"Шағым жазса да жазаланған жоқ". Марқұмның туыстары мән-жайды баяндады

1716
Adyrna.kz Telegram
Фото: Серік Беркамалов парақшасынан
Фото: Серік Беркамалов парақшасынан

Бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің туыстары өз ісіне немқұрайлы қараған полицейлерді де жазалауды сұрайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қарағандылық Гүлмира Таймасованың туыстары мән-жайды ашып айтқан.

Марқұмның әпкесі Айгүл Өмірзақова өлім болған күні тәртіп сақшылары күдіктіні алып кеткенде қайғылы оқиғаның алдын алуға болатынын айтады.

"Сол күні кешке әкесінің анасын ұрып жатқанын көріп, ұлы полиция шақырды. Полиция қызметкерлері келді, марқұм бұл адамнан 30 күн бойы қорғауды сұрап өтініш жазған. Бірақ олар өтініш жаздырып алғанымен, күйеуін өздерімен бірге алып кетпеді. Сіңілім өздерімен алып кетуін өтінген. Полиция кеткеннен кейін екі сағаттың ішінде күйеуі оны өлтірді. Ол сіңілімді үнемі ұрып-соғып, қорқытып, балаларды шошытып кететін. Қанша шағым жазса да бір де бір рет жазаланған жоқ. 2022 жылы мен оның ұрып-соғып жатқанын көргенмін, сол кезде сіңілімді қолдағаным үшін мені қоса ұрып тастаған. Мұның бәрі балалар мен менің қызымның көз алдында болды. Содан кейін мен де оның үстінен арыз жаздым. Ұрып-соққан жерлерімді дәлел ретінде көрсеттім. Бастапқыда істі созып жүрді, кейін тоқтатып тастады. Біз онымен татуласқан жоқпыз, бірақ ол жауапқа тартылған жоқ. Қазір біз прокуратураға дейін барып, әпкемізді қорғап қалмағанымызға өкінеміз", – дейді Айгүл Өмірзақова.

Марқұм Гүлмира Таймасова асханада жұмыс істесе, оның өліміне күдікті дептанылған экс-жұбайы жүк көлігінің жүргізушісі болған. Ерлі-зайыптылар 10 жыл бұрын ажырасса да бірге тұрып келген. Марқұмның анасы күйеу баласының түзелетініне сенгенін айтады.

"Мен оның қызымды ұратынын білетінмін. Бір кездері біраз уақыт біздің қолымызда тұрды, сол кезде күйеу балам тіпті мені де ұрып тастаған. Ол өте ашушаң болды. Мен қызымнан “Шыдап жүре бересің бе” деп сұрағанымда "Балалар өсіп келеді, өзгеретін шығар. Оларды аяққа тұрғызу жалғыз өзіме қиын болады” дейтін. Соңғы жылдары екеуі ұрсыспасын деп үйілеріне баруды қойдым. Оның үстіне қызым кейінгі кезде күйеуінен қорқатынын жиі айтатын. Күйеуі “Өлтіремін” деген сөзді жиі айтты. Қызымды ғана емес, балаларды да өлтіремін деп қорқытатын. Соңғы айда ол жұмысынан да шығып қалды, үйде бос жатты. Үйде жатып ішіп, кешке дейін жанжал шығарады. Сол күні кешке бір нәрсе болатынын жүрегім сезді. Немереме қоңырау шалып едім, ол мен уайымдайды деді ме, әлде әкесі маған тиіседі деді ме ештеңе айтпады", – деді марқұмның анасы Рысбала Өмірзақова.

Марқұмның балалары қазір нағашыларының қолында. Оларға арнайы психолог көмек көрсетіп жатқаны хабарланды.

Пікірлер