Тарихи тұлғаларды тербеткен аналар

137

Кез келген адамның ақылдылығы мен инабаттылығы балаға ақ сүтін беріп, аялап, мәпелеп өсірген анасының шынайы жылулығы мен баласына деген адал махаббатынан тарайды. Ана баласына махаббатын төгіп қана қоймай, жақсы, түзу жолды көрсетіп, болашағына бағыт-бағдар береді. Ана бойындағы бүкіл асыл қасиеттерді санамалай отырып: «Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем» деп Төлеген Айбергенов ананың жер бетіндегі қаншалықты қастерлі ұғым екенін айтып, тұжырымдайды. Көптеген жақсы қасиет, асқан талант ананың бойынан балаға даритынын ескере отырып, қазақ даласындағы аты аңызға айналған ұлы адамдардың аналары жайлы ақпарат беруді жөн көрдім. Шағын тізбекті оқи отырып, ана мен бала арасындағы берік сабақтастықты аңғарасыз.
Бұл тізбекті бастайтын көшпенді халықтың ұлы ғалымы-Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың қазақ тарихындағы тұңғыш ағартушы-ғалым, зерттеуші-саяхаттаушы екені баршаға мәлім. Ол санаулы ғана ғұмырында Ыстықкөлге, Құлжаға, Қашқарияға сапар шегіп, құнды дүниелер жинақтап, әр өлкеден жинаған мәліметтерін қағаз бетіне түсіріп, күнделік ретінде қалдырған. Оның философия, тарих, жағрафия, ауыз әдебиеті, сурет саласында құрастырған еңбектері-өте қымбат дүниелер. Шоқанды осындай ізденімпаздыққа, тапқырлыққа баулыған адамдардың бірі әрі бірегейі-әжесі Айғаным. Шоқанның әжесі Айғаным-XIX ғасырдағы қазақ әйелдері арасынан шыққан қоғам қайраткері, Абылай ханның келіні. Айғаным ханым Шоқан үшін нағыз «даналықтың кемел мектебі» болды. Бала кезінен Шоқанға қазақ халқының ежелгі аңыз-әңгімелерін,өткен тарихын айтып, оны өнерге, білімге жетелеген. Шоқан ер жеткен кезде оны білімін толықтырсын деген мақсатпен Омбыдағы кадет корпусына оқуға жібереді. Сонымен қоса,әжесі Айғаным бала Шоқанды сурет салуға, мүсін жасауға баулыған. Бұл дерекке оның досы әрі ғалым Г.Н.Потаниннің Шоқан туралы бөліскен естеліктері дәлел: «Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып-ақ сурет сала білетін». Осы деректерді негізге ала отырып «Айғаным ханым ел ісіне араласумен қатар, бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп, асқан зерек, дарынды қазақтың біртуар азаматын тәрбиелеп өсірген» деген тұжырымға тоқталамыз.
Қазақтың ақылгөй аналары жайлы сөз қозғағанда ұлы ақын Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан есімдерін айтпай кету мүмкін емес. Әжесі Зере мен анасы Ұлжан аузынан естіген ертегі-аңыздар-Абай сусындаған халық әдебиетінің алғашқы үлгілері. Жас Абай жұмсақ мінезді, мейірімді анасынан, ал көркем сөзді, көрегенділік пен тапқырлықты әжесінен бойына сіңіріп өскен. Ұлы ақын жайлы жазылған даңқы әлемге жайылған «Абай жолы» романында Абай оқудан үйіне оралған сәтте аналарының жанында ұзақ уақыт болып, бойындағы ізгі қасиеттерді толықтырған деп көрсетілген. Анасы Абайға: «Үлкендерді көрген жерде сәлеміңді түзу бер»-деп үнемі ескертіп, үлкендерге құрмет, кішілерге ізет көрсетуге баулиды. Абайдың бойына тек жақсы қасиеттері дарытқан Зере мен Ұлжан есімдері-тарихта қалған аналар арасында әрқашан шоқтығы биік болып қала бермек.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Бейімбет Майлин бала күнінде көпті көрген, сөзге шешен аналардың қолында тәрбиеленген. Әкесінен жастай жетім қалған Бейімбет шешесі Гүлғизар мен әжесі Бойдастың қолында өседі. Әжесі Бойдас сөзге жүйрік, дарынды кісі болғандығын Бейімбет өз естелігінде: «Үлкен шешем де өлеңге өте әкес адам еді, ескі қиссаларды тыңдап болып, бірер күрсініп алып өзі өлең айтатын еді, кейде маған қарап күлімсіреп: «Қарағым-ау, сен жоқта мен өлең шығарып қойдым»-дейтін еді»,- деп жазған. Бұл жазбалардан Бейімбетке ақындық өнердің әжесінен бойына дарығанын анық байқаймыз. Осылайша Бейімбет ақындық қабілеті бар әжесінің қолында болып, ол кісіден сөзге шешендікті үйренеді.
Келесі кезекте туындылары әлемдік әдебиет қорына енген, қазақ халқының атақты көсемсөз шебері-Мұхтар Әуезов. Абайды ерекше сүйіп оқып, «Бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жуық жаттап алған» Мұхтардың сана-сезімін, ақыл-ойын дамытқан әжесі-Дінәсіл. Атасы Әуез бен әжесі Дінәсіл немерелеріне Абай өлеңдерін қайта-қайта айтқызып, тыңдап отырған. Әжесі мен атасының бұл тәрбиесі Мұхтардың оқуға деген құштарлығын оятып, зейінін ашып, білімін арттырған. Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов пен Ұлы Абай есімі бірге айтылуы осыдан болар.
Ұлы дала төңірегінде «Мен қазақпын» деп үн қатқан ақиық ақын Жұбан Модағалиев өнер нәрін анасының бойынан сіңірген. Әкесінен жастай жетім қалған ақын өз анасы Зеріптен алған тәлім-тәрбие жайында: « Сірә, ақындық қабілеті менің қаныма ана сүтімен сіңсе керек. Анам жас кезінде қазақтыі батырлар жырының небір әдемілерін ұзақты түн жатқа айтатын, ақындар айтысынан қалмайтын» деп анасының дарынын өзіне де берілгендігін айта кетеді. Қазақта тұлғаңда қандай да бір өнерің болса: «Кімнен дарыды? Анаңнан ба, әкеңнен бе?» деп міндетті түрде сұрайды. Міне, патриот ақынның естелігі осы қағидаға негізделген сияқты.

Аталған тарихи тізбектен ғалым да, ақын да, алып батыр да анадан туатынын ұғынамыз. Қазақ әдебиетінде де, қазақ тарихында да тағдыры ананың ақ сүтімен өрілген аңыз адамдар жетерлік. Қазіргі таңда сол ананың ыстық махаббатымен қоса асыл өнерін де, ғажап мінезін де бойына сіңіріп бой жетіп, ер жетіп келе жатқан ұрпақ аз емес. Сондықтан да балаларына рухани азық , рухани қазық болып, заман ағымының жылдамдығына қарай бағыттап, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған аналарымыздың есімі тарихта алтын әріптермен жазылуы тиіс.

Шалқарова Айдана Ерболқызы
Қызылорда қаласындағы №145 орта мектептің 11-сынып оқушысы

Пікірлер