“Көзіме шөп салдың”. Сотта Нүкенованың жазбалары оқылды

1621
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Бүгін, 4 сәуір Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысы өтуде. Сот барысында Бишімбаев пен әйелі Нүкенова екеуінің жеке хаттары оқылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Сот барысында оқылған екеуінің арасындағы хат-хабардан Бишімбаев әйеліне түннің уақытында қайта-қайта хабарласып, тыныштық бермейтіні байқалады. 

Мемлекеттік айыптаушы марқұм Салтанат Нүкенованың телефонынан Бишімбаев екеуінің Whatsapp желісіндегі хаттарын оқыды. Марқұм Бишімбаевты “My love” (Менің махаббатым) деп сақтаған екен. Бишімбаев бұл өз нөмірі екенін растады.  

Сондай-ақ, Бишімбаев Салтанатқа түн ішінде бірнеше мәрте хабарласқан.

“2:32, 2:38, 3:14, 3:19, 3:20, 3:32, 3:37, 3:39-да Бишімбаевтың қабылданбаған қоңыраулары тұр. Жауап бермеген сәтте “Салта, тұтқаны көтер” деп жазған, бірнеше аудиохабарлама жіберген”, – деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы Салтанаттың телефонындағы жеке жазбаларын (заметки) да оқыды.

"Қуандық, мен Павлодарға кетіп барам. Енді келмеймін. Бұл күндері мен арамызда еш сезім жоқтығына көзім жетті. Ештеңені сақтап қалғым келмейді. Сен тіпті көзіме шөп салғаның үшін тіпті кешірім сұраған да жоқсың. Оның үшін ештеңе істегің де келмеді. Бәріне мені кінәлап, “психотерапевтке бар” деп қоймадың. Соқырлығың сонша, оныңды көтере алар емеспін. Кешір мені, ұмыт, босат. Бәрін шештім. Ата-анаммен болам, олар маған қарайды", – деп жазған Салтанат.

Қуандық Бишімбаев “көзіне шөп салу” туралы жазбаға қатысты пікір білдірді.

"Мен психотерапевт туралы оның консультациядан өтуі керек екенін, оның жағдайы тұрақсыз екенін айта бердім. Сатқындыққа қатысты: Мен жай ғана кешігіп, сағат 21:30-да келгеніме және оның бейне қоңырауларына жауап бермегеніме байланысты ол қонақүйге барғанда айттым. "Салтанат, мен одан шаршадым, басқа нәрсе ойлап таба аласың ба?" дедім. Ол қонақүйге барды. Мен оны күткен жоқпын. Егер адам үнемі кетіп қалса, ол маған мән бермейтін шығар. Мен де: "Мен үйде отырмаймын, күтпеймін" дедім. Сосын хат жазысып қалдық: әйелдерді үйге неге әкелесің", – деді.

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Пікірлер