Ақмола облысында «Әскерге шақырылушылар күні» салтанатты акциясы өтті

1112
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысында Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні қарсаңында «Әскерге шақырылушылар күні» – ақмолалықтарды мерзімді әскери қызметке шығарып салу акциясы өтті.

Салтанатты шара Кеңес одағының екі мәрте батыры, атақты қазақ ұшқышы, Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-майоры Талғат Бегелдиновтің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.

Іс-шара Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ, Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын және Кеңес одағының батыры, Халық Қаһарманы және Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуын мерекелеуге арналды.

Шарада құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин Отан қорғаушылар күнінің маңыздылығына тоқталды.

«Отанға адал қызмет етіп, оның халқын қорғау әр ер азаматтың әскери борышы және міндетті болып саналады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жауынгерлік қабілетті армия құрылды. ҚР Қарулы күштері заманауи техникамен жарақтандырылып, әскери кадрлардың сапасы артып келеді. Сонымен бірге, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелері де біртіндеп шешілуде. Оқу-жаттығулар үнемі өткізіліп тұрады, оның барысында біздің әскер жоғары кәсіби даярлықты, іс-қимылдардың үйлесімділігін және тамаша жауынгерлік дағдыны көрсетуде. Әскеріміздің азаматтарымыздың тыныштығы мен егемен еліміздің шекарасын қорғайтынына сенімдіміз. Осының арқасында бізде бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге, балаларды тәрбиелеуге және тыныш жұмыс істеуге мүмкіндік бар. ҚР Қарулы күштері қатарындағы қызмет әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті, аға ұрпақтың батырлық жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизм мектебі болды және болып қала береді», - Алмас Алин.

Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Талғат Тұрабай және «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Жанат Ережепов әскерге шақырушыларды Отан алдында адал болуға, сондай-ақ, әскери қызметті абыроймен атқаруға тілектестіктерін білдірді.

«ҚР Қарулы қүштері қатарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне жататын 44813 ә/б құрамында әскери қызмет өткеру үшін 40 әскерге шақырушы іріктелді. Олар Целиноград ауданының Ақмол ауылында әскери қызметін өтейтін болады. Іріктеу кезінде жастардың моральдық-психологиялық қасиеттеріне, денсаулық жағдайына басты назар аударылды. Айта кету керек, барлық әскерге шақырылушылар Отан алдындағы әскери борыштың маңыздылығын түсініп, саналы түрде қызмет етуге барады. Біз Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне әскерге шақырылушылар командасын уақтылы дайындағаны, сапалы іріктеуі үшін алғысымызды білдіреміз», - деді 44813 ә/б командирінің орынбасары Болат Хәметов.

Сонымен бірге, 20 әскерге шақырушы Ақтау қаласына әскери қызмет өткеруге аттанады.

«Ата-аналар үшін бүгін ерекше сәт – ұлдарымызды әскер қатарына жіберіп жатырмыз. Олардың Отан алдындағы міндеттерін орындайтынына кәміл сенеміз. Балаларымызға елге абыройлы қызмет етуді тілейміз, - деп аналық ақ тілегін білдірді әсекерге шақырушының анасы Сәулеш Молдағайсина.

Шара барысында облыс әкімнің атынан әскерге шақырушыларға керек-жарақтармен жабдықталған рюкзак табыс етілді.

Сонымен қатар, жиында бірқатар запастағы офицерлер мен әскери қызметшілер жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Ақмола облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай акциялар жастардың және әскери қызметшілердің барлық санаттарының бойында патриоттық сананы, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерді, конституциялық және әскери борышқа адалдық идеясын, жоғары жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға, жоғары моральдық рухқа қол жеткізуге және қолдауға ықпал етеді. Жастарды әскери борышын орындауға ынталандыра отырып, ҚР Қарулы күштерінің оң имиджін және әскери қызметтің беделін арттырады.

Пікірлер