Назарбаеваның үстінен түскен шағым. Полиция іс қозғаудан бас тартқан

2252
Adyrna.kz Telegram

Полиция бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға, сондай-ақ Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Игорь Роговтың әйелі Валентина Роговаға қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартты, деп хабарлайды "Адырна" порталы "ТПК Азия" ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Бимурзиннің мәлімдемесіне сілтеп.

Бимурзин ҚазТАГ редакциясына берген сұхбатында қылмыстық іс бойынша қандай әрекеттер жасалынғанын атады:

"Осы жылдың 14 наурызында мемлекет басшысы Тоқаев Бас прокурор Асыловпен кәсіпті бопсалаушылардан қорғау тақырыбында кездесу өткізді. Ал 19 ақпанда Меғдат Қалиев екеуіміз Бас прокуратураға арыз жаздық. Президентіміздің тапсырмасына қарамастан, Бас прокуратура істі Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) жібереді, дегенмен ҚМА-дан маған ешкім хабарласпады және ешқандай тергеу әрекеттерін жүргізбеді. Олар мені Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне дейін апарды, бірақ менің Алмалы ауданына мүлдем қатысым жоқ, тіпті онда тұруға ықтиярхатым да жоқ. Біз келдік, арызымыз бойынша түсініктеме бердік, қағаз жүзінде дәлелдер әкелдік. Президент тапсырмасына қарамастан, олар құжатты дұрыс қарамады,  кеше қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, конституциялық құқығымызды қайта бұзды", - деді ол 5 сәуірдегі мәлімдемесінде.

Бимурзин Алматы қаласы Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінен Назарбаеваға және басқа да тұлғаларға қатысты арыз номенклатуралық іс ретінде есептен шығарылғанын көрсететін хаттың көшірмесін ұсынды.

"Бұл - қылмыстық істі қараудан бас тарту туралы жауап, біз қазір осы іс бойынша шағым түсірдік және оны тергеу сотына жібереміз", - деп атап өтті Бимурзин.

Кәсіпкер Роговаға қатысты жағдайға да түсініктеме берді.

"Рогова ханымға келетін болсақ, ол біздің сұхбаттарымыз бен сөйлеген сөздерімізге ашумен жауап береді. Бізді көзбен көрмегенін, сондай-ақ біздің жала жабумен және бопсалаумен айналысып жатқанымызды айтады. Бірақ бұл алдымен бекітіліп, қамтамасыз етілуі керек. Қалиевпен бірге жариялап отырған сенімхаттар, бұл компаниямыздың "ТПК Азия" ЖШС қызметіне қатысты екенін көрсетеді. Және ол біздің активтерді Sinooil-ға сатуға қатты кірісті. Жалпы, біз Қалиев екеуміз қанішер емеспіз, бұл жерде ешкімді түрмеге қамағымыз келмейді, т.б. Біз жай ғана меншік құқығымызды қалпына келтіріп, моральдық азаптың орнын толтырғымыз келеді", - деді Бимурзин.

Еске салайық, Бимурзин 28 ақпанда серіктесі Қалиев екеуі Назарбаева мен Рогованың рейдерлік шабуылының құрбаны болғанын хабарлаған болатын.

"2003 жылы (Назарбаева – ред) өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион долларды құрайтын (2003 жылғы есеп бойынша) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю станциясынан тұратын жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды басып алды. Рейдерлік барысында ол бұрынғы меншік иелерін түрмеге қамап, дене жарақатын саламын деп қорқытты. Тіпті ол күндіз Алматының орталығында кәсіп иелерінің бірінің әкесін ашықтан-ашық ұрлап әкеткен және куәгерлердің айтуынша, ұрлауға құқық қорғау қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін", - деп айтқан болатын кәсіпкерлер.

14 наурызда Бас прокуратура Назарбаеваның рейдерлік әрекеті туралы кәсіпкерлердің арызын тіркегенін хабарлаған еді.

Пікірлер