Үлестердің күресі. "Ақпарат таратуда 60/40 пайыз өте тиімді" болып шығыпты

1789
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мәжіліс «Масс-медиа туралы» туралы заңды және кейбір заңнамалық актілерге масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңды екінші оқылымда қабылдады, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан заң жобасын әзірлеп, пысықтауға белсенді қатысқан қоғам мүшелеріне алғыс білдірді.

– Заң жобасында жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін «баспасөз картасын» енгізу жөніндегі норма ұсынылған. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғам ішінде үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобындағы мүшелердің басым бөлігі бұл норманы демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады.

Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды – «пресс-карта» туралы норма жойылды, – деді депутат.
Өткен жылдың қазан айында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы аясында мемлекеттік тілде телерадиоарналарда хабар тарату 50 пайыздан 70 пайызға дейін арттыру ұсынылып отыр деген болатын.

– Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы мемлекеттік тілді меңгерген. Осы факторлардың бәрін ескере отырып, мемлекеттік тілдегі телерадио хабарларын тарату көлемін 70 пайызға жеткізу туралы шешім қабылданды. Айта кету керек, ол бірте-бірте іске асырылады. 2025 жылдан бастап жыл сайын 5 пайызға өсіру көзделген, – деген еді министр.

Әйтсе де бұл норма жаңа заң жобасында 60/40 пайыз бойынша еніп отыр. Жиыннан кейін журналистер Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовқа «Әу баста қазақ тілінде ақпарат 70, ал орыс тілінде 30 пайыз болсын деп ұсыныс айтылып еді. Ол неге 60 пайызға түсіп қалды?» деп сұрақ қойды.

– Әр бір норма талқыланып, дауыс беріледі. Бір жағынан біз көпұлтты мемлекет болғандықтан елде өзге ұлт өкілдері бар ғой. Олар да ақпаратқа мұқтаж. Сондықтан депутаттар осы мәселені зерттеп, зерделеп, тиісті талдау өткізіп шешім қабылдады. Ақпарат таратуда 60/40 пайыз өте тиімді. Қазіргі таңда қазақ тілді контент өте жоғары, енді оны одан ары іргелетіп дамытсақ, 70 пайызға жеткізуде ешқандай мәселе жоқ, – деді вице-министр.

Пікірлер