Біздің староста

2034
Adyrna.kz Telegram

2024 жылы сәуір айында саналы ғұмырын қазақ халқы мен қазақ мемлекетінің тарихына арнап, жастарды еліміздің патриоты болуға даярлап келе жатқан, біздің студенттік жылдардан бері достығымыз ажырамай келе жатқан әріптесіміз әрі досымыз, көпшілікке танымал тарихшы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянұлы Ноянов 60 жасқа толған  мерейтойын атап өткелі отыр.

Мектеп қабырғасында он жыл ,білім алып студент атанып жаңа өмір жолына қадам басқан жас жеткіншекке университет алып қамалдай көрінетіні анық. 1985 жылдың жазғы айларында емтихандардан сүрінбей өтіп студент атанып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеген сәттер есімізден кетпейді!  Жаздың аяғына қарай, 25-тамызда КазМУ-нің «Студенттер қатарына қабылдау» мерекесі де Ректорат алдында ерекше салтанатпен өтті. Салтанатты жиыннан соң 1-курс студенттерін куратормен танысу үшін факультеттерге жинады. Ректорат жанындағы ғимараттың 4-қабатына көтеріліп, тарих факультетіне келдік. Факультеттегі 102-аудиторияға жиналғандар қатарында ересек, тіпті әскери киіммен отырған студенттер де болды. Өзін куратормын деп таныстырған факультет оқытушылары Сәйден Жолдасбаев және Нұртаза Алдабергенов ағайлар студенттердің аты-жөнін атап танысқан соң, бірнеше күннен кейін ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмекке баратынымызды хабарлады. Кеңес Одағы кезінде 5-сыныптан бастап мектеп оқушыларын да еңбекке баулып ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартқаны белгілі. Біз де жүгері, жүзім жинаудан біраз тәжірибелі едік. Жоспарланғандай, тамыздың 31-і күні таңғы сағат 9.00-де Тимирязев көшесінің бойында тізіліп тұрған «Икарус» автобустарына мініп, Алматы облысы Талғар ауданы Мичурин совхозына көкөніс (помидор) жинауға бет алдық. Жол бойы курстастармен біраз жақынырақ танысып, бөлмелерге орналастық. Бірінші күндерден-ақ арамызда ауыл шаруашылығы жұмыстарына әлдеқайда икемді, пысық жігіттер мен қыздар өздерінің белсенділігімен көзге түсе бастады. Олардың қатарында ересек жігіттер: Кәрібаев Берекет, Мекебаев Талғат, Қалыбеков Құнанбай, Ноянов Еділдерді біз көп уақыт «Ағай» деп атап жүрдік. Олар жоспарланған 100 жәшіктің орнына жоспарды артығымен орындап  күніне 120-150 жәшік тапсыратыны есімде! Бізге факультеттен жетекші болған доцент Қайсар Құсайынов пен бригада бастығы Мария Петровна бізге «Ағайларды» үлгі етіп айтудан еш жалықпайтын! Құнанбай, Талғат, Берекет, Еділ ағайларымызды апта сайын мақтау қағаздарымен, алғыс хаттармен марапаттап, тіпті газет беттеріне жеңімпаздар ретінде шығаратын. Сондай-ақ, ол кезде «Әркімнің еңбегіне қарай, әркімнің қабілетіне қарай» деген социализмнің басты ұраны жастар арасында кеңінен насихатталатын. Бұл жігіттердің еңбекке деген ерекше құрметі бізді де тамсандыратын! Біздің ұйымшыл курстастардың еңбекте озат екені осылайша бірінші күндерден–ақ байқалды. Әскерде дивизия командирі табыстаған арнайы ұсыныспен келген Б.Кәрібаев, М.Садықов, Қ.Қалыбеков, Е.Ноянов т.б. кеңестік әскер қатарында қызмет еткеннен кейін оқуға түскен ересек жігіттер ішінде Еділ Нояновтың басқа студенттерден ерекшелігі бір ауыздан топтың старостасы болып сайлануында еді. Осылайша, біздің студенттік өміріміз басталып та кетті. Курстас достармен, соның ішінде старостамыз Еділ Нояновпен таныстық осылайша ауыл шаруашылығы жұмыстарына барғанда басталды. Жұмыстан кейінгі кешкі мезгілде алау жағып, оны айнала қоршай маңына жиналып қызықты интеллектуалды ойындар ойнау, оқыған әдеби кітаптарды талқылау, әндерді орындау т.с.с. қызықты да мағыналы іс-шаралар ұйымдастыру группаластарды әр қырынан танып білуге мүмкіндік берді. Е.Нояновтың әдеби, тарихи кітаптарды оқуға, оны талқылап, талдауға зор қабілетін бірден байқадық. Старостамыз Еділдің отбасы туралы мәліметтерді әңгімелесу барысында біле бастадық. Е.Нояновтың атасы Жанғұтиев Шыңғали орысша сауатты, Кеңес үкіметінің тұсында түрлі саяси оқиғаларға, нақты айтқанда 1930-1933 жылдары қазақтарды ашаршылықтан құтқару комитетінде жұмыс қатысқан азамат болғанын білдік. Жанғұтиев Шыңғали 1937 жылы Орынбор губерниясы, Ақбұлақ ауданының райком хатшысы қызметінде жүріп, репресияға ұшырап, ату жазасына кесілген. Ал Еділдің әкесі Ноян 1953 жылы Сахалин аралдарында әскери қызметте болған. Әскери міндеттін өтеген соң Әбдірахманова Жамалға үйленіп, Жамбыл облысында жаңадан ашылған Кіші Қамқалы аулына көшіп келген. Осындай тағдырдың тәлкегіне түскен отбасынан шыққан Е.Ноянов есейе келе, мектеп қабырғасында 5 сыныпта оқып жүргенде  «тарихшы болам» деген шешім қабылдайды.

Ауылшаруашылық жұмыстар аяқталған соң қазан айының алғашқы күндері университеттегі сабақтарымыз басталып кетті. Ауыл шаруашылығы жұмыстарынан кейін біз 101, 102 топтарға бөліп ҚазҰУ қалашығындағы №6 жатаханаға  орналастық.  Ол кезде жатақханадан орын алып орналасу қиын еді. Мектепте таныс емес көп пәндердің оқытылуы да бізге алғашқыда оңай болмады. Алғашқы семестрде оқытылатын пәндер қатарында КПСС тарихы пәні де болды. Бұл пәннің сееминар сабақтары сұрақтарын талқылау үшін  арнайы күні мен сағаты белгіленген уақытта жатақхананың оқу залына жиналатынбыз. Сондықтан да жатақханада тұратын студенттер үшін семинар сабақтарына дайындалу әлдеқайда жеңіл болды. Студенттік күндердің алғашқы күндері таныстықпен басталып кейіннен күнделікті сабақтарға қызу дайындық жатақхана бөлмелері мен оқу залындағы пікір-таласқа ұласып жататын! Лекция, семинар сабақтарынан кейін аз-кем түстеніп алған соң, сол кездегі Алматы қаласының орталығында орналасқан А.С.Пущкин атындағы кітапханаға барып түнгі сағат 22.00.-ге дейін, яғни ол жабылғанша келесі семинар күн тапсырмаларын орындайтынбыз. Факультеттің 1 курсында 2-ақ қазақ тобы болды. Оның біреуінде топ старостасы  - Садықов Манарбек болса, екінші топтың старостасы -  Ноянов Еділ болды. Қос топтың рухани жетекшісі - Кәрібаев Берекет болды. Еділдің топ старостасы болып тағайындалуы оның  еңбек өтілінің болуы және лидерлік қасиеттеріне байланысты болды деп ойлаймыз. Білім алуға ерекше талпынысымен қатар старостамыздың адамгершілік қасиеттері де жоғары болды! Сессия соңында студенттерге стипендия тағайындау бойынша коммисия құрылып, оның құрамына комсомол, кәсіподақ ұйымдарымен бірге факультет деканының орынбасары кіретін. Топ старосталары комиссияға шәкіртақыға үміткер студенттерді анықтауға қатысады. Сондай жауапты кезде Е.Ноянов топ студенттерінің бойындағы қабілеттерін ескеруге тырысатын әрі ешкімді бөліп-жармай қоғамдық жұмыстарға қатысқанын ескере отырып шәкіртақысыз қалдырмауға тырысатын.

Университеттегі студенттік жылдарында белгілі тарихшы-ғалымдар У.Х.Шалекенов, Ә.Хасенов, С.М.Мәшімбаев, С.Жолдасбаев, М.Қойгелдиев, Қ.С.Қаражан, Ә. Т. Төлеубаев т.б. белгілі профессорлардан дәріс тыңдап, білім алдық. Ноянов Еділ 1964 жылы, 16 сәуірде Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының, Кіші Қамқалы аулында  дүниеге келген. Университетте білім алып жүрген жылдары Е.Ноянов археология және этнология кафедрасында маманданды. Ол кезде болашағын ойлайтын студенттер КОКП тарихы, КСРО тарихы мәселелерімен айналысуды жөн көретін. Ал Е.Нояновты сол кездегі қазақ халқының тағдыры, демографиялық жағдайы, шет елдегі қазақтардың жай күйі қатты алаңдататын. Кеңестер Одағы тұсында ұлт тарихын, оның әдет-ғұрыптары мен мәдениетін зерттеу аса құптала бермейтін. Алайда, Еділ өзінің ұстанған бағытынан таймай кафедраның жетекші мамандары Ә.Ораззбаев, М.Елеуов, Н.Алдабергенов, Ә.Төлеубаев сынды ғалым ағаларынан дәріс тыңдап, профессор У.Х.Шалекеновтің жетекшілігімен курс жұмыстарын, диплом жұмыстарын жазуды дәстүрге айналдырған болатын.

Біздің студенттік, яғни 1985-1990 жылдарда  КОКП Орталық Комитеті Бас хатшылығына М.С.Горбачевтың келуімен Кеңестер Одағында реформалар жүргізіле бастады. Бұл реформалар кезеңі тарихта «қайта құру», «жариялылық» атымен қалды. Еліміздің демократияға бет бұруы кезеңінде студенттер зор ынта-жігерін білдіргені анық. Елімізде орын алған «Желтоқсан оқиғасы», «Аралды құтқару», «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының акцияларына белсене қатысып отырдық. Е.Ноянов топтағы студенттерден жасының үлкендігі мен өмір тәжірибесінің мол боуынан қазақ салт-дәстүрін жаңғырту, ұлттың өзіне тән мәдени көздерін ашуға қатысты шараларға да білек сыбана араласты. 1988 жылы елімізде тұңғыш рет Наурыз мейрамы аталып өткені және Кеңестер Одағында өткен Халық депутаттары сьезіне депутат сайлау науқандары өткізілгені есімізде. Сондай-ақ,  қазақ тарихында 1988 жылы Алаш қайраткерлерінің ресми түрде ақталуына орай топ студенттерінің «Арманда кеткен ардақтылар» тарихи-әдеби кешін өткізгеніміз күні бүгінгідей көз алдымда!

Университетті 1990 жылы «тарихшы және қоғамтану пәндерінің оқытушысы» мамандығы бойынша аяқтап еліміздің әр өңіріне жолдама алып елімізге қызмет етуге аттандық. Е.Ноянов 1990 жылы университетті бітіргеннен кейін, жолдамамен қазіргі ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология бөліміне жұмысқа орналасты. Онда ғылыми қызметкер қызметін атқарған Еділ Ноянұлы институт жанындағы аспирантураға оқуға түсіп, профессор А.Б. Қалыштың ғылыми жетекшілігімен диссертациясын жазуды бастайды. Сол жылдарда ғылымда кенже дамыған этнология ғылымының этносоциология саласы бойынша ізденіс жұмыстарын жүргізді. Е.Ноянов ғылыми жетекшісі Қалыш Аманжол бастаған ұжыммен 1990 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Жамбыл обдысының Меркі, Луговой аудандары және Маңғыстау облысындағы Жаңа Өзен қаласында экспедицияда болып материалдар жинақтауға қатысты. Экспедиция барысында алынған мәліметтер ғалымдардың ғылыми мақалаларында көрініс тапты.

Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы коммунистік партияның тарихы оқу жүйесінен алынып, Қазақстан тарихы пәні оқытылатын тұста «қара шаңырақ» өз үздік түлектерін жұмысқа шақыры бастады. 1993 жылы Еділ Ноянұлының университеттегі ұстаздық, ғылыми қызметі басталды. 1996 жылы тарих ғылымдарының кандидатығын қорғады. Бастапқы кезде кафедрада кезінде өзіне білім берген Ә.Хасенов, С.Жолдасбаев, Қ.Қаражан рухани ағасына айналған профессор Т.Омарбеков сияқты ұстаздары ағалық көмектерін көрсетсе, кейіннен курстас достары Б.Кәрібаев, Т.Мекебаев, А.Жұмаділ, Л.Хасанаева, У.Джолдыбаева, М.Жұмаділдермен бірге «қара шаңырақтағы» ұстаздық қызметін жалғастыруда.

Бүгінгі күні өткен күндерге зерделей қарасақ, 1985-1990 жылдары университеттің тарих факультетінде оқыған қазақ тобының 50 студенті ішінде 1 - ҚР ҰҒА академигі, 2 - ғылым докторы, 12  - ғылым кандидаты шыққанын көреміз.  Олардың ішінде 7 түлек университетімізде табысты еңбек етіп келеді. Еділ Ноянұлы 2001 жылдан Қазақстан тарихы кафедрасы меңгерушісінің орынбасары қызметін абыроймен, үлкен жауапкершілікпен  атқарып келеді. Бұл кафедраны Қазақстан тарихшыларының бірегейі, профессор Т.Омарбеков басқарған жылдары қазақ тарихының зерттелмей жатқан тұстары мен «ақтаңдақтар» мәселесін зерттеп, ұлттық тарихымыздың дамуына үлкен үлес қосқаны мәлім. Тумысынан өз ііне адал, тазалықты жақсы көретін Е.Ноянов қазіргі кезде факультетте бірнеше базалық және элективті пәндерді жүргізеді. Дегенмен, оның негізгі зерттеу тақырыбы – Қазақстан мен оған іргелес мекендердегі ежелгі сақ, ғұн тайпаларының тарихы мәселелері. Тарихшы ғалым Е.Нояновтың оқыған дәрістері тың мәліметтер негізінде өте қызықты, әрі ұлттық көзқарас тұрғысынан оқытылатындықтан, студенттердің оның сабақтарына қызығушылығы жоғары. Ол тек тарих факультеті ғана емес, университеттің тарих емес факультеттері студенттері тарапынан да жоғары мәртебеге ие ұстаз. Біздің тек ғылыммен айналысып қоймай, жас буынға тәлім тәрбие беру арқылы білгенімізді жеткізе білуіміз аса маңызды. Еділ Ноянұлының білікті маман ретінде республикалық деңгейде өтетін оқушылардың түрлі олимпиадаларына төралқа мүшесі ретінде де шақыруы – соның айғағы. Қазақтың ұлы ақыны Абай айтқандай, толассыз еңбекті, таусылмас талап пен қайратты қажет ететін білім мен ғылым жолында ақыл мен арды қатар қолданып биікке көтерілуге болады. Қызығы мен қиындығы мол сол студенттік жылдары бір үйдің баласындай болғанымыз, үлкеннің кішіге қамқоры мен кішінің үлкенге ізеті деп білемін.

Е. Ноянов 4 оқу құралы, 3 электронды оқу құралы, 10-нан астам оқу-әдістемелік бағдарламаның, 50-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.  Бүгінде Е.Ноянұлының еңбектері ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі және университет тарапынан ескеріліп, марапатталуда. Жұбайы Қалмұратова Лиза әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің 1990 жылғы түлегі әрі курстас досымыз. Л.Қалмұратова орта білім беру саласында қызмет етеді. Жоғары санатты мұғалім, Кембридж университетінің тыңдаушысы, «Білім саласының үздігі» медалінің иегері. Үлкен ұлы Мирас университетіміздің Экономика және бизнес Жоғары мектебінің түлегі, бүгінде өзі маманданған «Есеп және аудит» кафедрасының ассистенті қызметін атқарып жатса, кіші ұлы Бекжан университеттің шығыстану факультетінің түлегі. Биылғы жылы шаңырақ құрғандарына 35 жыл толған мерейлі отбасының үлкен қуанышы – немересі Айым мектеп табалдырығын аттау қарсаңында!  60 жасты  еңсергелі отырған досымыз, әріптесіміз Еділ Ноянұлына отбасы амандығын тілеп, мерейің үстем болсын, әрдайым биіктен көріне бер дегім келеді!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Тарих факультеті

Қазақстан тарихы кафедрасы

Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырған профессор

Улжалғас Мухамеджановна Джолдыбаева

Пікірлер