Премьер лига: «Ақтөбе» «Қайратты» тоғыз жылдан кейін бір-ақ жеңді

257
Adyrna.kz Telegram

20 Сәуір күні бастау алған футболдан Қазақстан Чемпионатының 5-туры өз мәресіне жетті. Қызыққа толы болған бұл турда фаворит командалар өз ара бақ сынады. Sportpress.kz сайты қысқаша шолу жасап шықты. 

«Қайсар» - «Атырау» 1:1

5-турдың алғашқы ойыны Қызылордадан бастау алды. Матчтың фавориті болған «Атырау» бұл жолы басқа ойын көрсетті. Алғашқы гол екінші таймның 53-минутында соғылды. Гол авторы «Атырау» қорғаушысы Педро Эужениу чемпионаттағы үшінші голын соқты. Ал 74-минутта «Қайсар» командасының жартылай қорғаушысы Валерий Громыко чемпионаттағы алғашқы голын соғып, есепті теңестірді. Матчтың 86-минутында «Атыраулық» Игорь Сатасевич қызыл қағазбен жазаланып, ойыннан шеттетілді. Осылайша Кумыков шәкірттері чемпионаттағы алғашқы ұпайларын еншіледі.

«Жеңіс» - «Тұран» 1:0

«Жеңістің» күмәнді жеңісі. Қарағанды да өткен бұл ойын да голдар саны аз болса да, тартысқа толы өтті. Алғашқы таймның 29-минутында «Тұран» сапындағы Феди Бен Чуг гол соққан еді. Бірақ төреші VAR тексере келе ойыншының офсайдта қалғанын айтып, голды есепке алмай қойды. «Сен соқпасаң, мен соғамын» деп, «Жеңіс» ойыншысы Денис Гречихо ойынның 38-минутында есеп ашып, командасын алға сүйреді. Қарағандыдағы тартысты ойын осылайша алаң иелерінің пайдасына шешілді.

«Ордабасы» - «Қызылжар» 1:1

Турдың қызықты ойындарының бірі Шымкентте өтті. Ойын бастала салысымен фавориттерге қарсы дес бермей ойнайтын «Қызылжар» тізгінді өзіне алып, бірнеше рет Шайзаданың қақпасына қауіп төндірді. Ойынның негізгі уақытына үш минут қосылған сәтте команда капитаны Евгений Березкин гол соғып, команданы алға сүйреді. Екінші тайм бастала салысымен 52-минутта бұрыштамадан Асхат Тағыбергеннің асырған пасын Сергей Малый бойшаңдығын пайдаланып гол соқты. Ал 65-минутта «Қызылжардың» португалдық ойыншысы Рубен Брижиду бұрыштамадан гол соғып еді, төреші есепке алмады. Бір қызығы ойындағы барлық гол бұрыштамадан орындалды. Алиев шәкірттері осылайша таңғалдыруды жалғастыруда.

«Қайрат» - «Ақтөбе» 1:3

Қызыққа толы әрі осы турдың орталық ойыны Алматыда болды. Ойын алдында «Қайрат» футбол клубы 70 жылдықтарын атап өтті. Сонымен қатар көрермен жинау бойынша осы маусымдағы рекордты орнатты. Бұл ойынды тамашалауға 23 804 жанкүйер жиналған.

Ал ойынға келер болсақ, «Ақтөбе» командасы матч бастау алысымен «Қайрат» қорғаушыларын біраз әбігерге салды. 40-минутта «Қайрат» қорғаушыларының бірі қолмен ойнап қақпаға пенальти белгіленді. Он бір метрлік айып допты «Ақтөбе» сапынан Әлібек Қасым теуіп, есеп ашты. Айта кетейік, Әлібек Қасым өткен «Жетісумен» (1:0) болған ойыннан кейін, «барлық голдарды «Қайратқа» қалдырдық» деп сұхбат берген болатын. Ал 68-минутта ақтөбелік Максим Самородов гол соғып есепті еселеді. Осы сәттен кейін алматылық ұжым құрамға өзгеріс енгізіп, ойыншыларды алмастырды. 92-минутта Дмитрий Бессмертный асырған пасты Максим Самородов тағы да сәтті пайдаланып, дубль авторы атанды. Ойынның соңғы минутында «Қайрат»шабуылшысы Вячеслав Швырев гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Осылайша «Ақтөбе» сырт алаңда «Қайратты» 9-жылдан кейін бір-ақ жеңді.

«Астана» - «Тобыл» 2:2

Турдың кезекті орталық матчы тағы да Алматы да өтті. Қос команда тарапынан бірнеше қауіпті шабуылдар орын алып, сұрапыл ойын көрсетті. Матч бастала салысымен 13-минутта «Тобыл» қорғаушысы Пап-Альюн Ндиайе гол соғып, есеп ашты. Матчтың 27-минутында Марин Томасов «Астана» сапындағы жүзінші голын соғып, есепті теңестірді. Екінші таймның соңына қарай командалардың шабуылы одан әрі күшейе түсті. 78-минутта Қостанайлық команданың шабуылшысы Давид Енен гол соғып есепті 1:2-ге жеткізді. Ал 93-минутта «Астана» клубының шабуылшысы Станислав Басманов есепті теңестірді. Сонымен қатар, соңғы минутта «Тобыл» ойыншысы Руслан Валиуллиннің голын төреші есепке алмады. Қос команда бір-бір ұпайдан еншілеп, жеңімпазды анықтай алмады.

«Жетісу» - «Шахтер» 1:0

Талдықорғанда өткен ойында алаң иелері бір бас жоғары болды. Ойынның бірінші таймының 48-минутында Серікжан Мұжықов пенальтиден гол соқты. Қос команда тарапынан өзге голдарды көре алмадық. Жалпы «Шахтер» командасын Андрей Финонченко өз тізгініне алғалы бері, ойын жағынан үлкен өзгерістер бар. Қарағандылықтар бұл ойында жеңілсе де, тамаша ойын өрнегін көрсетті.

 

5-тур ойындарынан кейін турнирлік кесте мынадай:

 

1) Ақтөбе 10ұ

2) Қызылжар 8ұ

3) Ордабасы 8ұ

4) Тобыл 8ұ

5) Қайрат 8ұ

6) Астана 7ұ

7) Елімай 7ұ

8) Жетісу 7ұ

9) Жеңіс 6ұ

10) Атырау 4ұ

11) Тұран 4ұ

12) Шахтер 3ұ

13) Қайсар 1ұ

(Ұ-ұпай)

 

Айнат ҚАБИДУЛЛАЕВ

 

 

 

Пікірлер