүртіп жіберсем болды... Бәрі дайын!

Дариға:  Киімдерім орынында ма?

 

Киім ауыстыруға шығып кетеді.

 Жансая сөрелерді сүртіп жатып ІШІ ХАТҚА ТОЛЫ үлкен хрусталь құмыраны сындырып алды.

 Дариға шала киініп жүгіріп шықты. Сасқалақтап құмыра қалдықтарын жинап жатқан Жансаяны ашуланып жұлқылады.

 

 Дариға: Не істедің сен, Жансая?!

Жансая: Кеш... Кешірші... Мен... Мен... Мен әдейі емес!.. Байқамай...

Дариға: Сколько раз говорила?!  Жансая...

Жансая: Қаз... қазір бәрін жинап...

Дариға: Поздно уже!

 

Дариға оны жұлқыған күйі жерге қарай итеріп жіберді.

 

Дариға: Сен... Оның өмірімдегі орнын білесің ғой?.. Неге түсінбейсің, Жансая? Бұл менің бүкіл әлемім... Бәрі көкке ұшты. Жоқ! Бір мезетте... Оны қанша іздедім. Күттім... Енді? Неге бұлай? Тек мен ғана...

 

Дариға ызаға булығып жылады.

 

Дариға: Сенен қанша рет өтіндім. Тіпті осы құмыраның шаңын да сүртпеші, тиіспеші деп... Неге ұқпайсың?!

Жансая: Мен... жай... оны орнынан қозғап, астын...

Дариға: Жоғал! Көзіме көрінбе!!! Убирайся! Уходи отсюда. Не хочу тебя видеть. Оставь меня!...

Жансая: ...

 

Жансая шығып кетті.

Дариға бөлмедегі заттарды жан-жаққа лақтырды.

 

Дариға: Құрып кетіңдер бәрің!

 

Жансая басқа құмыра алып шықты.

Пауза.

Дариға: Жансая...

 

Жансая: Басталды... Қазір кешірім сұрайды, жылайды. Күнде осы...

 

Келіп  Жансаяны  құшақтады.  

Дариға: Кешірші мені... Кешіресің ғой ия...

 

Дариға ызаланып жылады.

 

Дариға: Тағдырым неге осылай жазылды екен?!. Қай қылығыма берілді? Өмір бумеранг десек, қай жерде шалыс бастым???

Қазақ қызық халық... Қыздарын аялап, мәпелеуден алдына жан салмайды. Төрге отырғызып құрметтеп, сөзін екі етпейді. Ал, сол қыз 20-дан асса болды, тұрмысқа шықпағаны үшін қауым болып, тіпті қоғам болып қыспаққа алады, шектете бастайды. Маңдайға жазылған тағдыр ұғымынан аттап, бәрі қыздың ғана қолында тұрғандай  көреді.

...Аспанда ұшқан құсқа ұзақ қарап сүйсінемін. Бірде жоғары, бірде төмен қалықтап ұшып бара жатқан сәтін жиі елестетемін. Мені түсінбейтін қоғамның көгінде ұшқым келеді.  Қалықтап...

Мен өзгердім... Мұндай емес едім. Бұрында тез жылағыш көңілшек, әлдеқайда мейірімділеу болдым. Бірақ қоғамға бұл қасиеттің бір тиынға да қажет емес екенін ұғындым. Анығын айтсам ұғындырды! Жанымдағы әлжуаз еркектерді көріп, олардың бойынан іздеген қасиеттерді өз ішімнен өндіріп шығара бастадым. Бірте-бірте туа бітті қасиетімдей болмысыма әбден дендеп алды. Ал ол сүмелектер, менен әлі қызға тән қылық күтеді. Бәріне намыссыз, ұсақталған, екіжүзді, әлжуаз еркексымақтар кінәлі!..

Мен сияқты қыздарда, яғни жас дене ішінде өз жанын таптап, есесіне басқаның болмысын құйып алған адамда  қандай іңкәр сезім болуы мүмкін? Ессіз ғашық бола алмаймын. Себебі сезімін ақылға жеңдіре білген адамда  есеп басым болады. Ол аздай, қоғамның, тіпті жақындарымның салған жарасынан қорғану үшін жанымды қалың сауыт қорғап тұр. Тіпті махаббатты да өткізбейді...

Бірақ табиғат өз дегенін жасамай қоймайды екен. Таңғы шайды жалғыз ішу... Тіпті киноға да жалғыз бару... Түнде жалғыз жату... Қанша жерден шаршап тұрсаң да көзіңе ұйқы ілінгенше төсекте аунай-аунай көрпеге оратылып қаласың Сырт көзге сыр білдірмегеніммен, ішім алай-дүлей, Әріптестерім үшін әрқашан төрт құбыласы тең адаммын. Шаршап кетем... Ойлашы өзің,  еңірегенде етегі толып отырған директор қай қызметкеріне қызық болуы мүмкін???

 

Дариға біраз тынышталды...

 

Дариға: Жансая, маған ренжімейсің ғой ия?! Мен мұндай емес едім. Өзім де түсінбеймін... Осылай тез нәрсеге ашуланатын болыппын. 35-ке келдім міне... Қартаяйын дегенім бе... Кешірші... Соншама дастархан жайып күткен де келмеді ғой. Неге келмеді екен а?!. Ылғи осылай себепсіз жоғалып кетеді... Көзіме көрінбейді.

Жансая: Ол...

Жансая өзімен-өзі күбірледі.

Жансая: Осының келіп болмайтын болашақ күйуіне дастархан жаюдан-ақ шаршап біттім. (Дариғаға қарап) Ол...

Дариға: Айтпа! Ол туралы ешкімнің аузынан естігім келмейді. Ол тек менікі. Болды!

Жансая: Бірақ, Дариға...

Дариға: Бүгін тым кеш болып кетті, қасыма қоншы. Күйеуіңе телефонмен ескерт. Балаңды жақсылап қарасын, бір күнге ештеме етпес. Қала шетіндегі үйіңе бүгін жетпейсің. Есесіне ертең демал.

Жансая: Бірақ, күйеуім ренжиді ғой...

Дариға: Ренжігішін! Жүріңдер сол күйеулеріңнің асты-үстіне түсіп, көңілін тауып! Ендеше, менің көлігімді айдап кет. Бірақ  таңертең ерте кел!

Жансая: Қараңғыда... жақсы жүргізе алмаймын... Жарайды, күйеуіме бара алмайтынымды айтып көрейін, ренжісе де...

Дариға: Өзің біл. Мына жердің барлығын тез жинап, алып кетші.

 

Жансая құмыраны ауыстырды.

Есіктің  қоңырауы соғылды.

Дариға орнынан атып тұрды.

Дариға: Келді ме?

Жансая: Бұл кім болды екен?

Дариға: Сен ашшы. Тез!

Дариға өзін тез ретке келтіре бастады.

 

Жансая тесіктен қарады. Дариғаны қолын бұлғап шақырды.

Дариға есікті ашты. Жерде тұрған бір құшақ гүлді мәз болып көтерді.

 

Дариға гүлдерді құшырлана бір иіскеді де құшақтаған күйі айнаның алдында теңселіп біраз тұрды. Далабын алып ернін бірнеше қайтара бір бояды. Шашынының артық жерлерін түзеді. Гүлді алып, телефонына бірнеше рет  селфи жасай бастады.

Жансая: Өзіне өзі жолдаған гүлге сонша шаттанғаны несі?!

 

Дариға: Кішкене жымия қалсаң болды әжім, елки!

Жансая: Бір құшақ гүл ұстап тұрып, қатайып тұрған қызық қой. Жымисаңшы кішкене...

Дариға: А что не так? Вроде фоткаюсь. Нуу  неполучается! Ну ладно сфоткай ты.

Телефонды берді.

Жансая: Ішіңді тарт кішкене... Жыми... Жыми... Екі, үш!

Дариға айнаға теріс қарап тұрып, бақытты кейіпте бірнеше суретке түсті.

Жансая: Қарашы, мына соңғысы дұрысырақ шықты ғой деймін...

Дариға суретті көрді.

Дариға: Фу! Что за вид?! Оказывается мне так неидет. Давай еще раз с другого ракурса. Этот ракурс не мой...

Тағы да бірнеше рет түсті.

Дариға: ну, смотри, смотри кажется получилось. Вот этот фото уже нормальное.

Жансая: Саларда фильтрлардан өткізсең, одан да күшті боласың...

Дариға инстаграмын ашып, лентадағы бірнеше адамға лайк басып қарап өтті де, өзінің соңғы суретін салды. Пост жаза бастады.

 

Пост: Гүлдер өміріміздің...

Дариға: Осы басқа қыздарға ұқсап бір жазып көрейінші. Кейде қызығам соларға...

Дариға жазғанын өшірді де, ойланды...

 

Жансая: Алдындағыдай «Жігітім суретке түсірейінші деп бой бермей қойды» дегендей жазып жүрме, мен тағы да айнадан көрініп тұрмын.

Дариға: Айта бермеші соны мені ұялтып (күлді). Расында да сол ұят болды иә?! Қалайша байқамай қалдым  а?!

Жансая: Қайта 10 минут болмай көріппін...

Дариға: Соның өзінде 500 адам лайк басып үлгеріпті, ал қаншамасы жай көріп, күліп өтті екен?! Ұят-ай... Әй, қойш соны! Әдейі жасаған приколым дей салармын азар болса.

Дариға: Осы жолы сен көрініп тұрған жерді қиып тастадым.

 

Пост:

#ЖүрегімніңИесі мені қуантудан жалығар емес...

 

Постты жариялады. Жансаяға көсетті.

Дариға: Қалай?

Жансая: Вай-вай-вай... Дегенмен мына образыңа жарасатын сияқты...

 

Дариға жиналған шашын босатып, жай ғана буа салды. Үй киімдерін киді. Помадасын сүртті.

 

Дариға: Шай ішейікші. Қызылдап тұрып дайындашы!

Жансая: Қызылдап?

Дастарханға отырды.  Дариға оларды  асап жей бастады.

Дариға: Дәл солай...

Жансая: Диета ше?

Дариға: К черту диету!!! Көңіл-күйім жоқ.

Жансая: Жұмысың дұрыс болмай жүр ме?

Дариға: Сұрақ қоя бермеші... Содан басқа проблемам жоқ дейсің бе? Жалпы менің жұмысымда ешқашан проблема болған емес, бола қалса да сол мезетте шешуге күшім әбден жетеді!

Жансая: Соған бола сонша ашуланғаның не? Жай сұрадым ғой...

Дариға: Сұрамаш ештеңе, сұрамааа!!!

Жансая үндемеді.

Жансая балаларына телефон соқты.

 

Жансая: Алло, қызым?! Қалайсыңдар? Папаң келді ме? ... Тамақ ше? ... Ммм, жарайды ботам...

Жансая мұңая тұтқаны қойды.

Дариға: Оларға күніне 5 рет звондамасаң болмай ма осы? Бақсын анау! Қарасын дұрыстап!

Жансая: Қойшы болды... Онсыз да жетісіп жүргем жоқ.

Дариға: Баланы не үшін туасыңдар осы топырлатып? Өз өмірлеріңді дұрыстап сүре алмай жүріп, олардың да өмірінің күл-талқанын шығарып!

Жансая: Әр баланың өз несібесі болады дейді. Пейілдеріне қарай әлі-ақ бәрі оңалар...

Дариға: Бір ғана баланың тағдыры болса бір сәрі. Өрімдей 3 қыз! Әрине, бірден ұл туыла қоймағаннан кейін жоспарсыз топырлатып туып... Ұлды мұрагер жасайын деп пе едіңдер? Күйеуің қай дəулетіне орынбасар іздеп жүр? 20 жылдық ипотекасына ма, əлде 10 жылдық кредитіне ме? Миллиондап табыс табатын холдингі болса, мақұл-ау. Орта кəсібі болсыншы, хотя бы...

Жансая: Біз жетпегенге, балаларымыз жетер бұйыртса...

Дариға: Одан да күйеуім "кезінде черт болып, жұмыс істемей, мақсатсыз өмір сүріп, бəрін құр өткізіп алды. Енді сол қателікті түзеудің құралы ретінде бала тудық", десеңші. Өкінішке қарай, ол да дəл өзі сияқты жолы болмаған сорлы боп өсуі мүмкін!

Жансая: Неге түсінбейсің сен?.. Балалы үй - базар, өмір оларсыз қызық емес!  Өмірімді оларсыз елестете де алмаймын.

Дариға: Аха, көңіл көтеретін тəсілді тауыпсыңдар! Ол бала көңілің мен көзіңе лəззат сыйлау үшін алдымен инвестиция керек! Тамағын беріп, киімін бүтіндеп, тəрбие, білім беру керек. Ал, оған капец ақша керек!

Әлде, ертең "Ақша жоқ" деген сөзді баласына дəл өзіңдерің сияқты қайталайтын тағы бір "неудачник" керек пе бұл өмірге? Жалпы сендей әйелдерге қарасам жаным ашиды. Не дұрыс демалмайды, маникюр, педкиюр дегеннің не екенін де білмейді!

Жансая: Ел көріп, жер көріп жүрген көзі ашық адамсың ғой.  Тым болмаса, ұлтымның санын көбейтейін деп те ойланбайсың ба осы?

Дариға: Ал сендер точно қазақтың санын көбейткілерің келе ме, əлде, дүкенге нанға, темекіге жұмсайтын, пульт пен зарядканы іздететін құл керек пе? Меніңше...

Жансая: (ашуланып) Саған дауа жоқ екен!

Дариға: Біздің дəл қазіргі қоғамда бала əлдененің құралы ғана. Залетпен күйеуге тиіп алу үшін, отбасын сақтау үшін, туған-туыстың қысымынан құтылу үшін, жалғыздықтан қашу үшін, анау үшін, мынау үшін... əйтеуір "үшін" ғана!

Жансая: Дәл осы пікірлеріңді өзгертпесең сен ешқашан оңбайсың сен! Бейшара...

Жансая бөлмеден жылап шығып кетті.

 

Дариға аласұра бастады. Жылдамдатып басына орамал тақты. Көзілдірігін киіп, компьютер алдына отырды. Басын жоғары көтеріп, көзін жұмып кішкене отырды да жазуға кірісті.

 

ХАТ

Құрметті... (өшірді). Аса мәртебелі... Жаратушы!

Менің ойымды тым болмаса сен түсінші. Неге солай? Адамдар қалай ақымақ? Бәрі бір-біріне ынқтық. Ал менікі...  Ол жоқ! Бір жерден көрінді. Бірақ көре алмадым. Құпия жүреді. Жасырынды. Тек

сұлбасы. Шарам таусылды.  Шаршап, қалжырадым.

Келмейтін болғаны ма?! Бәріне сенуден қалдым...

 

Басындағы орамалын жұлып алып тастады. Принтерден хатты шығарды.

 

Дариға жазған хатын МЫЖЫП-МЫЖЫП бүктелген хатқа ТОЛЫ хрусталь құмыраның  ішіне салды.

 

Ол неге келмейді? Меніңше біздің жігіттерде ішкі комплекс бар. Қыздардан отказ алуға қорқады. Себебі әкесі кезінде «менің балам батыр» деп миына әбден құйып өсірген. Ал ондай ұл ұнатқан қызы бетін қағып жібереді ме деп болжам жасап алады. А вдруг ол сезімін қағып жіберіп, достарына прикол ғып айтады? Ал қыз сымбатты, əдемі, мінезді болса, қорқынышы екі есе көп, əлбетте.

Одан да момақай, түрі де онша емес, көнбіс біреуді көздеп, нысанаға дөп түскен тиімдірек. Тусовкаларда мөлиіп отырған қыздардың күйеуге тез шығып кететінін талай рет көргенмін.

Ал, өзіне не керегенін анық білетін қыздар мұнда нағыз байқұс! Көңілі ауған жігітке сезімін ашып айта алмайды. Себебі қазақта ондай болмаған, ұят! Əрі, қыздың сынып қалғанын білген жігіт тек қана өз пайдасын ойлап уақыт өткізіп, қалағанын жасайды. А вдруг əбден əурелеп, соңында тастап кетеді? Одан да қанша қиналса да, жастық құшақтап жалғыз өткені тиімдірек емес пе?! Мен де қадірсіз қалудан қашамын...

 

Телефон шырылдады.

Телефон тұтқасын көтерді.

 

Дариға: Алло?! ... Иә, тыңдап тұрмын. Қайдан дейді? ... Трейнингті түнде де жүргізетін болғансыздар ма? ...Мхм. Түсінікті... Біріншіден, уақытын ұмытып кетіппін, екіншіден енді қатыспаймын. Мен солай шештім. Айып етпеңіз... Күйеуді сіздердің трейнингтеріңіз арқылы тапсам, ендігіге дейін 10 күйеуге тиетін уақытым болды. ... Жоқ, тізімнен шығарып тастаңыз! Сау болыңыз!

 

Тұтқаны қойды.

 

Хм! Трейнинг дейді ғой! 2 жылдан бері ол туралы диссертация жазатын уақытым болды.  Барлығы солардың ақылына қарап тұрса... Надо же?!.

 

Үстел үстіндегі шақыру билеттегі суретке көзі түсті. Қолына алды.

 

Қасымда жүрген Гүлжанат та тұрмысқа шықты де сонымен... Жұрттың-ақ жолы болғыш. 1-2 ай жүріп, қол ұстасып үйленіп шыға келеді. 3 ай бұрын күйеуі маған келіп тұратын. Ол кезде әлі Гүлжанатты танымайтын.

Біз Дубайдағы отельде таныстық. Таңғы ас ішіп отырғанмын. Дәл мұндай күйді ешқашан сезінбеппін. Қанша тырыссам да өзімді басқарудан қалдым.  Себебі ол жаныма келді!

Ол нағыз жігіттің төресі еді. Екі иығына екі кісі мінгендей накаченный! Иісі ммм.. пряный, обволакивающий! Нағыз еркекке тән өткір иіс. Оны сезгеннен бастап еркімнен айырылып, мас болдым!

 

Жігіт: Виски? Әлде Ром?

Дариға: Виски...

Жігіт әкеліп берді.  

Дариға: Жігітім, мен виски дедім...

Жігіт: Ром!

Дариға: Виски !

Жігіт: РОМ!

Дариға: Виски!

Жігіт: РОМ!

Дариғаның бетіне вискиді шашып жіберді.

Олар қарсыласа биледі.

Дариға: Оңбаған! Қыз деп те аямайды!

 

Да пошел ты  к черту! Екі қошқардың басы бір қазанға симайды.

 

Екеуіңді де жек көрем! Жек көрем! Бәріңді...

 

Суретті жыртып-жыртып тастады.

 

Ойлап отырсам... Бұл өмірден кім жалғыз өтпей жатыр? Жас кезінде жігіттерді әбден сапырған Мэрилин Монро да... Джейн Остин... Коко Шанель... Барлығы да «шын ғашықтар қосылмайды» деген тәмсілді қаузап кеткен бейбақтар. Өздерін солай жұбатудан басқа амалдары да жоқ. Жалпы сол не сөз??? Шын ғашықтар қосылмайды деген рас па? Меніңше, адамдардың барлығы бір-біріне шын ғашық болады. Қосылғасын тұрмыстағы ұрыс-керістер туындап, бір-біріне суына бастайды. Себебі пенде ғой! Пенде пендешілігін жасайды! В-о-оот, сол кезде отырады қиялдап, «негізі «анааау» шын ғашығым болған, соған қосылғанымда ғой...» деп. Себебі онымен ұрсысып үлгермей қалған ғой))) Как буд-то сонымен қосылса түк ұрсыспайтындығына, өмір бойы қызығының бітпейтіндігіне біреу кепіл болып тұрғандай. Қызық!.. Сосын екі күйеумен өмір сүреді. Бірі тек миында, екіншісі жанында жүреді. Сонда... Қайсысы өмірлік жар?

 

Бірде анамнан сенімді өмірлік жарды қалай табуға болады деп сұрағанымда: Қызым, Жаратқан шын мәнінде пендесінің маңдайына өзіне тиесілі тағдырын жазып қойған. Имандыға иманды, зұлымға зұлым, жалқауға жалқау жар кез болады. Сен ең алдымен өзіңді дамытуға тырыс. Күйеу іздеме, өзіңді ізде, өзіңе не керек екенін түсін, сонда жақсы күйеудің өзі сені іздеп табады, - деген еді. Мен осы сөзді жадымда ұстап, көңіліме тоқыдым. Ал сен қандайсың сонда? Мені неге таба алмай жүрсің? Бәлкім... қиялымда ғана қалғаның дұрыс шығар... Қолдарың қандай қуатты еді... Көзіңдегі мейірімділікке шомылғым келеді...  Деміңе еріп барамын... Ішіме мыңдаған көбелек ұя салып алғандай. Жан дүниемді шымырлатып...  Өзіңмен бірге алып кетші... Басқа әлемде өмір сүрейік. Бірге...

 

Пауза.

 

Майысып қалды. Өз-өзіне қарап қысылып, төмен қарағыштай береді. Өзін жігіттің алдында тұрғандай сезінді. Еркелеп тұр.

 

Өзің ғой енді... Сен мені жылата бермеші. Мен те-е-ез Ленжіп қалам... (төмен қарады)

Пауза.

Қыдырайықшы... Ммм... Мысалыыы?.. Шулы жерден жалығып кеткем. Одан да мысалы, паркке. Тып-тыныш саябаққа. Екеумі-і-з ғана. Қол ұстасып...

О-ой, өмірі сүйтесің... Неге?

Келші! Одан да билейік.

 

(Бидің бас жағы баяу болғанымен, жартысы cтрептиз гоу-гоу биіне жалғасады.)

 

Музыка ойнап тұр. Сахнаға көк түсті жарық жанды.  Жұқа  пеньюар киген Дариға билей бастады. Жігітті биге шақырды. Махаббат. Ынтық сезім. Жігіт кетті.  Жарық көмескілене бастады. Музыка дауысы ортайды. Дариға үстелдердің астына кіріп бүрісіп жатты.

 

Екінші көрініс

 

ТҮС

Дариға 30 жас шамасында. Бөлме қайтадан жарық болды. Дариға үстелдің астынан шықты.

 

Дариға: Үстелдерді үстіме үйіп тастағаны несі? Денемнің бәрі ауырып тұр. Мен не істеп жатыр едім өзі... Ааа, ас үйге обед ішуге бара жатыр едім ғой. Аяғым... сынып қалған ғой деймін. Ақсаңдап жүріп оны қалай қарсы аламын сонда?  Жоқ... сынбаған сияқты... Онда неге ауырып тұр а?! Бәрі сенің кесіріңнен! Қарашы сен үшін өзімді тағы құрбан еттім...

Жансая?! Үйдесің бе? Әкелген азық-түлікті көрдің бе? Кешке дейін үлгермей қалмайық. Дастархан дайын болмай ұят болмасын! Кешегі айтқаным бойынша турай бер салаттарды. Жоқ, тұра тұршы. (орнынан атып тұрып, өз-өзіне сұрақ қоя бастады) Ол өзі қандай салаттарды ұнатушы еді???

Балық қосылған?..  Қосылмаған?..

Балық жеген жақсы ғой. Денсаулыққа пайдалы. Қосылғанын ұнатқаны дұрыс... Жансая, балық қоса бер. Басқа да тамақтарыңды да дәмділеп жасарсың...

 

Теледидар қосты. Арналарды ауыстырып көрді де, өшіре салды.

 

Бүгінгі көңіл-күйіме сай ештеңе жоқ екен. Тіпті муз.каналдардың өзі  как то... траурный... мұңды. Бәріне не көрінген?!.

Күткен адамым келе жатыр. Одан асқан бақыт бар ма?! Жанса-а-я, менен көмек керек пе?

(өзімен өзі)Әй, бірақ асхана жағы қолымнан келе қоймас.

Жансая, кешке дейін үлгермей қалмайық әйтеуір...

 

Жаңылтпашын көңілдене бірнеше қайталап айтты.

 

Хан баласы ханзада

Болды ғашық ханшаға.

Алып ханнан хабар,

Ханшайымды табар.

 

Телефон шырылдады.

Алло! Иә... Сәлеметсің бе? ... Түсіндім. Нұржан, оны кешегі айтқанымдай жасаңыз! 25-не жиналыс жасаймыз. ... АҚШ-пен әлі байланысқа шықпадыңыз ба? Не істеп жүрсіздер осы кезге дейін? ... Ок! Өзім сөйлесіп, басшылыққа бір хабарын беремін.  Жақсы! Нұржан, тапсырмаларды тыңғылықты атқарып үйреніңіз! ... Көріскенше!

 

Тұтқаны қойды.

 

Сондай мелочтарды маған айтпай-ақ қойса да болады ғой. Жоқ, міндетті түрде айту керек, мазалап...

Таа-а-к, қуанышымды қай құрбыма айтып мақтансам екен... Гүлсім! Ой, бірақ ол баласының қылығы мен енесін жамандағаннан басқа әңгіме білмейді. Одан да... Маржан! Бірақ ол тағы жан-жануарларды қорғауға арналған конференциялардың бірінде отырған шығар... Назерке қалай тоқал болып жүргенін айтып аузы босамайды. Қойш соны... Басқа кім бар еді өзі... Қатар-құрбы да қалмады...

 

Телефон шырылдады.

 

Тағы қайсысы...

Алло! Аха, қалыңыз қалай? ... Менде бәрі ойдағыдай. ... О-о-о, дұрыс болған екен. Не жаңалық? ... Ммм... Ертең дейсіз бе? Барлық туысқандарды шақырсаңыз тіптен жақсы болған екен. Шүйіркелеспегелі көп болды.... Сіздің бауырсағыңыз бен бешбармағыңыздың дәмі әлі таңдайымнан кетпей жүр ғой. ... Уақыт болса, баруға өте қатты тырысамын, апай. ... Сіздер де мен жаққа келіп қайтыңыздар. ... Кешке үнемі үйдемін ғой. ... Аха, Жақсы! ...

Сау болыңыз!

 

Телефон тұтқасын қойды.

 

Қалаған адамға уақыт әлбетте табылар. Бірақ мен бармаймын. Себебі әрқайсысының «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақтарынан әбден жауыр болдым. Бас-басына көрген сайын қайталап сұрай береді, сұрай береді... Как будто я все реша-а-аю и все в моих руках!.. Ооо, одан қалса ескі дәуірлерден қалған барлық жалғыз басты еркектермен таныстырғыш... Өзімді жер бетіндегі өтпей жүрген ең соңғы қыз сезініп кетем ондай кездері. Аузынан сөзі, үстінен бөзі түсіп қалған небір жігіттерге телефон номерімді беретінін қайтерсің?! Ол байқұстар тұрады сосын, хал сұраудан ары аса алмай. Ондайлармен бірден қоштасамын. Good bye! Еркек – еркек сияқты болу керек!

 

Қолында тақтай, пышағы бар, аяғыауыр Жансая келді.

(Дариға диванға отырды. Косметика журналдарын парақтады.)

Мысалы, мына жігіттердей сымбатты, қарасаң көз тоярлық! Мужественный! Біреуге мынау менің күйеуім дегенде де ұялмай көрсететіндей...

Парақтардағы иіс сулардың пробниктарын қолымен үйкеп иіскеп, рахаттанды. Әр парағын ашып иіскеді.

Жансая, мына журналдың жаңа санына тапсырыс бере ғойшы. Иістері кете бастапты....

Қолында тақтай, пышағы бар Жансая келді. Дариғаның жанына отырып турай бастады.

Жансая: Осы неге еркектерге арналған иіс судың бір флаконын түгел сатып ала салмайсың?

Дариға: Біреу көріп қойса ұят? Еркегі жоқ үйде иіс суы неғып тұр деп ойлап қалмай ма?

Жансая: Тығып иіскеп жүр.

Дариға: Ол біткенше жалығып кетпеймін бе ол иістен? Жалпы бірнәрсені ұзақ уақыт тұтынсаң, одан шаршап, жалығып кетесің ғой. Осы сендерде күйеуге тиерде одан жалығып, басқа біреуді ұнатып қалсам қайтем деген қорқыныш болған  жоқ па?

Жансая: Шын ғашық болып тұрмысқа шықсаң ол ой миыңа да келмейді.

Дариға: Не нәрсеге болса да қанша жерден ынтығып, ұнатып тұрсаң да, қолың жеткен күні арман да өледі дегендей, бір күні қызығы таусылып, көңілің суып қалуы мүмкін ғой...

Жансая: Жас жұбайлардың қызығы таусылмайды, себебі уақыт өте келе жай ғана күйеу емес, бауырың сияқты болып кетеді. Махаббат үлкен бауырмалдылыққа айналады.

Дариға: Білесің бе, меніңше жігіттер барахолкада сатылып тұратын көйлектер сияқты.

Жансая: Қалай сонда? (күлді)

Дариға: Есіңде ме студент кезімізде стипендия түскен бойда барахолкаға қарай ұшатын едік қой.  Мен сонда бір көйлекті бір күн бойы аралап іздеп жүретінмін. Біреусін табасың қымбат, қалтаң көтермейді кедей қыздарды жақтырмайтын тым бай жігіттер сынды. Енді біреуінің моделі келсе, түсі жараспай қалады, яғни ақылды, бірақ түрі онша еместер, енді бірінің саған шақ көлемі табылмайды. Яғни жасы тым үлкен ағайлардың  сөз айтатыны сияқты. Біреуінің моделі де, түсі де, размері де ойдағыдай болғанымен, киіп көрсең бірсұмдық, өзіңді дискомфорт сезінесің. Ондай жігіттер де көп болды, білімі, ақылы, түрі, қалтасы сай келіп тұрғанымен, жақын араласа келе әйтеуір тартпайды, қарым-қатынаста гармония таппайсың.

Жансая: Теңеулерің қызық екен.   Бұның дәл барахолкаға қандай қатысы бар сонда?

Дариға: Ең қызық жері сонда, барахолка тым үлкен ғой, таң атқаннан бастап күн батқанша қайдан кіріп-қайдан шыққаныңды білмей аралай бересің, аралай бересің, бұдан да жақсысы табылатын шығар деген үмітпен жарасап тұрған көйлекті алмай жүре бересің, жүре бересің... Кеш батып, саудагерлер жинала бастаған сәтте тапырықтайсың кеп. Не  бағана жарасқан көйлектерді қайтып барып таппайсың, не қайтадан басқасын іздейтін уақыт жоқ.

Жансая: Пысық, ақылды қыздар бірден шешім қабылдап алып кеткен болар (күлді) .

Дариға: Солай сияқты...   Болайын дедің бе?

Жансая: Турасып жібермесең бітпейтін түрім бар.

Дариға: Давай, қайсысын?

Жансая: Міне...

Дариға:Үшбұрыштап турайын ба?

Жансая: Иә, Солай.

 

Пауза

 

Дариға: Жансая, сезесің бе мен сондай бақыттымын! (Кенет есіне бірдеңе түсіп кеттті) Қазір...

 

Дариға орнынан тұрып, компьютер алдына жайғасты. Жан-жағынан іздеп орамалын тауып, басына салды. Көзілдірігін киді. Басын жоғары ұстап көзін жұмып біраз отырды да жазуға кірісті.

 

ХАТ

Құрметті, жаратушы! Құдіретіңнің арқасында

Шексіз бақытқа ие болайын деп отырмын.

Рахмет, саған! Тек... Тек ұзағынан сүйіндір...

 

Принтерден шығарды.

Хатты әдемілеп бүктеді. ЖАРТЫЛАЙ ХАТ ТОЛҒАН хрусталь құмыраға апарып салды. Орамалын әспеттеп шешіп қасына қойды.

Оны көрген Жансая басын шайқап мырс етті.

Дариға столға келіп, салат тураса бастады.

 

Пауза

 

Дариға: Көп күттім, өте көп...

Жансая: Қонақтар тезірек қайтатын шығар...

Дариға: Тіпті жарты өмірім өтті десем де болады.

Жансая: Өмір әлі алда ғой...

Дариға: Саған солай боп көрінуі мүмкін. Күйеуің, балаң бар.

Жансая: Күн суытты. Жылы аяқ киім алып беру керек еді.

Дариға: Оны күткен әр уақытымды пайдалы іске жұмсағым келді. Нәтижесінде...

Жансая: Баламызды ештемеден кем қылмай өсіргіміз келеді.

Дариға: Нәтижесінде сабақ пен қызметке алдануға тырыстым. Студент кезде ДАЯШЫ, жоғарғы курста – АДМИНСТРАТОР, магистратурада – АТҚАРУШЫ МЕНЕДЖЕР,  міне БАС МЕНЕДЖЕР  болдым. Бәрі жалғаса берді оны күте-күте. Міне...

 

Жансая: 30 жас!  Оқыған деген жақсы ғой. Біз күйеуіміз екеуіміз колледжден ары оқымадық, күйбең тірлікпен...

Дариға: Бірдемеден құр қалатындай күйеуге тиіп, оқуды тастап кеткен өзіңнен көр. Сен жоғарғы оқу оқысын деп анша тырыстым.

Жансая: Балам үйге мысық әкелген екен, тамақ жемей қалыпты.

Дариға: Өмір осылай болады деп кім ойлаған?..

Жансая:  Әлі жаспын ғой. Оқып алсам болады.

Дариға: Баланы кем қылмай өсіргіміз келеді емес, өсіруге міндеттісің!

Жансая: Ертең жолдасым үйде монша жағып қоямын деді. Моншаға түсіп кет!

Дариға: Ботокс жасатқан беттерге моншаның болмайтынын білесің ғой...

Жансая: Ботокс салдыра бергенше, экомен бір бала салдырып алсаңызшы...

Дариға: Қойшы, сосын әкемнің бетіне қалай қараймын?!

Жансая: Онда асырап...

Дариға: Неге бүгін тым ақылды болып кеткенсің, Жансая! Басым жерге жетіп тұрған жоқ, небәрі 30-ақ жастамын. #ЖүрегімніңИесіне тұрмысқа шығып, өзім-ақ босанамын!

Жансая: Бүгін ғана көрсем де күйеуімді сағындым... Үйге кеткім келіп тұр.

Дариға: Спорт залындағы тренерім бала көтергісі келетіндер ішке прессті көп жасай бермеу керектігін ескертті.

Жансая: Кейде өзім де түсінбеймін, соның қай жерін жақсы көретінімді. Білімі де жоқ, түрі де онша емес, мінезінің де оңып тұрғаны шамалы, не ақша таппайды...

Дариға: Туылатын балаң да әдемі болу үшін, сымбатты бойы ұзын жігітке тию керек...

Дариға шаттана орнынан тұрды.

 

Білесің бе, оның бойы менен... Міне, мынадай ұзын  (қолымен көрсетті).

 

Жансая: Саған  орташа бойлылар ұнаушы еді ғой.

Дариға: Жоқ, ойым өзгерді. Тура Гауһардың күйеуіндей ұзын болса екен деймін. Жігіттің ұзын болғаны жақсы екен.

Жансая: Қызық...

Дариға: Көздері со-о-ндай мөп-мөлдір. Қыр мұрынды... Ал қолдары қандай әдемі десеңші. Кейін неке жүзігін таққанда одан сайын әдемі көрінетін болады. Бірақ ол тым сымбатты болып кетсе, мен қызғанамын. Себебі қазір қыздар өздері жүгіреді жігіттің артынан. Сосын басын айналдырып үйленіп алады. Тренингте соның бәрін үйреткен, тек мен оларды жасағым келмейді.

Жансая: Неге?

Дариға: Ну-у, білмеймін. Шындап қаласам жасай аламын. Бірақ, білесің ғой, маған қандай жігіт керек екенін?! Біреуі тым жуас, бірінің түрі онша емес, енді бірі кедей... Оған тағы ЖМОТтарды қос.

Жансая: Кедей?

Дариға: Иә, кедей! Құдай-ау, 30-ға келгенше астында арзандау болса да бір машинасы жоқ жігіттен ары қарай не күтуге болады?

Жансая: Кедей байымай ма, бай жарлы болмай ма? Онда тұрған не бар? Керісінше сенде бар олар...

Дариға: Иә, бар. Ал ондайларға қосылсам үйде матриархат орнайды! Кім көбірек айлық алады, билік бәрібір соның қолында. Оны кез-келген еркек іштей болса да мойындайды.

Жансая: Мүмкін...

Дариға: Сондықтан, ол менен барлық жағынан алда тұруы керек. Білім, ақыл, ақша...

Жансая: Ондай жігітті табу қиындау... Меніңше, саған жуас, бағынатын күйеу керек сияқты. Өзің сүйреп жүресің.

Дариға: Жоқ, Жансая! Қателесесің... «Байтал шауып бәйге алмас». Әкем айтқан... (пауза)

Жансая: Сен осы қиялдан жасап алған идеалыңды іздеп уақыт өткізе бермей, бір уақыт айналаңа қарап көрсеңші. меніңше, сен іздеген жүрегіңнің иесі дәл жаныңда жүр!

Дариға: Жоқ! Олар маған ұнамайды!

Ж ансая: Ой, қиял!

Қойшы, одан да түрімді ретке келтірейін кешке дейін. Жақтырмай кетіп жүрмесін (күлді).

 

Пауза. Дариға жастықты бала қылып орап, мәпелеп жүр.

 

Ол келеді... Кездесеміз...  Керемет!

 

Жаңылтпашты ӘРТҮРЛІ МӘНЕРДЕ бірнеше  рет  айтады.

 

Таудан түсіп келеді тау ұлдары,

Тау ұлдары сүйеді қауымдарын.

Тау ұлдары сүйеді ауылдарын,

Тамашалап жүреді тауын, бағын.

 

Гүл әкелер ме екен а?!

Кеште шаршау көрінбей, 1 сағат жатып тынығып алайыншы.

(Пауза)

Дариға төсекке жатты.

Дариға: Жалғыздық деген не осы?

 

38 жас: Меніңше,  жалғыздық деген – Тағдыр. Себебі оны ешкім басына тілеп алмайды.

28 жас: Жоқ, 38 жас сен қателесесің! Меніңше – еркіндік! Себебі  қайда барам, не ішем, не жеймін демейсің. Рахат!

35 жас: Ой, 28 сен де бір айта береді екенсің! Жалғыздықта адам еркін болмайды.

30 жас: 35! Ойың дұрыс.  Себебі жалғыздықтың кеңістігі тар. Сол жерде қысылып өмір сүруге мәжбүрсің!

28 жас:  30 жас! Не деген қатігез едің   – меніңше, жалғыздық деген сенім...

38 жас: Сен сенесің, сенесің! Соңы тұнғиық.

25 жас: Жоқ! 38 Қателесесің жалғыздықты – өз пайдаңа да шешуге болады.

30 жас: Алғ сен қаншалықты өз пайдаңа шеше алдың Дариға?

35 жас: Мысалы Дәурен! Білесіңдер ғой қыздар?!

25жас: Ол әдемі, сыпайы болатын. Сен үшін барын беруге дайын еді.

38 жас: Ал сен оған қарамадың.

28жас:  Қазір ол үйленген бақытты.

30 жас:  Қазір жүрсің енді суреттерін көрген сайын ішің күйіп. Оны қойшы, кетті ғой. Жандосты айтсаңшы...

25 жас: Оны қияли, ақынсымақ деп жақтырмадың!

38 жас: Ернар деген де жап-жақсы жігіт еді.

28 жас: Оның бойы қысқа деді ғой.

25 жас: Қыздар, Асылбек ше?!

38 жас: Сол жігіт жақсы ухаживать етіп жүрген жерінен, подкаблучниксің деп жақтырмады емес пе?!

28 жас: Сен сондай тәккапарсың!

25 жас: Өзімшілсің!

38 жас: Жұртты өзіңнен төмен санайсың!

28 жас: Өзіңе не керектігін білмейсің!

25 жас: Қатігезсің!

38жас: Сен өмірде актрисасың, ал нағыз шынайы бейнең осы!

Олар шулап кетті.

25 жас: 23! Сен неге үндемейсің?

 

 

Үшінші көрініс

 

ТАҢЕРТЕҢ

Құстар сайрап тұр. Дариға 23 жас шамасында. Ұйқыдан тұрды. Телефоны шырылдады.

 

Дариға: Алло!..  Қайырлы таң. ...  Мхм... Жоқ, ренжімеші, Кездесе алмаймыз. Себебі? ...  Себебі жұмысым көп. Қосымша сабақтарым бар. ... Түсінші жұмыстан 1 жылдық есеп дайындап отырмын... Мүмкін кейінірек...

Солай... Жарайды, сау бол!

 

Тұтқаны қойды.

 

Қызға ұқсап қыдыруға да уақыт жоқ. Бір жағынан өмір алда ғой.  Өзіме лайықты, нағыз жігіт кездескенде шығармын қыдыруға... Ал әзірге жұмыс, аяқтан тұрып алу керек. Қыдыру табылар...

 

Ол да қызық. Өзі қатарлас қыз іздемей ме?! Мені апа жасайын деп жүр ме?! Мен 23,  Ол небәрі 21-де ғой. Ол үшін бәрібір кәрімін. Жігіт деген қыздан үлкендеу болу керек.

 

Беті-қолын жуды.

Телефонына смс келді. Оқыды.

 

Ту-у, мына қыздар да қоймады ғой. Еріккен бәрі шетінен... Қит етсе клубқа барғыш... Кезінде сабақты қатырмап еді, қазір жұмыс істеп те жарытып жүрген жоқ. Не өмір? Бар тапқанына шырттай болып киініп алып, қыдырады да жүреді. Адам деген болашағын ойламай ма?

 

Жұмысын жалғастырып жасап отыр.

 

Дариға:  Жұмыс-үй, үй-жұмыс. Кейде жалығып, бір сарынды өмірден шаршап кетемін. Үйде шүйіркелесетін Жансая да ұзатылды күйеуден құр қалғандай... Дәурен де хабарласпағалы біраз болды. Ренжітіп алдым соңғы кездескенімде... Жұмысың бітпейді өмірі, неге кеңседен тым кеш шығасың дейді... Ол жерде ойнап отыратындай. Түсінбей кетеді ол да кейде... Мен де жұмыстан шаршап шығып едім, қатты айтып жібердім ғой деймін. Не істеп жүр екен... Сағындым...

Уфф...

Біраққ сені жолықтырған тағдырыма ризамын жаным... Әр минутым, әр секундым... Өміріме сен енгелі жұлдыздар да анық жарқырайтындай... Айналамдағы адамдардың барлығы мейірлене түскендей... Неткен құдіретті едің?! Сені жолықтырған тағдырыма ризамын жаным... Қай қасиетіңмен өзіңе ынтықтырып қойдың?.. Жарты күн көрмесем, елеңдеп өзіңді сағынып тұрамын. Қайда, кіммен, не істеп отыр екенсің? Қарның ашып қалған жоқ па? Жұмыс күнің сәтті өтіп жатыр ма? Жаурап қалмадың ба екен? Ешкім ренжітпеді ме? Көңіл-күйің қалай? Бәрін-бәрін білгім келеді...

 

Жігіт келді.

 

Жігіт: Күнім менің! Әлемдегі ееең сұлу қыздың жағдайы қалай екен?

Дариға: Ке-р-емет! Өзіңде бәрі жақсы ма?

Жігіт: Жақсы, ханшайымым.

Дариға: Мені қалай сағындың? Көрсетші қане әдеттегідей...

Жігіт: Түк те сағынған жоқпын!

Дариға: (бұртиып қалды) Қалай сонда? Түк те...

Жігіт: Ақымағым сол... Ренжіген түрінен сол... Сені үнемі жүрегімнің ішіне салып жүремін. Әрдайым менің жанымдасың.

Дариға: Ал, мен сені сағындым... Сен жоқта сағынышымды қайтіп басқанымды айтып берейін ба?

Жігіт: Кішкене сезіп тұрмын...

Дариға: (бұртиды) Онда менен енді ештеңе сұрама, ақыры өзің бәрін біледі екенсің ғой...

Жігіт: Суретіме қарап телмірумен болдың ғой, иә?

Дариға: неааа

Жігіт: Енді?

Дариға: Сен берген гүлдермен сөйлесіп жүрдім күні бойы... Олар сұрақтарыма сенің орныңа жауап берді.

Жігіт: Олар да сені жақсы көреді.

Дариға: Олар сөйлегенде тура сен сияқты сүүүп-сүйкімді. Сосын сені одан сайын жақсы көріп қалдым. Бірақ бір қызық айтайын ба?

Жігіт: Айта ғой...

Дариға: Сенің бүгін тағы гүл беретініңді біліп, мен оларды "любит не любит" деп жұлып тастадым)))

Жігіт: Кездескен сайын гүл беретініме сенсең де, сені шексіз сүйетініме күмәнмен қарайсың,иә?

Дариға: Әрине...

Жігіт (құшақтады): Бәрі жақсы болады жаным... Бірақ кейде сені шексіз сүйгім келмейді...

Дариға: негеее?

Жігіт: Эрнест Хемингуэйдің тағдырын қайталағым келмейді.

Дариға: Сені соншама қорқақ деп ойламаппын))) қорқақ! қорқақ!

Жігіт: Эрнест өзінің музасы Агнессаны бар ықыласымен жан-тәнімен сүйді. Америкадан хаттар Италияға қарша жауып тұрды.

Дариға: содааан?

Жігіт: Бірақ бір күні қандай хат алғанын білесіңбе?

Дариға: Қандай?

Жігіт: «Маған жиі хат жазудың қажеті жоқ. Мен сіз ойлағандай әйел емеспін. Мен өзімді долы әйелмін деп санаймын. Ашуланбаңыз. Сау болыңыз!» деп жазып жіберіпті...

Дариға: Не деген қатыгез қыз болған. Шын сүймеген болып тұр ғой я...

Жігіт: Шын сүймеген емес. Өзін Эрнестке лайық санамаған.

Дариға: ааа))) ұрыспашы... қаз а так ренжи салам...

Жігіт: Махаббатты толық түсінбейсің, жаным.

Дариға: Түсіндірші ал...

Жігіт: Қатты түсініп керек емес. Көп білген зиян.

Дариға: Неге?

Жігіт: Тек Клеопатра сияқты қылықты бола білсең болды

Дариға: Жарааайд... Жаным, жаным, мені алғаш көрген кезің есіңде ме?

Жігіт: Әрине

Дариға: Айтып берші, не сезіндің?

Жігіт: Айтып жеткізу қиын.

Дариға: оййй, айтып бееерш...

Жігіт: Көзбен көз түйісіп қалған сәтті есіме алсам)))

Дариға: Бірақ сыр білдірмедің иә?

Жігіт: Сол кезде бір өлең шығарып едім.

Дариға: Оо, оқып берші!

Жігіт: Оқуға ұялып жүр едім. Ал тыңда.

Сен екенсің жүректің сұрағаны,

Болсаңдағы балапан ұядағы.

Жасқануды білмейтін от жанарым,

Сенен неге жасқанып ұялады?

Дариға: Өлеңің өте керемет! Сен ұялшақ емес едің ғой. Жай ғана қорқақ емес, енді ұялшақ қорқақ болғаның ба)))

Жігіт: Рақмет! Ұялшақпын негізі, бірақ сен үшін өткір болуға тырысамын. Қорқақпын. Сен үшін батыл боламын!

Дариға: Мен сені жақсы-ы-ы көремін! Шыныңды айтшы, менің қай жерім ұнайды саған?

Жігіт: Қай жерім ұнамайды десеңші)

Дариға күлді

Жігіт: Сенің болмысыңда маған ұнамайтын жерің жоқ.

Дариға: Сендер барлы қызға солай айтасыңдар ия?

Жігіт: Тіпті тізеңнің өзі әдемі.

Дариға: Извращенец!

Жігіт: (бас салып құшақтап сүйді) Кім извращенец ааа? Кім, кім...

Дариға: Тәртіпсіз жігітсің)) Сені бұрышқа тұрғызу керек!)))

 

Олар төсектес болды.

 

Перде көтерілді. Дариға жалғыз жатыр. Орнынан тұрып дел-сал күй кешті. Шаршап тұр. Айналасынан жігітті іздеді. Жігіт кетіп қалған. Телефон соқты.

 

Жігіттің телефоны бос емес. Бірнеше рет соқты. Занят. Тағы да соқты. « Байланыс аясынан тыс жерде» деген дауыс естіді.

 

Мең-зең күйде заттарын жинастырды. Жұмыс қағаздарын реттеді.

 

Бірнеше қайта телефон соқты. « Байланыс аясынан тыс жерде» деген дауыс естіді.

 

Смс жазды.

 

«Жаным, қалайсың? Қайдасың...»

 

Су құйып ішті. Ақырын барып төсегіне жатты. Смс келді. Орнынан атып тұрды.

 

Смс: «Біз кеше үлкен қателік жасадық. Ертерек айтпағаным үшін кешірші. Менің отбасым бар. Оларды тастай алмаймын. Енді мазаламашы..»

 

Құмыраның қасына барды. Қолына алды. Құмыраға қарап сөйледі.

 

ХАТ

 

Құдіреті күшті Құдай!!! Мен шарасызбын... Сенген адамым... Бәрі бір мезетте... Түкіргенім бар бәріне! Тіпті ойлануға да мұршам жоқ. Енді не істеймін? Кімнен алданыш табамын? Тағы қандай тартуың бар? Жібере бер шетінен! Ештеме қалдырма! Түгел жібер! Нем қалды дейсің? Барлығына дайынмын!Себебі мен енді өмірді басқаша сүруді бастаймын! Бұрыңғы Дариға көрге кетті!

 

Үлкен хрусталь құмыра «шңң» етіп дыбыс шығарды. Дариға жалт қарады.

 

Басындағы орамалын шешпеді.

 

Ойланған қалпы хатын бүктеді. Сүйретіліп барып, бос құмыраға алғашқы хатын салды.

 

СОҢЫ

 

Айдана АЛАМАН

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер