NIS оқушыларының аққуларды қорғау жобасы халықаралық байқауда үздік деп танылды

303
Adyrna.kz Telegram

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Әмина Тайжанова мен Сара Сайранова Санкт-Петербургте профессор Владимир Курбатов атындағы «Химия: наука и искусство» атты XIV халықаралық ғылыми жобалар байқауында бірінші орынды иеленді.

Ғылыми жоба авторлары Қаракөл көліндегі аққулардың қырылуы мәселесін көтерді. Ізденіс барысында Амина мен Сара Қаракөл көлінің орнитофаунасы мен суының химиялық құрамы, оның қоныс аударатын құстарға, оның ішінде Қызыл кітапқа енгізілген түрлерге қолайлы сулы-батпақты алқап ретінде қалыптасуы туралы, сондай-ақ құс тұмауынан 1200-ге жуық сыбырлақ аққудың өлімі туралы мәліметтері бар мамандардан кеңес алды.

NIS оқушыларының жұмысына рецензия дайындаған ғалымдар авторлардың теорияны практикамен шебер ұштастырғанын атап өтті. Жас зерттеушілер судың химиялық құрамын анықтау үшін талдаулар жүргізді, зерттеу барысында заманауи құралдарды да, ластаушы заттарды талдаудың дәстүрлі әдістерін де қолданды.

Авторлар көл суының химиялық құрамының аққулар арасында құс тұмауының таралуына әсері туралы гипотеза бойынша дәлелдер базасын жасақтады, эксперимент нәтижелерін талдап, жоғары аналитикалық қабілеттерін көрсетті, – делінген жоба рецензияларының бірінде.

Байқауға оқушыларды «ECOJER» қазақстандық экологиялық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңіріндегі кеңесінің мүшесі, Ақтаудағы NIS мұғалімі және мектептегі «Эколидер» клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова, сондай-ақ «ECOJER» қазақстандық экологиялық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңіріндегі кеңесінің мүшесі, Орталық Азия бойынша Рамсар аймақтық бастамасының қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі, Батыс Қазақстан «Табиғи орта» ҮЕҰ өңірлік қауымдастығы кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов дайындады.

Сонымен қатар «Химия: наука и искусство» халықаралық олимпиадасында «Первые шаги в химии» номинациясында Ақтаудағы Зияткерлік мектептің оқушылары Мерей Мусиралиева, «Химия и экология» номинациясында Фариза Гинулла мен Аяулым Үмбетова және Махмұд Мұстафаұлы мен Еркебұлан Балғабеков, «Химия и жизнь» номинациясында Аружан Баянгали мен Динара Медал және Ұлан Мұрат үшінші орынды иеленді.

Пікірлер