Мемлекеттік қолдау жоқ - өндіріс қалай күн көрер?! - Қазыбек Иса

1585
Adyrna.kz Telegram

Мәжілістің Жалпы отырыс залында Өнеркәсіп және құрылыс министрі депутаттардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Отырыс барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса сөз сөйлеп, мемлекеттік тіл мәртебесін сөз етті. Депутат сөз арасында "орысша жауап бере беріңіз" сөзін тоқтату керектігін айтты. Оның сөзінше, бұл тіркес мемлекеттік тілді өлтіру.

"Құрметті министр Қанат Бейсембайұлына ең алдымен айтарым, Өнеркәсіп министрі өнеркәсіпті қайдам, мемлекеттік тілде сөйлеуді жақсы меңгеріп алыпты, рахмет. Иә, баяндамада да, депутаттар сұрағына жауап беруде де, қазақ тілінде жақсы сөйледіңіз, сол үшін рахмет! Енді сіз қазақ тіліндегі сұрақтарға ғана емес, орыс тіліндегі сұрақтарға да қазақша жауап бере берсеңіз болады. Ал әріптестеріме айтарым, "орысша жауап бере беріңіз" деген сөз бен орысша сұрақ қоюды тоқтату керек. Бұл - министрге жақсылық жасау емес, бұл - министрді мүсіркеу! Бұл - парламент қабылдаған тіл туралы заңды парламентте өлтіру болып табылады", - деді Қазыбек Иса.

Парламент депутаты үкіметтің отандық кәсіпорындарды қорғай алмай отырғанын айтып, баяндамада айтылған сөз бен бүгінгі өндірістің жайын талқылады.

"Мысалы, өткен 2023 жылы күзде "Ақ жол" партиясы парламентте Шымкентте мақта өңдеуден дайын өнім тігуге дейінгі толық өндірістік циклі бар Қазақстан Республикасындағы жалғыз жұмыс істеп тұрған тоқыма фабрикасы «AZALA Textile» ЖШС фабрикасының жағдайын айтып, мәселе көтерді. Үкіметке депутаттық сауал жасады. Ал сіздің баяндамаңызда бұл фабриканың аты аталмады да... Бұл фабрика 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді, 20 жылға жуықтады. Жалпы инвестициялардың көлемі 70 млн АҚШ долларын құрайды. «AZALA Textile» ЖШС шығарған өнімнің 80 пайыздан астамы Еуропалық Одақ елдеріне экспортталды. Сондықтан да бұл фабрика мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болған емес. Тек Ресей Украинаға басқыншылық жасап, соғыс басталғалы бірқатар себептерге байланысты (қауіпсіз логистикалық бағыттың болмауы және т.б.) ЕуроОдақ елдеріне өнім экспорты тоқтатылды. Сондықтан, кәсіпорын қиындықтарға тап болып, өндіріс 40 пайызға дейін төмендеді. Қазір фабрика банкротқа ұшырап, жабылу алдында тұр", - деді Қазыбек Иса.

Пікірлер