«Қазақ футболы цирк, біздің оған қатысқымыз келмейді»

890

«Тараз» футбол клубының бас бапкері Вахид Масудов қазақ футболы спорт емес циркке ұқсайды деп мәлімдеді. Қазақстан премьер-лигасының 18-туры аясында өткен «Оқжетпес» - «Тараз» ойынынан кейін бас бапкер Вахид Масудов төрешілікке қаратып сын пікір айтты.

- Бұл футбол емес, нағыз цирк. Біздің ойыншылар да осы көріністің ішіне кіріп кеткеніне өкінемін. Төрешілік тарапына талай мәрте сын айттық. Ешетеңе де өтпей жатыр. Бұл қашанға дейін жалғасуы мүмкін? - деді бас бапкер.

«Оқжетпес» пен «Тараз» арасындағы ойынның бірінші таймында Серж Ньюадзи гол соғып, «Тараз» есепте алға шықты. Бірақ, тайм аяқталар тұста төреші Арман Есмұратов «Тараз» қорғаушысы Михайло Йовановичті алаңнан қуды. 10 адаммен ойнаған жамбылдық футболшылар қорғанысқа мықтап бекініп, қақпаларын ұзақ уақыт аман сақтады. Алайда, кездесу төрешісі даулы пенальти белгілеп, футболшыларды дауластырып тастады. Пенальтиден гол салған «Оқжетпес» ойыншылары басымдылық алып, бір футболшысы кем «Таразды» 3:1 есебімен жеңді.

Баспасөз мәслихатына қатты қапалы келген Вахид Юнусұлы ел футболындағы бармақ басты көз қысты әрекеттердің бар екенін меңзеп айтты.

- «Тараз» командасы ештеңеге таласпайды. Біз Ұлттық құрамаға көптеген жастар даярлап беріп отырмыз. Қазір де сол іспен шұғылданып жүрміз. Біз мұндай жағдайларға тап болмауымыз керек. Іштегі жағдай осындай болған соң, халықаралық аренада үнемі опық жеп отырамыз. Мысалы, осы ойынның бірінші таймын біз қалай керемет ойнадық, - деді «Тараз» футбол командасының бас бапкері Вахид Масудов.

Айта кетуіміз керек осыдан бір ай бұрын "Жетісу" командасының бас бапкері Дмитрий Огай төрешілікті қатты сынап, 500 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.

Ермұхамед Мәулен

inbusiness.kz

Пікірлер