Қазақ баласы акционер болуы былай тұрсын, субподряд та бола алмай жүр

2747
Adyrna.kz Telegram

Бізде 1991 жылдары тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде мұнай мен газ, темір мен көмір және басқа да жер асты ресурстарын игеруге келген шетелдік инвесторлардан ғылым мен технологияны игеріп, қазіргі заманауи техниканың жұмыс принциптерін қазақ баласына үйретіп, уақыт келе шетелдік инвесторларды ығыстырып шығарамыз деп ең жоғары басшылықтың тарапынан айтылған еді. Біздің елде мемлекеттің болашағын айқындайтын "Қазақстан-2030", кейіннен "Қазақстан-2050" деген мемлекеттік стратегиялық жоспарларды жасап тастаған еді. Бұл ауқымды стратегиялар мен мемлекеттік инфрақұрылымдардың жоспары жер асты байлығымыздың қорының көптігін ескере отырып ұзақ жылдықтарға жасалды. Мен осы төңірегінде қазір ойланып отырмын.

Неге біз осындай ауқымды мемлекеттік стратегиялық инфрақұрылымдарды іске асыру барысында қазақ балаларының ішінен қажетті кадрлар мен менеджментті жасақтап, шетелдік инвесторларды ығыстырып тастамадық? Ол басшылықтың да, біздің де қолымыздан келген жоқ. Қазақ баласы 30 жылдың ішінде осы салаларда акционерлер болып, құнды қағаздардың, облигациялардың, компаниялардың қожайыны болып отыруға лайық болмады ма?

Қазақ баласы өз жеріндегі қазына мен байлыққа ие болғанында мемлекеттік стратегиялық жоспарлар да осы күні орындалып кетер еді. Ауылдың қазақ тілді қара балалары өндіріс саласындағы компаниялардың қожайындары атанғанда, біздің басшылық алға қойған 2030 - мемлекеттік стратегиясын дәл қазір жүзеге асырып, тым болмаса бастапқы нәтижелерін де көретін едік.

Ал, дәл осы үдеріс 1969 жылы Малайзияда жүзеге асты. Махатхир Мохамад билікке 57 мандатпен парламентке өзінің жас партиясын алып келгенде іске асқан. Олар жарты ғасыр алдын біздің жүріп өткен жолымыздан өтіп, өте үлкен нәтижелерге қол жеткізген. Бірақ олар бұл реформаларды іске асырып, нәтижесін көруге бақандай 30 жылын жұмсаған жоқ. Махатхир ешкімнің діні мен тіліне, ұстанымы мен сеніміне қол сұқпаған. Ол малайлықтардың ең алдымен тұрмыс жағдайын көтеруге, тіпті барлық өндірістік, технологиялық, қаржылық күшті малайлықтардың үлесіне шығарды. Малайлықтар осы азаматтың бастамасымен жасалған реформалардың арқасында елдегі акционерлер мен бақуатты басқарушыларға, елдің жанашырларына айналған. Бізді өткен күндердегі күткен де дәл осы жол еді. Өкінішке орай, бұл іске аспады.

Бізде жаңалықтарда Теңіздегі жағдайды айтып жатыр. Барлық иелік әлі толық инвесторларда. Менеджерлер де солар. Кадрдың бәрі соларда. Он мыңнан астам қазақ баласы солардың қолында жұмыс жасап отыр. Отыз жыл бойы осы жағдайда қалып отырсақ, сіз мемлекеттік стратегиялық жоспарды іске асырамыз деп айта аласыз ба? Білікті кадр мен менеджмент дұрыс жасақталмаса қалай іске асырасыз?

Қазақ баласы сол қазынаға қожайын болмаса, бұл мемлкекттік стратегияны қалай іске асырасыз? Бұл абсурд, тым қисынсыз. Сол кеніштерде қазақтардан генподрядтарды айтпай-ақ қояйын, тіпті субподрядтар да жоқ екен. Сонда біздің қазақ баласы акционерлер болуы былай тұрсын, 30 жыл бойына субподряд та бола алмай жүр. Ешқандай реформалар дұрыс іске аспаған. Бұл өкімет пен басшылықтың орны толмас қателігі. Біздің мемлекеттің халқының әл ауқатын арттыруға бір мұнай саласының өзі жетіп артылатын еді. Осы мұнай арқылы барлық мемлекеттік инфрақұрылымдарды салып тастауға да болатын еді. Өкінішке орай, біз тек шикізат шығаратын экспортер ел ғана болып қалдық. Тым болмаса заманауи мұнай өңдеу зауытын да сала алмадық. Зауыттарсыз, фабрикасыз ешқандай да стратегияны іске асыра алмаймыз. Ешқандай да әлеуметтік жағдайды түзей алмайсыз. Жұмыссыздықты жоя алмайсыз. Міне, осылар жоқ, сол себепті 2030, 2050 деген қазір ауызға алынбай қалды.

Бекболат Қаржан

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер