Home » Айдарлар » Әдебиет » Назерке Серікқызы: Тек сен ғана сезіп қоюшы едің ғой, Қолдарымның тоңғанын…

Назерке Серікқызы: Тек сен ғана сезіп қоюшы едің ғой, Қолдарымның тоңғанын…

Назерке Серікқызы – 1997 жылдың 15 ші наурызында Семей өңірінде дүниеге келген. Жас ақын қалалық, Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Өлеңдері аудандық, қалалық басылымдарда жарық көрген. Оқырман назарына ақынның жуық арада жазған туындыларын ұсынамыз.

 

***
Қадірлім,
Ашып айтсам, қадіріңе жетем бе?
Сен негізі пәтер жалдап тұрып жүрсің бекерге.
Тура қазір қолыңа әкеп кілтін өзім тапсырайын қаласаң,
Мына менің жүрегімді мекенде…

Қадірлім,
Ойың көркем, әр сөзімді айтқызбай-ақ ұғатын,
Кейде ойлаймын,
дәл сен осы дүниеге мені аялау үшін келген шығарсың?!
Бірақ менің жүрегімді мекендеуің үшін сенің қолыңда
Болу керек,
мәңгілікке бұл жүрекке тіркелемін деген үлкен әдемі
Мөр басылған құжатың!

Қадірлім,
Кейде сені бөлісе алмай арпалысад(ы) ой-санам,
Өзің де оны шығарсың-ау байқаған…
Жүрегімнің ішін өзің реттеп жөндеп аларсың,
Көрікті етіп қайтадан…

Қадірлім,
Ай аман да, күн де осылай есен де,
Қамдана бер жүгіңді алып көшерге.
Бір жүректі бірге пана қылайық,
Менің ғана жүрегімде мекенде…

 

***

Ауа Көрдің бе, мен енді күлмеймін,

Сөйледің десеңші неге өктем?!

«Қош» деуге келдім бе, білмеймін,

Кідірдім, кенеттен…

 

Мен кіммін, сен кімсің бүгінде,

Өзің ең өлмейтін өлеңім.

Кездескен адаммен түбінде

Білгенмін қоштасу керегін.

 

Көбейткім келмейді күдікті,

Байлағым келмейді жолыңды.

Мен үзе алмадым үмітті..

Үзсем де қолыңнан қолымды.

 

Қоштасу керегін сезсем де,

Қоштасқым келмесе не істермін?

Қай жақта сен ғұмыр кешсең де

Бағың да, сорың да, тек менмін.

 

Келер жыл, тағы күз келеді,

Сағынсаң артыңа қарарсың.

Мен сені қимаймын, себебі,

Сен менің сәт сайын жұтатын..

Ауама айналып барасың…

 

Түнгі тілдесу

Жазғы түннің жаңбырынан жасырып,

Күзгі күннің күркірінен қорғадың.

Кездесуге келгенімше асығып,

Ұмыттырдың арамызда жол барын.

 

Білгендеймін соның бәрі рас, үміт

Сондықтан да бәлкім “сен” деп солмадым.

Сен жоқ жерде тола алмадым тасынып,

Сен жоқ жерде жарық болып орнадым.

Бірақ соның барлығынан баз кешіп

Тек сен ғана сезіп қоюшы едің ғой

Қолдарымның тоңғанын…

 

Құрақ ұшып маған қарай бөгелместен беттедің,

Жанарыңда жүзі қалмай жасырынған иненің.

Жалыныңмен шарпылады кеудеңдегі өрт демің,

Мүмкін емес менің сонда күймеуім.

 

Бар әлемді бір-ақ сәтте ұмыттырып жіберетін

тек сенің Маңдайымнан сүйгенің…

Өз еркіңді шетке ысырып қойдың да,

Көздеріңді ала алмастан көзімнен.

Жоқ әлде сен, қарсылықты жойдың ба?

Ақылымды алмастырып өзіңмен.

 

Сен бар кезде күш-қуат жоқ бойымда,

Тым шарасыз, тым бейкүнә едім мен.

Дәл сол сәтте алдымдағы буы бұққан шәйдың да

Сенен ыстық еместігін сезінгем.

 

Одан әрі сәл аяңдап кеткенбіз,

Ойламастан үйге ертерек жетуді.

Сол күзгі түн есіңде ме екеуміз,

Жаяу жүріп өтіп едік көпірді.

Сенің сырлы сезіміңмен кеткен күз,

Менің мамық маxаббатым секілді.

Сен сүйгендей, төмен қарап өткен қыз,

Жел сүйгенде бетімді…

 

Сәт

Жақыннан көріп, өзімді бірақ тұсаттап,

Сен бұрылмайсың, Сен тұнық айсың түсі аппақ.

Қасымда менің сәл кідіре тұршы,

жас толы Көзіңнен, Қалайын құшақтап…

 

Шаштарың толқын, жанарың тұнық түн бейне ,

Сен бұйырмайсың, Сен құйындайсың тым кейде.

Кеудемді менің жалының жатыр күйдіріп

Ерінің сонда қалай сүюді білмей ме?

 

Жақындап барып, төріне өрттің енейік,

От болып жанып, Шоқ болып бірге сөнейік.

Көкке ұшып сосын айналып күлге бір демде,

Жоқ болып кетіп көрейік…

(Келісейік пе, не дейік?)

 

***

Мама,

Тағдырыма тап бергенде өкпе-мұң,

Қаламадым қадірімнің кеткенін.

Жүрегіме және қатты батады,

Кей кезде өкпелеткенім…

 

Мама, Сағым сынып, қайрылғанда қанатым,

Жалғыз панам сенсің іздеп баратын.

Тек мен ғана кінәлімін түн сайын,

Әр жасыңа жастығыңа таматын.

 

Мама, Көңілсіздеу күй төккенде көңілім,

Сенен басқа жұбатады мені кім?

Алла алдында ағы үшін де әр шашыңның,

Керек жауап беруім…

 

Мама, Сен өлеңсің, өлеңімсің өзімнің,

Куәсі бол, тек бақытты кезімнің.

Бұл ғаламда сен дарасың, мен білем

Сен нұрысың көзімнің…

 

Мама, Өмірімді өзгертуге болар шын,

Уайым қылып жылай берме оған тым.

Бірақ мама, уәде берем күні ертең

Мендей қызың болғаны үшін өмірде

Ел алдында өр басыңды көтеріп

Тік жүретін боласың!

Сенші, мама..

 

Соңғы сөз

Болсақ та жерден биік, төмен жұрттан,

Көздерің мені де ұқты, өлеңді ұққан.

Маған үнсіз жымию, білесің бе,

Сенен жұққан…

 

Дәл солай, жазбай кеттім көптен өлең,

Ал жазсам шалынардай өртке денем.

Мен сенен күтіп жүрдім текке хабар,

Сен белгі күтіп жүрдің текке менен.

 

Талғамадық тамақты таңдап жүріп,

Жасамадық, жағымсып жалған қылық.

Аспан мен жер, ай мен күн теңескендей,

Сай қосылған аңқау қыз, аңғал жігіт.

 

Шынымен бақытсыздық орнады ма?

Өткеннің бәрі өтірік болғаны ма?

Сен де өтірік күлдің бе түн үстінен

Жұлдыз құлап түскенде қолдарыма.

 

Таусылып бара жатыр демім іштен,

Жүрегім тағы оралды жеңіліспен.

Ұмыттыра алмайсың сен де мені,

Ұмыттыра алмаймын мен де күшпен.

 

Өкінсең ғана өмірді ұға аларсың,

«Көк тиынсыз едім» -, деп құлағансың.

Шынына келсек егер, сен маған сол,

Көк тиынсыз қалпыңмен ұнағансың.

 

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Әбубәкір ҚАЙРАН: Көзінен орыстың да сор ағады…

Алаш Орда Қашаннан қазақ халқы нұрға құштар, Шақырған тым алыстан бір жарық бар. Алашты ел ...