Қазақты домбырадан алыс ұстау керек, рухы оянып кетеді

1311

Домбыра күні Ерлан Рысқали ән салып, оған Аида Балаева тамсанған болатын. Ән салу жайында жазылған Ерланның постына Аида ханым пікір қосқан соң біз де бірауыз тіл қаттық. Сосын әлде бір ойдың ұшын шығарып, тігісін кейін жатқызармыз деп едік. Реті келген секілді.

Қай заманнан екені белгісіз. Науқаншыл болып алдық қой. Оның кем-кетігін кім білсін, әйтеуір бір нәрсені күні бойы талғажау ететін дәрежедеміз. Ауыз -мұрыннан шығып, тоя жеген де жақсы шығар. Айтпағымыз мынау, Домбыра күні бәріміздің құлақ күйіміз келді. Пернемізге қол тиер, тиместе шанағымыздан ой ағылды. «Апырау, әлі тірі екенбіз», - дестік кейбіреуіміз. Тірі болатынымыз, домбыра үнінен жылқы дүбірін естіп, тыпыршыған қорадағы қылқұйрықтай осқырынып қалдық. Алыста шауып бара жатса да әлгі жүйріктер біздің де делебемізді қоздырғандай.

Тіпті жақындай түсейік. Домбыра күні өтіміз жарылып кете жаздады. Сорлылық та соқырдың күйін кештіретін секілді ғой. Айналаны көргің келеді, алайда жанарың баяғыда солып қалған бейшарасың. Ойпырмай, әлгі домбыраны күн сайын күмбірлетіп қойсақ кім қой деді...Сорымыз, мүмкін.

Негізінде, «қой!», - дейтіндер бар секілді. Біз соларға тіпті қосыламыз да. Құрысын, домбырадан аулақ ұстау керек қазақты, рухы оянып кетеді. Ат үстіндегі Махамбет жетіп келеді, күй күмбірімен. Мына жақтан Қазтуған, ана тұстан Сүгір шықса ше. Құрманғазыны оятпайық. Тәттімбетте не шаруамыз бар. Домбыра қажет емес қазір, ол өте қауіпті. «Серпермен» серпіліп, «Сарыжайлауды» сағынып жүрсе қайтеміз, мына жұрт? Атамаңыз, «Ата толғауын» аңсағандар бас көтереді, сосын. Баяғыда бала біткен «Би күйіне» әуес еді. Біздің класта «Кеңесті» тарта алмайтын бала табу қиынға соғатын. Ана кластың өз оркестрі, мына кластың өз домбырашылары. Бәрінің саусағынан күй сорғалайтын. Ол күн қайтып келсе ше?

Ол күн қайтып оралса – ұрлықшы азаяды. Домбыра ұстаған қолдың қылмысқа баратыны сирек. Рухтанады. Жігерленеді. Алға ұмтылады. Ізденеді. Баяғыды күй тәрбиелеуші еді. «Боз інген» ойнағанда жан дүниең боздай жөнелетін. «Аңшының зарын» алғаш алты жаста естіген едік. Түн ұйқымыз бұзылды. Көз алдымызда күйші де емес. Күйге негіз болған екі ағайынды жігіт. Бірін бірі абайсызда атып алатын. Түнімен ұйықтамадық. Жеңге алдында ақталып отырған жігіттің жылағаны елестеп... Немесе «Ақсақ құлан». Әйтпесе әлгі...

Қой, тоқтатайық. Мына халық күй іздеп кетпесін. Неге керек ол? Сіздер Нұрғиса Тілендиевтің репитициясын көрген жоқсыздар ә?. Әріптестеріме ризамын ше? Маэстроның маңына жоламаған. Бір фильм тарихта қалдырмаған. Мұрағатта. Кешіріңіз, Ақтоты ханым, әрине Архивте! Архивте қалдырмаған. Егер сол репитицияның бірінен деректі дүние түсіріліп, қысқа күнде қырық рет берілсе эфирден, мына дүние төңкеріліп түсер еді. Сол үшін де рахмет! Сіздер Қаршығаны қаншалықты тыңдап жүрсіздер? Дұрысы – тыңдамаған. Рас. Дертке ұшырайсыз. Таласбек күй туралы айтушы еді. Оны көп ешкім құптамады. Өйткені күй тек Таласбекке қана қажет еді. Аз-кем дүниесі жарыққа шықты, білем. Бірақ оны насихаттаудың қажеті аз. Өйткені қазақ қара домбыраға қайта үймелейді. Негізінде домбыра төрде ілулі тұрғанға ғана қажет аспап қой.

Домбыра күні жүздеген орындаушылар күй шертті. Біздің арна тікелей эфирде таратты. Орыс, орманы өзге ұлт өкілдері жұмыста отырмыз. Бәрі біртіндеп қосулы телебезір маңына жинала берді. Әне, күйдің құдыреті. Өмірінде домбыраның тыңқылын тыңдамағандарды да тартып барады. Бірінші күй, екіншісі... Мынау ньюсрум күйге толды. Иықты қомдап біз отырмыз. Ағыл-тегіл жылағымыз келді. Бәжеңді тыңдаған жұрт қалай тұрды екен. Құрманғазы мен Дәуелткерейді тыңдағандар ше? Тіпті Тілендиевті? А, ия Нұрағаны біз де тыңдадық. Екі рет. Біріншісі – репитцияда. Өзі шерткен жоқ. «Отырар сазын» жусатып, өргізді. Екіншісінде өзі шертті. Әлдебір қонақта. Мүмкін қонақтар келмей тұрып. Жұмсақ орындыққа жұтылып кеткендей боп отырған маэстро домбыраны қолға алғанда өзгеріп шыға келді. Әлдекімге ұрсатындай екі иығын кезек қомдап, түрі суып, қабағы түйіліп, онсыз да үлкен құлағы тұтас шеке мен жақтың арасын түгел жайлағандай болды. Көзі күліп тұрады екен. Мейрім сол жақтан еседі. Сосын төкті, кетті. Жаңбыр жауды. Жел тұрды. Дауыл соқты. Сосын дала мамыражай күйге енді. Негізі біз іште едік. Жаңбырды, желді сездік. Күй тоқтағанда, орнымызға қайта келдік.

Аида, ханым! Домбыраның шалығы шығар, ананы айтып, мынаған кететініміз. Өйткені қиял қияға жетектей жөнеледі. Әлгі бір ойға қайта оралсақ. Егер ұрпақ тәрибиесі әлі де күн тәртібінде тұрса, қазаққа күйді қайтарайық. Жыр мен термені қайтарайық. Жылына бір күн емес. Күн сайын, бір жыл. Кез келген арна кемінде бір сағат домбыраны ұлықтасын. Домбыраны қойып қой деген сөз емес ол. Бірі термеге, екіншісі күйге, үшіншісі әнге орын берсін. Жырау да, жыршы да бар еді. Емге таппай қалмайық. Кез келген облыста оркестр бар. Солардың репертуарынан концерт ұсынайық. Мына аптада ана облыс деген секілді. Жоба жетеді. Бірақ біздің БАҚ оны жақтырмайды.

Постымыздың көтергісі келген жүгі осы еді. Түбін түсіріп, жеткізе алмадық. Өйткені домбыраны біз де қазір онща тыңдай бермейміз...

Амангелді Сейітханов

Пікірлер