"Ресейден көп мөлшерде су жіберіліп жатыр". Батыс Қазақстандағы жағдай мәз емес

2545
Adyrna.kz Telegram
Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz
Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Аймақта 7 мыңға жуық адам эвакуацияланғаны белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеп.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі су тасқынына байланысты үндеу жасады.

«Құрметті батыс қазақстандықтар! Тасқын судың салдарынан өңіріміздің 5 ауданында және Орал қаласында бірнеше тұрғын үйлерді су басқан болатын. Бұдан бөлек, Орал қаласы маңындағы саяжайларға да су кірді. Жалпы облыс бойынша 7 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 3 мыңнан астамы – балалар. Эвакуациялық пункттерде қажетті жағдайлар жасалып жатыр», - деді әкім.

Әкім Ресейдің көршілес Саратов және Орынбор облыстарындағы су қоймаларынан көп мөлшерде су жіберіліп жатқанын айтады. Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 431 текшеметр су түсіп жатқаны анықталды.

Қазіргі уақытта өңірде су тасқынының екінші кезеңі басталған. Көршілес Ресейдің Орск қаласында дамбы бұзылып, елді мекендер мен тұрғын үйлерді су басқан. Бұл Батыс Қазақстан облысына да қауіп төндіруі мүмкін екен.

Ал Орынбор облысының Орск қаласында екінші дамбының жарылғанын Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған.

"Орск қаласында екінші жағалау бөгетінің жарылуы болды. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі су басуы мүмкін аймақтарға алдын ала күштер мен құралдарды жинады. Эвакуациялау жалғасуда", - деп хабарлайды РФ Төтенше жағдайлар министрлігі.

Ресейдің Тергеу комитеті жауаптылардың үстінен қылмыстық іс қозғаған. Салдарынан Жайық өзеніндегі су деңгейі өте қауіпті деңгейге жетуі мүмкін деген болжам жарияланды.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Орск қаласындағы бірінші бөгеттің бұзылуы Батыс Қазақстан облысына қауіп төндірмейтінін айтқан еді.

Пікірлер