"Оралман мәртебесін" алуға оралмандарымыздың неге құлқы жоқ?!

818

Иә, әнші де, ақын да, күйші де, жазушы да сырттан келген қандастарымыздан шығып жатқаны жасырын емес. Әйткенмен қанша жерден мықты болса да құжаты болмағанның күйісі кететіні бесенеден белгілі. Осы орайда Мемлекет бойынша оралмандардың басты мәселесі "оралман мәртебесі" болып тұр. "Мәртебе" деп атының өзі-ақ айтып тұрғандай, мәртебелі орынға қандастарымыздың отыруы қиындап кетті. Себебі «Оралман мәртебесі» бір жылға ғана жарамды болып келді. Егер аталған құжаттың жарамдылық мерзімін өткізіп алған жағдайда 6 ай ішінде ғана ұзарту мүмкіндігі бар. Ал ол мерзім де уыстан шығып кетсе, екінші мәрте мүлдем «Оралман мәртебесі» берілмейтін еді. Бұған қоса мамандар сот анықтамасы мен бұрынғы оралман куәлігін әкелуді міндетсіп, әбден титықтататын. Осы мәселе қандастарымыздың ішін қан жылатып жатқан соң, үкімет тарапына талай рет "Адырна" ұлттық этнографиялық бірлестігі жəне өзге де ұйымдар хат жолдап, талай рет есігін қаққанның арқасында, Елбасымыз 2019 жылы 16 наурызда (№ 20-137қ-8) тікелей шешім қабылдап, оларға бір жылдық құжаттық жеңілдік жасауға мүмкіндік туғызды. Бұл "джек-пот" ұтып алғанмен бірдей қуаныш еді. Алайда үй-үйді аралап, газет-журнал, әлеуметтік желілерге осы жөнінде арнайы мамандар хабарландыру берсе де оралмандар орнынан қозғалар емес. Өкінішке орай, қамсыз қазақтың кебін киіп отырған қандастарымыздың 80-і ғана келіп, құжаттарын ұзартуға өтініш тапсырған. Бүгінге дейін сол 80 адамның не бары 34-і ғана ықтияр хат алуға сұраныс білдіріпті. Демек, қалған 50-ге жуық қандасымыз құжаттың әлі маңызды екенін түйсіне алмай отыр. Міне, мәселе қайда жатыр?!

Расымен, 1 ай ғана уақыт беретін Өзбекстанға қарағанда әлдеқайда жеңіл біздің саясатымыз оралмандар үшін тағы бір ғажап мүмкіндік. Әрі Елбасының шешімінен кейін, бұрынғы оралман куәлігін әкелу де, соттан анықтама сұрап саңдалуда қажет емес. Бәрін базадан сіз ойлағаннан да тез тауып береді. Сондай-ақ, "Оралман мәртебесі" куәлігін алуға өтінішті кез-келген жерден беруге рұқсат етілген. Демек "кет" деп кеудеңізден итермейді.
Дәл осы мәселе бойынша шілде айының төртінші жұлдызында Алматыда «Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметі” атты Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы көші-қон жүйелері бөлімі және “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен жиын өтті.

Жиынның шешімі бойынша «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі қандастарға бейне-роликтер арқылы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру керектігін алға тартса, енді бірі оралмандарға ақыл-кеңес беретін орталық ашу керек екенін тілге тиек етті. "Қазақ" екенін дәлелдейтін комиссия да құрылсын деген ұсыныстар да жоқ емес.
Қысқасы, берілген мүмкіндікті пайдаланып, тез арада "оралман мәртебесін" алып алыңыздар. Уақыт шектеулі!

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер