Қазақ хандығы дәуірінде қатар өмір сүрген қос дінділік

2124
Adyrna.kz Telegram

Қазақ хандығы, анығын айтқанда, Жошы ұлысындағы билікке таластың салдарынан Шибан әулеті мен Тоқай Темір әулетінің тартыстарының нәтижесінде тарих сахнасына шыққан  көшпелі ұлыс.

Алайда шыт-жаңа құрылған ел емес,үйткені элита 1206 жылдан бері жалғасып келе жатқан Шыңғыс әулеті, халқы сол Шыңғыс қағанды ақ киізге көтерген шығыс түрік даласының көшпенділерімен Дешті қыпшақ көшпенділерінің араласуынан қалыптасты. Біздегі басты тақырып қазақ даласындағы діндердің және сенімдердің нақты қалай болғаны туралы болмақ. Қазақ даласының мүлде көпшілік жері егіншілікке қолайсыз болғандықтан тұрғындарының көбі малшаруашылығымен айналысты, соған орай Түркістан облысы аумағынан өзге өңірлерде егіншілік жоқтың қасы болды, қала-кенттерде болмады. Ал Түркістандағы қала кенттерінде қазақтардан гөрі сарт халқының окілдері басым болды, оларда ислам діні 10- ғасырдан бері орныққан еді. Ал басым көпшілік көшпенді қазаақтарда (қазақты  құраған ру-тайпаларда) исламды қабылдау 1313 жылдары Өзбек ханның тұсында басталды,  содан  бастап  ислам Алтын орда элитасының басты сеніміне айнала бастады.

14-15 ғасырдағы діни сенімдер

Өтеміс қажының «Шыңғыснама» еңбегінде Өзбек ханның ислам дінін қабылдағаны айтылады, алайда бұл тұтас Алтын орда көшпенділерінің  исламдануы емес тек биліктегі Жошы әулетінің исламды қабылдауы болатын. Өзбек исламды элиталық дін етіп Қырымда үлкен мешіт салдырды. Ол Алтын Ордадағы моңғолдар арасында буддизм мен шаманизмге тыйым сала бастады, 1315 жылы Өзбек Орданы сәтті исламдандырды және оның діни саясатына қарсы шыққан Жошы әулеті ханзадалары мен будда ламаларын өлтірді.

Өзбектің бұл саясатына қарсы қазіргі Қазақ жерін тіке билеп отырған Орда Ежен ұрпағы Ерзен хан қарсы шықты, Өзбек пен Ерзен арасында соғыс болып , нәтижесінде Жайықтың шығысы Ақорданың дербестенуіне алып келді.  Алайда Алтын орда зайырлы мемлекет еді, онда христиан дініне сенетін орыстар, армияндар, поляктар, ислам дініне сенетін хорезмдіктермен бұлғарлар(қазан татары), иудаизмды ұстанатын еврейлер қатар өмір сүріп ешқайысына исламды зорлап таңған жоқ. Ал далалық көшпенділердің дені тәңірлік дүние тамынды ұстап қала берді. Қиыр Шығыс аумағында несториандықты, тіпті буддизмді ұстанушылар да болды.

Қырымдағы Өзбекхан салдырған мешіт.

Көшпенділердің батыс қанатында исламның жалпыласуы

Жоғарыда айтылғандай Алтын орда - зайырлы мемлекет, Өзбектен басталған ислам діні алғашында тек билеуші тап арасында ғана тарады, жалпы далалық көшпенділерге тарап  кетпеді, үйткені үлкен қарсылыққа жолықты. Ал Алтын ордада ислам отырықшы қалаларды жақсы тарады, оны Ибн Баттутаның естелігінен білуге болады: «... Бұл далада олар арбамен жүреді, жол жүру мерзімі алты айға созылады, оның үш айы Мұхаммед Өзбек ханның жері. Біз бұл гаваньға келгеннің ертесі күні біздің жолдастарымыздың арасындағы бір көпес сол далада Қыпшақ деген атпен белгілі халыққа барып, олардан ат арба сұрап алды. Олар христиан дініне сенеді... Біз ат-арбаға отырып, Кафа деген қалаға келдік, бұл теңіз бойымен (Қара теңіз) созылып жатқан үлкен қала. Онда көпшілік бөлігі Генуэздерден тұратын христиандар, олардың әмірінің аты Эльдемедир. Біз мұндағы мұсылмандар мешітіне топталдық» (Адамзат ақыл-ойының қазынасы тарихы. 3-том. 51-бет).

Көшпенділер ортасындағы ислам діні

Тарихи деректер бойынша Алтын орданың батысы, яғни Еділ, Жайық, Дон, Днепрді жайлаған көшпенді жұртқа ислам дінін жалпыластырушы - Едіге би. Едіге Алтын ордадағы моңғол ақсүйегі, моңғолдың маңғыт руынан, Алтын ордада моңғолдың қият (Шыңғысханның руластары) пен маңғыт ең ықпалды рулар болған. Едіге Алтын орда ханы Тоқтамысты өлтіріп, Ноғай ордасының негізін қалады. Ол ислам дінін ұнатып  берік ұстанды. Мамлюк дәуірінің тарихшысы Әл-Макризи оны батыл, жомарт және «ислам ғұламаларын жақсы көретін және тақуаларға жақын болуға ұмтылған» адам деп сипаттайды. Ораза ұстаған, Ислам заңдарын ұстанған салих мұсылман болғаны үшін мақтайды. Әл-Макризи сондай-ақ Едиғудың татарларға өз ұлдарын сатуға тыйым салғанын және осы себепті олардың көбісін Мысыр мен Сирияның Мамлюк елдері сатып алынғанын айтады.(  المقريزي, تقي الدين (2002). الجليلي, محمود (ed.). درر العقود الفريدة في تراجم الاعيان المفيدة (in Arabic). دار الغرب الإسلامي. p. 436).

Ал көшпенділерді Едігенің исламға кіргізгенін Венеция ақсүйегі, 1434 жылы  Батыс Дешті Қыпшаққа саяхат жасаған Иософат Барбарода растайды. Оның айтуы бойынша: « Мұсылман діні басқа мемлекеттердегі сияқты Татар даласынада тарады, осыдан 115 жыл ілгері(1313 жылғы Өзбектің ислам дінін қабылдауын айтып отыр) олардың кейбір бөліктері ғана мұсылман дініне табынғанымен , қалғандары басқа дінді еркін ұстана алатын еді. Осы себепті көпшілігі ағаш және жазба бұдқа тағзым етіп (Бұл Рубрук пен Карпини айтқан татарлардың ата-бабасының бейнесін киізден жасап аруағына бас ұруы, буддизммен қатысы жоқ)  , оларды өздерімен бірге арбаларында алып жүретін. Татарлар бүкіл халық болып исламды Едігенің кезінде татар ханының әскери басшысы Сайд Ахмет хан тұсында қабылдауға мәжбүр болды» (Адамзат ақыл-ойының қазынасы тарихы. 3-том. 449-бет). Десе де Ноғай ордасының көшпенділері бес уақ намаз оқып, мешіт салып отырықшы халықтарша исламды ұстанып кеткен жоқ. Тәңір мен алла қатар айтылатын, алланы тәңірдің синонимі ретіндегі құдыретті жаратушы деп түсінді. Осы ноғай ордасының маңғыт ақсүйегі Асан қайғының жырларына қарайық:

Атадан алтау тудым деп ,

Асқынып жауап айтпаңыз.

Алғаным асыл ару деп,

Күн шығарып жатпаңыз.

Атамның малы көп-ті деп ,

Атты басқа тартпаңыз.

Есеніңде тіріңде,

Бір болыңыз бәріңіз.

Ахиретке барғанда,

Хақ қасында тұрғанда,

Қыдырдың өзі болғай жарыңыз. (Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 61-бет)

Асан қайғы  қазақ поэзиясында, аңыздарында өзіндік орыны бар тұлға. Исламды ұстанғанына еш күмән жоқ, деседе араб, парсы немесе Мәуераннахрдың  мұсылмандарынан өзгеше далалық дүние танымды жоққа шығармаған адам. Араб, парсы, Мәуераннахрдағы мұсылмандар шариғатты қатаң ұстанатын, оларда аруақ, қобыз, бақсы исламға қайшы, жыраулықта оларда ширік саналады.  Асаннан кейінгі ноғайдың маңғыт жырауы Доспанбет жырау былай толғайды:

Айнала бұлақ басы тең,

Азаулының Станбұлдан несі кем.

Азаулының  Аймәдет Ер Доспанбет ағаның,

Хан ұлынан несі жоқ?

Би ұлынан несі кем?

Тәңірдің өзі берген күнінде,

Хан ұлынан артық еді менің несібем! (Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 62-бет)

Доспанбеттің жаратушыны тәңір деп жырлауы Едігенің тұсында көшпенділердің исламды қабылдағанымен көне далалық тәңірлік дүние танымын тәрік етпей оны қатар алып жүргенін көрсетеді.

Осы екі жыраудың ізін басқан атақты Шалкиз жыраудың жырларына қарайық:

Жапырағы жасыл жаутерек,

Жәйқалмағы желден дүр.

Шалулығы белден дүр,

Төренің кежігуі елден дүр,

Байлардың мақтанбағы малдан дүр,

Ақкиіктің шабар жері майдан дүр,

Кешу-кешмек сайдан дүр,

Батыр болмақ сойдан дүр,

Жалаңаш болда жауға ти ,

Тәңірі өзі біледі,

Ажалыңыз қайдан дүр!

Темір биді қаж сапарынан тоқтатуға айтқаны:

Әй хан ием сұрайын:

Тәңірдің үйі кебені,

Ибраһим Халли алла жасапты,

Ғазырейіл жан алмаса қасапты.

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң.

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірдің үйі байтолла,

Сұлтан ием қарсы алдыңда жасапты.

Асыл туған батыр ер,

Тоқсанға жасы жетпей қарымас.

Тәңір өзіне бермесе,

Менменсіп жүрген ер жігіт,

Кісіден тартып алып жарымас.

Тәңірі жанын алмаса,

Тау аралап жол салмай,

Тас аралап құс салмай,

Арқаның бауырын қыдырмай,

Арғымақ ару аттар артпай,

Жат жерге барып өзін танытпай,

Өзден боламй би болмай,

Атаның батыр туған ұлына,

Ойда жатмақ ұсарма?

Атадан алтау тудым деп,

Салмақтама немеңді.

Салмақтасаң немеңді,

Тәңір тесер тебеңді. ( Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж.65-77 беттеріне дейін)

Шалкиздің ұстанымы исламға керағар сияқты көрінеді, үйткені ол Темір биге қажыға барудан гөрі өз елінде сауапты істер іс істеуге шақырады. Десе де ислам дінінен сауаты барлығыда аңдалады. Бір айта кетерлігі 19- ғасырдың ортасына дейін ислам дінін мықты ұстанбасада өздерін мұсылман санаған қазақ хандарымен билерінің ешқайыссының Меккеге қажылыққа барғаны туралы дерек жоқ.

Қазақ  даласына ислам қалай тарады? 

Жоғарыда 1434 жылдарға дейін Алтын орданың батысындағы көшпенділерге Едігенің ислам дінін таратқанын, күштеп исламға кіргізгенін айттық. Ноғай ордасының шығысы Жәйіқтан шығысқа қарайға жерлерде ол кезде Жошының бесінші ұлы Шәйбан әулеттерінің билігі жүріп тұрды, кейінгі кезде Жошының он үшінші ұлы Маңғыстауды билеген Тоқай Темір әулеті күшейді, Ұрыс хан мен Тоқтамыс ханның тұсында Орда еженмен Шәйбан иелігінде Ұрыс ханмен Тоқтамыс бастаған Тоқай Темірлердің билігі орнады. Едігенің тұсында Мәуераннахрдағы моңғолдың барлас руының ақсүйегі Әмір Темір бас көтеріп, үлкен империяның негізін қалады. Негізі Қазақстанның басым көп далалық аймақтарына ислам осы дәуірде екі бағыттан тарады: Бірі - Мәуераннахрдағы Темір мемлекеті арқылы, екіншісі Ноғай ордасы арқылы. Темір Тоқтамыс ханның Алтын ордадағы билігінің күшейіп бара жатқанын көріп оны ауыздықтау үшін маңғыт Едігені өзіне одақтас етті. «Малта ас саддайн ва маджама ал-бахрайн» атты еңбектің авторы Әбду Ар-аззақ Самархандидың айтуынша:

«Өзбек жеріндегі әмір Едігеден оралған Табышы Албан Едігенің өзіне жасаған қызметіне риза екенін білдіріп, тағы Едігенің : Мен ұлы мәртебелінің(Әмір Темір) барлық айтқандарын орындайтын құлымын. Сондай-ақ ұлы мәртебелінің достық құшағын жәйіп ,қастық ойлағандардың сөзіне көңіл аудармай , өзара дәл түсінік ашқанына дән ризамын- деген сәлемінде жеткізді» (Адамзат ақыл-ойының қазынасы тарихы. 3-том. 306-бет).

Әбілқайыр билікке жеткенде қазіргі Ресейдің Орал тауы маңындағы Чинги –турада хан көтерілген. Ол туралы "Тарихи гузидай Нусратнамада" айтылады:

«Оның заманында (Әбілқайыр ханның) ханның құзыретінде қылыш шауып сонымен қатар іждағат тапқан бектердің есімдері: Дүрмен тайпасынан Йақұп пен Қарағұдай бек, наймандардан Шәйіх софы...Ішкі тобынан Инлы қожа мен Софура қожа, қоңырат Әли бек ұрпақтарынан Мұхаммед бек...» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 5-том. 21- бет. "Тарих-е гузидай Нусратна).

Бұл дерекке қарасақ, бұрынғы көшпенді моғұл (моңғол)-татар әмірлерінің аттарының семиттік есімдерге ауыспағанын білер едік.  Әбілқайырдың тұсында оны қолдаған көшпенді тайпалардың әмірлері исламға бет бұрғаны анық байқалады. Ал халықтық тұрғыдан Қазақстан көшпенділерінің тұтастай исламды қабылдағанын спаттайтын дерек әлі жоқ.  Ал Әбілқайырдың 1456 жылы Сығанақ түбінде ойрат әскерінен ойсырай жеңілуі көшпенділердің наразылығын тудырды.  Екі тегі бір көшпенді халықтың соғыс тәсіліде бір, дене сапасыда қарайлас, не үшін осыдан кейінгі ұрыстарда ойраттардың үстем шығып, өзбек, моғол, қазақ, ноғайды қоғадай жапыруы ата-дәстүріне деген адалдықта жатса керек. Исламда аруақ шақыру аллаға ширік қосу саналады. Ойраттан жеңілу аруағы қашудан болса керек. Көшпенділердің осы наразылығын Ұрыс хан ұрпақтары Керей, Жәнібек сұлтандар шебер пайдаланып, өзін қолдағандарды бастап Моғолстанға көшіп кетті, әрі оларды қолдаушылар барған сайын көбейіп 200 мыңнан асты, оларды Әбілқайырдың жақтастары    «қазақтар» деп атады. Ал қазақтардан жеңілген Шәйбан әулеті Мәуераннахрдағы Әмір темір әулетін басып алып Бұхар хандығын құрды, олармен қазақтардың соғысы үзілмеді, бұндағы қайшылықтар экономикалық, саяси, діни қайшылықтарды қамтыды. Діни қайшылық ушығып Шәйбани хан 1508 жылы "қазақтар мұсылман емес" деп ғазауат соғыс ашады.  Осы дәуірді сипаттайтын Рузбехан Исфаханидың дерегінде қазақтардың салты, діни сенімі былай делінген: «Сенімді адамдардың әңгімесіндей олардың ортасында (қазақтарда) бұдқа табыну , жерге табыну салттары кең таралған. Сенімді адамдардың айтқанындай олардың ортасында олардың өздері табынатын құдай бейнесі бар.  Бейнеге табыну бұл күпіршілік, құдай заңын қорлау... Демек қазақтар исламды қабылдағаннан кейін аруаққа табынса,  ол бұдқа табынғаны . Бұл жағдайда олардың аруаққа табынғаны діннен безу, бұдқа табынушылық болатынын білмеуі есепке алынбайды... Бірақ бұл шарт қазақ халқына қатысты емес, себебі олар исламды қабылдағанына 200 жылдан асса да, үлемдері және ғалымдар жан-жақтан Түркістан мен Мәуераннахр үлемдері ,енді бір жақтан Қажы-тархан үлемдері,  Дербенд-ширван үлемдері ,Хорезм, Хорасан үлемдері келеді. Көпестер қазақтарға ислам елдерінен келіп тұрды, оларға ислам  парызын жаттатады, қазыр олардың хандары, сұлтандары  мұсылмандар ,олар құран оқиды, намаз оқиды, балаларын мектепке береді, ораза ұстайды, неке оқытпай үйленбейді. Алайда бұл ережелер қазақтардың арасына таралмайынша олар оны орындамайды. Олар осы білімді алып, аруаққа табыну бұдқа табыну екенін білмедік деп қалай айта алады?»( Адамзат ақыл-ойының қазынасы тарихы, 3-том. Рузбехан Исфахани. Бұхара қонағының естелігі. 364-бет)

Бұндағы деректе исламды қабылдағалы 200 жыл деп 1313 жылғы Өзбек ханның исламды қабылдауын айтып отыр, алайда ол қабылдау тек элита ішінде болғанын жоғарыда айттық. Ал қазақ хандары мұсылман екеніне күмән жоқ, алайда отырықшы халықтар сияқты шариғат үкімдерімен жүрмейді, олар әрі тәңірлік дүние танымды құрмет тұтады, ол арқылы көшпенділердің көңілін тапса, мұсылмандықтары арқылы өздері билеп тұрған Түркістан, Сауран, Сығанақ сияқты қалалар мен кенттердегі отырықшы сарттарға бөтен болмайды. Бұнда ислам көпестерінің қазақтар арасына үнемі келседе қазақтардың көне салтын аруақшылдығын қоймай отырғаны байқалады. Тағы қазақтардың мұсылмандықтың шарттарын орындамайтынын айтады, анығында бұл үрдіс 19- ғасырға дейін жалғасқан. Жоғарыдада атап айтқандай қазақтар бұдқа табынбаған , 13- ғасыр деректерінде көрсетілген ата-бабаларының мүсінін салып соған сиынған.

Мұхаммед Шәйбанидың ғазауат соғысы кезінде оның әскері Ұлытауға дейін келіп, елді қырып –жойып тонайды. Тіпті аюандықпен әйелдерді аяқасты еткендей мұсылмандыққа жат қылықтарға барады.

16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың басындағы қазақ жеріндегі ислам

16 ғасырдың 20- жылдарынан кейінгі 20 жылда Қазақ хандығы ішкі қырқыстан әлсіресе де Хақназар ханның тұсында қайта күшейді. Десе де Бұхар хандығының ықпалына түсті, Тәуекел сұлтан Абдолла ханға қызмет көрсетеді, соның ықпалымен қазақ даласына тағыда бір рет ислам діні тарайды. Бұл туралы Мұхаммед Садық Қашқаридың еңбегінде атап көрсетілген:

«Хазырет Ишан Қожа Ысқақ Уәли (алла оған рахымы риза болсын) Абд әл –Кәрім ханның (1560-1591 жылдары Қашқарияны билеген) шақыруымен Қашқарға келеді. Абд әл-Кәрім хан ілтипатпен қарсы алып Қожа Ысқақ Уәлиді Қашқарға отырғызды. Ханнан бақыт құсы ұшып , сол жағдайда хан Хазырет Ишанды  мақұл көрмеді, ілтипатсыз болды, қырық күндей кездеспеді, бағасыз, кәрі торы атты жіберді. Хазырет Ишан оны көріп түсі бұзылып мынаны айтты: Біз сол үшін деп келсек, Ол бізге қылмыс қылама? Әлбетте бізді бұл жерден кетірмек- деді. Үш күннен кейін ханнан Хазырет Ишанды өз өлкесінен шығуын сұраған хат келді.

Хазырет Ишан жарандарымен қырғыз- қазақ еліне келіп , ол жерлерде соншама кереметтер көрсетті: Дұғалармен өліктерге жан бітіріп, ауруларға шипа беріп, шөлдерден бұлақ ашып, бұдтардан калима-йи шариф дауысын келтіріп , сиректе ғажайып істер жасап , он бұдхананы сындырып 180 мың кәпірді иманға келтіру мүмкіндігін алады, тура жолға салады» (Мұхаммед Садық Қашқари. Тазкира-йи азизан. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері 4-том. 70- бет. Қожа Ысқақ Уәлидің қырғыз-қазақ жерлерінде ислам таратуы).

Бұнда көрсетілген 180 мың халық сол кездегі Қазақ хандығындағы көшпенділердің 20 пайзы десек артық емес, ал бұның денін қазақтар ұстайтыны табиғи құбылыс. Өйткені 18 ғасырдың ортасына дейін қырғыздар 50-60 мыңнан аспаған, ал одан бұрын тіпті аз деген сөз. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде қырғыздарды кәпір деп көрсетеді, ал қырғыздардың 19 ғасырдағы дінсіздігі туралы Шоқанда жақсы деректер айтқан.

Осы дәуірде Жетісу мен Қырғызстан жері қазақ ордасына қарады, ал моғолстандық көшпенділерге 1353 жылы Тұғлық Темірдің жарлығымен ислам діні таралғанын білеміз, деседе моғолдардың көпшілігінің исламды қабылдауы Мұхаммед ханның тұсында (1408-1415) болады, бірақ Әмір Темір моғолдарды(көбі Ұлы Жүздің қазақтары) дінсіздер деп оларға ғазауат ашады. 1506 жылғы Мұхаммед Шәйбани ханнан жеңілгеннен кейінгі тартыстар нәтижесінде 1533  жылы моғолдар ел жерімен қазақ хандығына қосылады. Осы тұста Бұхар саудагерлері қазақ даласының солтүстігі мен Сібірдегі Сібір хандығына ислам дінін тарата бастады.

Левшинның айтуынша:

«1558-1559 жылдары Бұхарада болған Дженкинсон "Ташкент билеушісі қазақтармен соғыс жүргізді, олар өте көп, қатыгез, ешқандай қалалары жоқ, Мұхаммед дінін ұстанатын халық,"- деп жазған (Адамзат ақыл-ойының қазынасы траихы, 4- том 208-бет). Бұл пікірмен толықтай келісуге болмайды, өйткені Қазақ хандығында қос дін қатар өмір сүрген, ал қазақ хандары үстірт болса да исламды ұстанған, ал көшпенді қазақтарда дін ұстанатындар өте сирек болған.

Осы дауірдегі қазақтың атақты жырауы Жиембет, оның мынадай жырлары бізге жеткен:

Әмірің қатты Ер Есім,

Бүлік салып бұйырдың,

басын бер деп батырдың,

Қанын ішіп қанбаққа,

Жанын отқа салмаққа,

Атадан жалғыз мен емес,

Хан ие ісің жөн емес,

Жолбарыстай Жолымбет,

Құрбандыққа қол емес.

Жол тосып алып кетіпті,

Қалмақтан алмақ сиыңды,

Қаһарыңды басқалы,

Менің елім жиылды,

Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биің ды.

Малын салып алдына,

Әр саладан құйылды,

Он екі ата байұлы,

Бір тәңірге сиынды. ( Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 81-бет). Жиембеттің жырынанда сол дәуірде қазақ арасына ислам таралсада тәңірді жаратушы ие  ретінде мойындаудың әлі де сол қалпында жалғасып отырғанын көреміз. Бұлар ғана емес, Қазақ хандығы тұсындағы батырлар жыры мен тарихи жырларда да тәңір жиі айтылады.

Әр бәденге ылайық,

Өзіне тәңірім қосқан жар,

Малы кемнің зары бар,

Әр адамның өзінің ,

Ылайықты жары бар (Қобыланды жырынан)

17 ғасыр мен 18 ғасырдағы қос сенім дәуірі

17 ғасырдың ортасында Қазақ хандығының шығысындағы Жоңғар мемлекетінің күшеюіне байланысты Қазақ хандығының өрісі тарыла берды. 1680 жылдары таққа отырған Тәуке хан саяси реформалар жасады,соның бірі көшпенділердің Шыңғысханнан бергі жалғасып келе жатқан далалық заңдарына ішінара өзгерістер енгізіп, «Жеті жарғы» деген заңдар жинағын шығарды. Тәуке ханның кезінде Түркістанда мекендеген 10 ғасырдан бергі дін өкілдері қожалар жүзге жатпайтын ру ретінде қазақ құрамына кірді, әрі оларға ерекше құқық берілді. Сондай-ақ бұрындары болмаған тармақ енгізілді, ол болса жеті жарғыдағы : “Кімде-кім өзге дінге өтсе тас боран етіп өлтірілсін!” деген тармақ еді. Ал өзге тармақтары бұрынғы дала заңдарымен үндес болды. Қазақ хандығы Шыңғысхан империясының және одан кейінгі Алтын орданың заңды жалғасы болғандықтан заң ережелер “Шыңғысханның ясасын” негіз етті.

Бірақ айта кететін түйін : Ешқашан да Қазақ хандығы ислам дінін мемлекеттік дін еткен, ислам шариғаттарын мемлекет заңы ретінде ұстанған емес! Осы ерекшелігімен көршілес Мәуераннахр, Ауғанстан, Қашқариядан айқын өзгешеленіп тұратын.

Қазақ хандығындағы исламды берік ұстанатын тұрғындар - сарттар

Сарттар

Қазіргі Түркістан облысы мен оған іргелес аудандарда ежелден мекендеп келе жатқан отырықшы халық - сарттар. Олар 13 ғасырдан бұрын соғдылар деп аталса, кейін сарттар деп аталды, 1924 жылы кеңестік жүйе орнағаннан кейін бұл атауға тиім салынып сарт халқы өзбектермен біріктірілді. Сарттар Қарахан мемлекеті дәуірінен бері ислам дінін берік ұстанып , шариғатпен өмір сүрген. Сарттар - тілі түркіленген шығыс Иран халқы. Қазақ Ордасының орталығы Түркістан қаласының тұрғындарының дені сарттар болды, қала маңындағы қыстақтарда да солай болаты. Тауыш мерген Түркістанда мың адамдай қазақтар тұрады деген, ал қазақ хандығының астанасы болған қалада кемі 15-20 мың халық болуға тиіс, ал басым көбі сарттар еді, оны 1897 жылғы патшалық Ресейдің санағындағы мына сандардан білуге болады:

Сарт – 8933 адам.

Қазақ – 1415 адам.

татар – 513 адам.

Орыс - 230 адам.

Кішкентай орыс - 82 адам.

Поляк – 46 адам

Парсы - 19 адам

Басқалар – 15 адам.

Алайда Түркістан маңында:  «1738 жылға дейін Орта жүздің ханы болған Сәмекенің тұсында Түркістан аймағында тек Қоңырат, Арғын, Найман рулары ғана өмір сүрді.  Сәмеке ханнан кейін оның ұлдары Түркістан аймағын (Қарнақ, Сауран, Отырар, Созақ, Өгізтау) Әбілмәмбет хан (1739-1771) мен Сейіт хан (1741-1745) және Есім хан (1750-1798) билеп, бұл хандардың иелігінде Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ рулары болды. Тіпті, Түркістанның соңғы ханы Әликеннің тұсында (1858-1860) бұл өлкеде Қоңырат, Қыпшақ, Сарыүйсін рулары өмір сүрді»  деп баяндайды.

Сығанақ қаласының тұрғындары сарттар болған, “Сығанақ жарлықтарында”:

“Ол мәңгі жаратушы біздің жарлығымыз: Әбулғазы Әбдулла хан баһадүр сұлтан. Қазіргі уақытта барлық ұлы саййидтарға (Мүмкін сейтәлі қожалар?) ізгі ниетті шейхтарға, адамзат имамдарына, қызыметі жоғары дінни ғалымдарға, құрметті әмірлерге, құрметті арбабларға, мыңбегілерге, жүзбегілерге, михаварларға, раятларға, жергілікті тұрғын жамағаты мен сол жерде тұратындардың бәріне, ауылдарда тұрақты, қыстақтарда жартылай  отырықшы тұратындарға, көшпелі өмір сүретін аймақтарға, лауазымды адамдарға, арабтарға, түркілерге, қазақтар мен қарақалпақтарға мәлім болсын:

Биік қадыр-қасиетімен ерекшеленген Мәулана Камал ад-дин шейх садырәл-ислам біздің көшпенді тайпаларымыз  мен оның(Мәулана Камал ад-динның) арықтарына нұқсан келтіргенін біздің мәртебелі назарымызға жеткізді. Біз осы негізде көрсетілген уақытта әмір еттік: Хисаршық бұлағынан басқа Тоқтамыш бұлағы, Қараш бұлағы, Келте жарғийа арығы, Қызылтал арығы, Арыстанды арығы, Жолақ арығы, Мыңбұлақ арығы- Сығанақ тұрғындарының мүлкі. Үйткені аталған Хисаршық арығы рахымет алла ғәләйһ Хазырет Аллама Әбул- хасан Зийа адин шейх-Сығанаұи мазарының уахыпына қаратылған. Айтылған топтар тұрғындары бұл нұсқауды бекітілген деп санасын. Хисаршық бұлағына жоламасын әрі ешқандай кедергі келтірілмесін! 1006ж.  “(Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 5-том. 133-134- беттер).  Жарлықтан көргеніміздей Сығанақтың отырықшы халқынан қазақтар бөлек аталады. Әрі қазақ, қарақалпақ сияқты көшпенділердің бұл араға жоламауын,егіншілікке кедергі келтірмеуін ескертеді. Адам аттарынан да бұнда айтылған діни адамдар қазақ емес сарт екені байқалады.

Қазақ хандығындағы аруақшылық, жыраулық, бақсылық

Жоғарыдағы деректерде көрсетілгендей қазақтар намаз оқудың орынына аруаққа бас ұруын тоқтатпай отырғанын көрдік. Көшпенділердің дүние танымы бойынша кісі баласы өлгенімен рухы өмір сүре береді, ол ұрпақтарына күш-медет береді деп қараған. әр дайым соғыстардаәр руөз ұранын шақырып, аруақтап жауға шабатын болған. Қазақ ұғымындағы аруақшылықтың тарихы неше мың жылдарға ары кетеді, сақтар, ғұндар, түркілер, моңғолдардан келе жатқан осы салтты 15-16-17-18 ғасырда далаға исламның үздік-создық енуі тоқтата алмады. Қазақтың” ақылгөй абызым-ай” дегендегі абызы сол тәңірлік дүние танымдағы дінни тасаттық жоралғыларымен, тойларды басқарушы беделді адам. Ал бақсылар көріпкелдік, емшілікпен айналыса берді, оған қудалау болған жоқ, үйткені Қазақ хандығында бұрынғы дала салтының сарқыншақтарына жол берумен қатар ислам дін өкілдеріде қорғалды, екі діннің ғұрыптары мидай араласып кетті. Тәңірлік дүние танымның тағы бір мұрасы - жыраулық . Жыраулар қазақ өміріндегі елеулі оқиғалардың бәрін жырға айналдырып елдің есінде қалуына үлкен ықпал жасап отырған. Қазақтың көптеген салттары әсіресе аруақшылық, бақсы-балгерлік, той,өлім-жітім салттары көбінесе ислам шариғаттарына қайшы екені рас, бірақ Қазақ хандығының хандары ел тұтастығы үшін оған тиым сала алмаған.

Үмбетей жыраудың Абылайға айтқаны:

Аруағыңа болысқан,

Әліл билік қылысқан.

Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Қу дауысты Құттыбай,

Қара керей Қабанбай,

Қанжығалы бөгенбай,

Абылай сенің тұсыңда ,

Сол бесеуі болыпты-ай!

Бірі батыр, бірі би,

Тәңірім берген сондай си!

Ақбоз атты шалғанда,

Мойыныңа кісе салғанда,

Бабай түкті шәшті Әзиз,

Содан бата алғанда,

Ұлы сәске болғанда,

Жасаған жақсы жол беріп,

Жол бергенде мол беріп,

Ойламаған бақ беріп,

Қырғызды тәңірім қақ бөліп.( Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 102-103-бет)

17 ғасырдың соңындағы исламның сәл күшеюі

Тəуке ханның - Осман империясының сұлтаны III Ахметке Ресейге қарсы одақ құру туралы ұсыныс хаты.

Үлкен тарихи құндылық - 1711 жылы Ресей мен Османдар арасындағы бейбітшілік шартын жасасқаннан кейін Түрік Сұлтаны Ахметке, Қазақ ханының хаты.

Хаттың мағынасы:

«Құрмет пен келісіммен ерекшеленетін екі ұлы қала [Мекке мен Мəдина], жер мен теңіз ханы, Ибн Хаканның ханы, Сұлтан Ахмад Ханның күші мен батылдығы, ұлылығы мен әділдігі, ұлылығы мен мейірімі, шынайы және бірауызды тән шексіз сенім; Осман ханның ұлы әулетінің ұлы әулетінің таңдаулы және құрметті ұрпағы - оның шынайы игілігінің тазалығы мен шынайылығына байланысты».

Сонда Қазақ хандығының және жалпы діннің позициясы:

«Сіздің шынайы досыңыз Ташкенттегі Афрасиабтың тағында отыр. Түркістан, Əндижан, Сайрам және басқа да халықтар сияқты біздікілер мен тәуелділермен бірге біз таңертең және кешке шариғаттың тұсаукесерінен қуанышпен дұға етеміз».

Осыдан кейін, мәселенің мәнері:

«Біздің мемлекет пен Мәскеу мемлекетінің арасында «Ака ашта» деп аталатын мемлекет бар (басқаша «Естек»). Оның тұрғындары - барлығы сүнниттер. Бұрын, бұл иелену қираған кезде Мәскеу оны күшпен басып алды. Содан бері олар Мәскеуге ақы төлейді (белгі). Енді бұл халық, оның барлық әскерімен, Мәскеуден үрейленіп, бiздiң жерiмiзге қоныс аударды. Егер сіз бізге көмектессеңіз, біз осы кəпiрлердiң 8 қаласын бағындыра аламыз. Егер біз бірлесе әрекет етсек, біз [Мәскеудің] мүлкіне нұқсан келтіреміз.

Алайда, қазақ-түрік одағы құрылмады.

Тәуке ханның тұсында жоңғарлардың, Еділ қалмақтарының қысымына байланысты көршілес Бұхар, Хиуа хандықтарымен жақын мәмледе болу үшінде исламға жақындаудың сұранысы туындады. Тәукенің онан кейінгі хандардың кеңесшісі болған Бұхар жыраудың жырларынан оның исламға деген жақындығын, сондай-ақ қазақ элитасының исламға жақындығын тағы бір қырынан көре аламыз.

Бұқар:

Бірінші тілек тілеңіз –бір аллаға жазбасқа,

Бесінші тілек тілеңіз- бес уақытта бес намаз

Біреуін қаза қылмасқа. (Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 105-бет)

Әз Тәуке ханның баласы өлгенде:

Ханымыз отыр ақ ұрып,

Халқымыз отыр бас ұрып.

Сабаны әкеп ордаға,

Құран оқыт молдаға.

Ханның сөзі түзік деп,

Орнынсыз сөзді жолдама.

Бұрынғы өткен бәрі өлді,

Қарсы болма аллаға.

Төле, Қазыбек кісіміз,

Жақсы, жаман кішіңіз,

Бұл сөзіме түсіңіз,

Дәміңізді ішіңіз,

Риза болсаң құдайға,

Түзелер сонда ісіңіз. (Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 106-бет)

Дін пұсырман болмаса,

Тіл пұсырман не пайда? (Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 112-бет)

Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас.

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес.

( Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 123-бет)

Мұсылманның баласы,

Сірә бір кеңес құрыңыз.

Бір ауызды болыңыз,

Қалған елді тастаңыз. ( Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж127-бет)

Ақтың үйі мешітті,

Ақты құдай шешіпті.

Ибрахим халил жасатқан,

Тәңірім үйі кебені.

Қожа Бахауидлин қолдаса,

Құдай тағалам оңдаса,

Қырғыз деген қатты жау,

Қадам басып жүріңіз.,

Ей, айташы алланы айт,

Аты жақсы құдайды айт,

Төрт шадияр Мұстафа,

Мұсқап ашқан ғаламды айт,

Тәңірім сөзі бұрханды айт,

Калим алла құранды айт,

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт. (Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 134-бет)

Тәттіқара:

Ассалаумағалайкум, жайсаңдар мен қасқалар!

Адам көңілін жоқтық шіркін басқа алар (Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж97-бет)

Үмбетей:

Дін пұсырман баласы,

Адамдықтан жерімес.

Тіл пұсырман баласы арамдықтан шегінбес! (Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж.97-бет)

Ақтанберді жырау:

Мекені іздеп нетесің?

Мекеге қашан жетесің?

Әзір Меке алдыңда,

Пейіліңмен силасаң,

Атаң менен анаңды!..(Мұхтар Мағауин.  Алдаспан. Ата мұра баспасы. 2006 ж. 92-бет). Деседе Бұхарға немесе басқа жыраудың ислам туралы айтқанына қарап бүкіл қазақ қатты діншіл болды деп ешнарсе дәлелдей алмаймыз.

Қазақ хандары мен элитасы қатты діншіл болған емес

18 ғасырға дейін көршілес отырықшы халықтардың ықпалында ислам қазақ еліне жеріне тарап, элитаның басты ұстанымы болғанымен олар қазіргі күндегілер айтып жүргендей қатты дін ұстанған адамдар болмаған. Қазақ  хандығы зайырлы  мемлекет болды. Қазақ даласында намаз оқитындар өте аз болумен қатар оңтүстіктегі қалалы кенттерден тыс Алтаймен Атырау арасы, Қаратаумен Қызылжарға дейін мешіт болған емес! Исламның көшпенді халық арасындағы институты қалыптаспады. Молланың көбі сарт, қашқарлықтар болған, бұны мына хаттардан білуге болады:

“Жоғары Боғда еженнің есендігін ұзақ жылдарға тілейміз! Еженнің қызыметін қылып, Іле жерін билеп тұрған генерал, әмбандарға Әбілпейіз ханнан дұғай сәлем! Сәлемнен кейін демекшім мынау: Көп жыллардан бері қызметімізде болып, Жошы сұлтан, Бопы сұлтан ұлдарымызға мұсылман дінін үйретіп жүрген молдамыз бар еді, өзі қашқарлық, Артұш деген жерден екен. Қашқар әкімі жұртына жақсылық іс жасапты деп естіп, жұртын өзіне мирас қылуға ықылас танытты. Молданы әйелімен қоса жеріне қайтардым…

Мөр. Әбілпейіз баһадүр сұлтан. (Қытай бірінші мұрағатында сақталған қазақша құжаттар. Дүйсенәлі Әбіләшім ұлы.2016 ж, Пекин. 144-бет)

Екінші хат

Қазақ ханы Ханқожаның хаты… Іле жерін билеп тұрған генералдың есендігін көп айларға тілейміз! Айтпақшымыз мынау: Ұлық Боған хан, нағыз баһадүр генералдың есенлігінде, Илахұн атты молламыз бар еді, жеті жылдан бері балаларымызды оқытып келген молламыз еді. Бұрұт (қырғыз) жолы жаман болып Илахұнды ұзатып сала алмадық, Илахұнның туғандары Ақсуда тұрады. Бұрұт жолы жаман сенбейміз, сіздерге сенеміз!

(Қытай бірінші мұрағатында сақталған қазақша құжаттар. Дүйсенәлі Әбіләшім ұлы.2016 ж, Пекин. 185-бет)

Жоғарыдағы хаттардан қазақ элитасы исламға сенсе де дінді өте салғырт ұстап, тіпті өз балаларына дін үйрету үшін көрші елдерден моллалар алдырғанын көреміз.

Егер де қазақ халқы арасында ислам мың жыл орныққан болса, өзге елден молла шақырмас еді. Даламызда 18 ғасырға дейін мыңдаған мешіттер тұрып, жүздеген діни шейхтар болып исламның институты қалыптасар еді, Исламның әрбір қазақ ауылына дейін жаппай енгізілуін  Абылайхан қайтыс болған соң Ресей патшалығы мен Қоқан хандығы татар моллалармен, қожалармен іске асырды.

Қазақ жеріндегі бұддизм

Жоңғарларқ қазақ жерінің шығысы мен солтүстігін жаулап алды, 1643 жылдан бастап олар бұддизімге сене бастады. Бұндағы айта кетеріміз - бұддизм тек ойрат тайпаларына тарады.

Алматының оңтүстігіндегі таудағы ойрат тіліндегі бұддизм уағызы

Бұл бұдда уағызын жазған қазақ емес! Сол сияқты ежелгі Түркістан, Сайрам, Сығанақ мешіттерінің иесі де қазақтан гөрі сарт, қазіргі өзбек екенін білу қиын емес!

 

Ерзат Кәрібай

Пікірлер