Жиенбеков пен Атамбаевтың айқасы немен аяқталады?

5031
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Сауранбай Жиенбеков пен экс-президент Алмазбек Атамбаевтың арасындағы теке-тірес ушығып барады. Күні кеше елдің ішкі істер министрлігі экс-президентті тергеуге шақырды. Бұрынғы достардың арасындағы дауда кімнің әрекеті дұрыс, кімнің әрекеті бұрыс? Сондай-ақ, билік үшін талас-тартыста кім жеңіске жетуі мүмкін?

Сауранбай Жиенбековты билікке келуіне Алмазбек Атамбаевтың ықпалы болғаны белгілі. Өйткені, Атамбаев Жиенбековты қуыршақ президент етіп, өзінің қалаған саясатын жүргізе беруді көксесе керек. Әйтсе де, Жиенбеков Медведов сияқты қуыршақ басшы болмай, өз командасын жасақтауға ұмтылды. Ал Жиенбековтың тәуелсіз саясат жүргізуі Атамбевтың шымбайына батып, бірнеше рет президентті сынады. Жиенбеков пен Атамбаевтың арасындағы дау осыдан басталды.

Өткен айдың 27 маусымында Жогорку Кеңеш Алмазбек Атамбаевтың экс-президент және қол сұғылмаушылық иммунитетін алып тастады. Осы жағдайдан кейін экс-президентті елдің ішкі істер министрлігі тергеуге шақырып отыр. Әйтсе де, Атамбаев тергеуге бармайтынын, себебі заңсыздық әрекетке барып отырған қазіргі билікке сенбейтінін мәлімдеді. Ол өзіне қойылатын барлық сұрақтарды заңгері Сергей Слесаревқа жіберуін ұсынды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазіргі және бұрынғы президенттердің арасында билік үшін талас жүріп жатыр. Билік үшін талас-тартыста кім жеңуі мүмкін? Бұл жағы әзірге белгісіз. Алайда, бізге белгілісі Атамбаевқа тағылып отырған айыптар ауыр болып отыр. Нақтырақ айтсақ, Атамбаев билікте болғанда қылмыс әлемінің беделдісі Азиз Батукаевты заңсыз түрмеден босатуға ықпал еткен көрінеді. Сондай-ақ, экс-президент сыбайлас жемқорлыққа да қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілігіп отыр.
Саясаттанушы Ерлан Сайровтың айтуынша, Қырғызстанда ықпалды әртүрлі топтардың талас-тартысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, ол Атамбаевтың бірнеше рет қателескенін ескертті.
– Негізі Атамбаев президент болып тұрғанда және қызметінен кеткеннен кейін бірнеше қателік жіберді. Мысалы, революцияны бірге бастаған серіктерін түрмеге жауып, қуғын-сүргін жасады. Сондай-ақ, ол билікті жеке дара басқарғысы келді. Алайда экс-президенттің бұл қадамына қырғыз халқы мен саяси қарсыластары жол бермей қойды. Жуырда Жоғары Кенеш Атамбаевтың экс-президент және қол сұғылмаушылық иммунитетін алып тастады. Бұл бір жағынан дұрыс. Өйткені саясаткерлер қабылдайтын шешімнің салдары ауыр болатынын білсе, ойына не келсе соны жасай алмайды. Әйтсе де, президентке артықшылықтар бермеудің салдары ауыр болатынын естен шығармаған жөн. Мәселен елде үнемі тұрақсыздық болуы мүмкін, – дейді ол.

Алайда, саясаттанушы Қырғызстанның демократиялық процесі жетілгенін, сондықтан да айыпты болса президентті жауапқа тарту қажет екенін айтады. Сондай-ақ ол Атамбаевтың билікке араласуын құптамайтынын, ал Жиенбековтің әрекетін қолдайтынын жеткізді.
– Қандайда бір саясаткер саяси аренадан кеткеннен кейін саясатқа мүлде араласпауы керек. Өйткені, саясатқа жаңа буын келіп, олар елді жаңа форматта дамытуға күш салуы қажет. Бұл дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па, оны тарихтың өзі көрсетеді. Бұл жерде әрине Атамбаевтың қателігін анық аңғаруға болады. Жиенбековты өз мүддесіне пайдаланғысы келсе Атамбаевтың ең үлкен қателі деп айтар едім. Жалпы, Қырғыз елінің ішкі жағдайы өте күрделі екені белгілі. Осындай күрделі жағдайда елді ол жап-жақсы ұстап отыр. Менің ойымша, бүгінгі таңдағы Жиенбековтың саясаты дұрыс, – дейді Ерлан Сайров.
Егер Сауранбай Жиенбеков Атамбаевтың айтқанынан шықпай, қуыршақ президент болып жүре бергенде оны қырғыз жұрты қолдамайтын еді. Бұл бір. Екіншіден, ол «қуыршақ президент» деген аттан құтылып, тарихта жақсы атпен қалу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Біздің ойымызша, Жиенбеков-Атамбаев дауы қазіргі президенттің жеңісімен аяқталуы мүмкін. Өйткені Атамбаев үшін қырғыз жұрты алаңға шығып, оның құқығын қорғай ма, қорғамай ма, бұл жағы белгісіз. Ал бәрімізге белгілісі, билік үшін талас-тартыста бір ғана жеңімпаз болады. Егер Атамбаев билікке жөнсіз араласуын қоймаса, оның түрмеге қамалуы әбден мүмкін. Сондықтан да экс-президенттің жағдайды ушықтырмай, кері шегінгені жөн-ау.

Серік Жолдасбай

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер