Интернатта қайтыс болған оқушының ата-анасы қатаң жаза сұрайды

1665
Adyrna.kz Telegram
Фото: КТК
Фото: КТК

Ақтөбеде сегізінші сынып оқушысы өзінен бір-екі жас үлкен оқушылардың қолынан қаза тапқан, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі  КТК телеарнасына сілтеп.

Баланың буындастарының қолынан қаза тапқанын куәгерлер де, сараптама да растап отыр. Қазір күдікке ілінген балалар қамауда.

11 сәуір күні қайтыс болған баланың өліміне қатысты қылмыстық іс үш бап бойынша қозғалған. Тек Бексұлтанды ұрып өлтірген жоғары сынып оқушылары ғана емес, білім ошағының өкілдері де жауапқа тартылатын болады.

Ал перзентінен айырылған ата-ана жауыздыққа барған жасөспірімдерді де, алғашында қылмысты барынша жасырған білім ошағының басшыларын да қатаң жазалауды сұрайды.

"Бірақ мына балалар жазасын алса екен. Жалғыз балалар емес, осы жердегі төменгілерден бастап, жоғарғысына дейін жазаланса екен. Неге бұның үстінен іс қозғамайды? Неге қаралмайды? Неге тәртіп жоқ? Тәртіп жоқ жерде білім бола ма?” – дейді марқұм Бексұлтанның анасы Зоя Базарбаева.

Қайтыс болған Бексұлтан Әбубәкір еркін күрестен спорт шебері болған. Ол егізімен бірге спорт мектебінде сегізінші сыныпта оқыған. Ал отбасына қайғылы оқиғаның қалай болғанын Бексұлтанның сыңары баяндаған.

"Ұрған. Бір-бір жұдырықпен ұрған, төсінен. Шапалақтаған. Менің балам Бексұлтан шетте тұрған. Есіктің қасында тұрғанда шапалақпен бетінен ұрған кезде, шапалақтан еңкеймей ме, сол кезде Мирлан деген бала, оныншы сыныптағы бала тізесімен не қылған. Тізе тигеннен кейін, бала былай, есікке қарай құлағаны дәліздегі бейнекамераға түсіп қалған”, – дейді Бексұлтанның әкесі Қайрат Қалназарова.

Мектептегі әлімжеттікті басқа оқушылар да жарыса айтқан көрінеді. Белгілі болғандай жоғары сынып оқушылары күнделікті дөнер алу үшін ақша сұрап, жатақханадағы бөлмелерді де жұдырықтатып жинатып жүрген.

Ал әлімжеттік туралы жақ ашпаған білім ошағының директоры ол кезде "төбелес болғанын білмедім" деп отыр.

"Бақылаусыз дегенде, түнгі кезекшіліктегі тәрбиеші сол қабатта болған. Бірақ сол балалар сол бөлмеге кіріп кеткенін көрмей қалған. Мұғалімдерге тергеу енді жүріп жатыр. Тәрбиешілері, жаттықтырушылары, орынбасары”, – дейді Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Қайрат Әжбағамбетов.

Пікірлер