Бауыржанға ғашық болған қай сұлу?!

6023
Adyrna.kz Telegram

Вера Павловнаның Баукеңе жазған хаты

Бұл хат жастарға, жастарға ғана емес кез келген жанға ой салатын, өткен ғасырдағы адамдардың асыл сезімдерін, адамгершілік қасиеттерін үлгі ететін тарихи мәні бар хат. Әуелі оқырманды Вера Павловнаның өмірбаянымен таныстырайын.

Вера Павловна 1903 жылы Украинаның Рихтер қаласында, сарай кеңесшісінің отбасында дүниеге келген. Н.В.Лысенко атындағы Киев драмалық театр институтын бітіріп, актриса, режиссер болған. Соғыс жылдары Алматыда тұрып, қазақ халқының өмірінен «Дала батырлары» деген фильмді түсіруге қатысқан, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, РСФСР халық артисі, РСФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері атанып, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. «Борис Годунов», «Біз, орыс халқымыз», тағы басқа оншақты фильмдердегі басты рөлдерді сомдаған. Мен 1984 жылы Москвада болғанымда Вера Павловнаның телефон нөмерін іздеп тауып, хабарласқан едім. Ол кісі: – Келіңіз. Телефон соққаныңызға өте қуаныштымын. Бәрін айтып берем, – деді. Өкінішке қарай, көлденең шаруа килігіп, Вера Павловнаға жолыға алмадым. Атақты кинорежиссер Григорий Львович Рощальдай күйеуі бар әйелдің сырын жұртқа жария еткенім ыңғайсыз болар деген оймен үндемей келген едім. Жақында 82 жастағы Арал теңізінің тумасы, ауыл шаруашылық қызметкері Жасарал Ілиясов ағамен ой бөліскенімде: – Ыңғайсыз деген де сөз бола ма? Кешегі Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Балуан Шолақ, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, т.б. күйеуі бар әйелдерді құлай сүйгені шындық қой. Сүйе білу үшін де талант керек, – деген соң, Баукең өз қолымен табыс еткен Вера Павловнаның хатын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

«МОСКВАДАН СӘЛЕМ»

Жүрегімді селт еткізіп, жанарымды жалт қаратқан, асыл ардағым, Бауыржаным! Сенен жасырын менің сырым бар ма? Соғыс өртін ұмытуға болар, махаббат өртін ұмыту мүмкін бе? Ұмытатындар оның жалынында жанбағандар. Қымбаттым Бауыржан, алыстасың, амалым қанша? Көңілім сені күнде іздейді. Сен десе, менің жаным шыбын-шіркей. Бүгінде дауысыңды есту, қасыңда қатар жүру – маған арман. Жүрегімнің қылын қозғап, жан сырымды түгел шерткізген өзің едің, асылым. Саған күні-түні тілейтінім тек амандық. Мен мына жалғаннан өзің деп өтем. Кей күндері сен жастанған жастықты, сен отырған орындықты құшақтап сүйіп, қолыңнан кітап, қалам түспей ойға шомған сәттеріңді көз алдыма елестетіп, сағыныш-мауқымды басам. Сені сүймеу мүмкін емес еді, түсінесің бе, жаным... Алғаш көргенде көп пенденің бірі деп шекемнен қарағаным да, жан дүниеңді танығаннан кейін пендеңе айналғаным да рас. Сен менің мәңгі іңкәрімсің. Сендей ерге бір мен ғана емес, бүкіл адам баласы іңкәр. Еліңді ойлап, күрсінген сәттеріңдегі сұлу да асқақ жан-дүниеңді сезінгенде ет жүрегім елжіреп, сені бұрынғыдан да сүйе түскенім өзіме аян. Қымбаттым, сенің «сүю де жақсы, сүйікті болу одан жақсы» деген сөзіңді еске алып, сүйікті бола алдым ба, бола алмадым ба деп те ойға батам. Екеуіміздің қолұстасып қатар жүруімізге кедергі көп. Өкінгенмен амал қанша? Әйтпесе мен сенен бір елі де ажырамас едім. Бәрібір сен менің жүрегімнің жүрегісің. Көріспегелі көп уақыт өтті. Екі көзім төрт болып, жолыңа қарайлаумен жүрем. Кейде мойныңа асылып, еркелеген кездерім түсіме енеді. Ояна салысымен, еркін дүние еркесі, саған қарай құс болып ұшқым келеді... Сені ойласам, таңым атып, күнім шығып, ақ нұрдан шашу шашқандай шексіз қуанышқа кенелем. Саған жолықтырған тағдырыма мың-миллион мәрте ризамын. Елігім деп еркелеттің, аққуым деп армансыз аяладың. Өмір келте болғанмен, менің саған махаббатым мәңгілік. Тынысымсың, жұтар таңғы жұпар ауамсың. Москвам да сенсің. Мұны мен сан қайталап айта бергім, айта бергім келеді, қымбаттым Бауыржан. Өйткені маған көктемді сен сыйладың. Қасыңда жүргенде өзімді сұлу әлем төрінде жүргендей сезінетінмін. Сол үшін алдыңда сәмбі талдай иілем. Тұла бойыңнан мін таппай, қиял көгінде қалықтаған күндерім қаншама? Қиналған сәттерімде сезім гүлін сыйлап, жұбатқан да өзіңсің. Таулар да аласарады, Бауыржаным менің, сен аласармашы. Сен жалғыз емессің, елің бар, мен бар, жаудан, даудан қорғайтын періштең бар. Мың шүкір, кісілік-пейілің далаңдай кең. Мені табындыратын да, сағындыратын да осы ұлы қасиетің. Сені ойласам, көңілім тау-тау бұлттан арылған көк аспандай күлім қағады. Сен өмірімнің күнісің. Әттең шіркін, қанатым болса, Алматы мен Москва арасын жалғап ұшудан жалықпас едім. Саған бір мен емес, бүкіл ел ғашық. «Мені арбаған сенің сұлу ажар-әрің емес, мені арбаған әр кез ақ сөйлеген арман-арың», – дегенің де есімде. Менің генерал-майор ұшқыш ағам сенімен Қырымда бірге демалыпты. Сені таңғажайып адам деп тілі жеткенше мақтап келді. Шынында, Бауыржан, сен таңғажайып адамсың. Сен сөйлесең, Шостоковичтің жетінші симфониясын тыңдағандай көңілім өсіп, шаттанғаннан әндеткім келеді. Асылым менің, саған деген алғысым ешқашан таусылмақ емес. Күн күркіріндей даусыңды естісем деп ылғи елегзимін. Өзімді жетектегі ботаңдай сезінем. Маңдайың жарқырап, күндей күліп, ұлтыңа, ұрпағыңа ұран боп, алшаң басып аман жүрші. Сен десе, мен тебіренбей, толғанбай тұра алмаймын. Өзіңе кез болғаным қандай бақыт, сен деп өмір сүру маған ғажап күш-қайрат сыйлайды.. Қымбатты Бауыржаным, кейде сенің алдыңда қалай өбектегінімді де сезбей, соңынан сезіп, шат-шадыман күйге енетінім де бар. Менің жан-дүниемді сұлу еткен өзіңсің... Сыйласым да, сырласым да өзіңсің. Сені ойласам, сыбызғы-жүрегім сағыныш әнін сызылтып, арманым – ақша бұлт көңіл көгімде қалықтап, саған сапар шеккендей, шағала – шаттығым сенен мені «келе жатыр» деп сүйінші сұрағандай, самал жел сабырлы бол деп жұбатқандай болады. Сені ойласам, ұйқым шайдай ашылады. Әлдеқашан қош айтысқан көктемім қайта оралғандай күй кешіп, бөлмеме сыймай, Москва көшелерін беталды кезіп кеткім келеді. Бала кезімде бүкіл адамзат баласын асыраушы құдіретті күш – еңбек екенін ерте түсініп, ерте есейген едім. Суреттеуге тіл жетпес екінші құдіретті күш – махаббат екенін маған сен түсіндірдің, жанымның жарасын сен жаздың. Мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейтінін білем. Сен болмағанда өмір сүрдім деп айтуым неғайбыл еді. Сен маған мәңгі өшпес нұр сыйладың. Сол үшін тәубе деймін. Алматыда өткен күндерім де есімде. Аспанға бой созған асқақ Алатауды бір көргеннен ұнатқам. Ондағы табиғат та таза, халқыңның жаны да таза еді. Еліңнің ұлылығын, қасіретін сенен ұқтым. Елің туралы сүйіспеншілікке толы лебізіңді естігенде, туған анаңдай сені бесікке бөлеп, әсем әнмен тербеткім келді. Мұндай сәттерде сен мен үшін бейкүнә сәбисің. Сендей ер туғызып, қадіріңді білген, ұлым деп сүйген туған халқыңның алдында тізерлеп басымды ием. Алатаудай биігім, Алатаудай алыбым, бүгін менен алыстасың. Ендігі қуанышым – дауысыңды есту, хатыңды асыға күту, амандығыңды тілеу. Сүйіктім, кейде сені опасыз, бәтуасыз біреулер қапыда қармағына түсіре ме деп қауіптенем. Ондай жан сенің ұлтарағыңнан садаға кетсін. Абай болшы. Құдайым сені кеудесі ыза-кекке, қызғанышқа толы залымнан сақтағай. Менің түнгі, таңғы, күндізгі тілегім, барлық уақытта ізгі сезім серігің болсын, айналаңды тек қана тәрбиелі, ақ ниетті жандар қоршап жүрсін. Жер мен көкті күңірентіп, қара бұлтты қақ айырған найзағайдай жарқ етіп, жауымызды жайратқан Бауыржаным, қаталдық пен қамқорлықтың, қатыгездіктің сырын да сенен ұқтым. Өзіңді жан-тәніммен сүйетінімді сен қалай нәзік сезінгенсің. Көңіліне қаяу түсірмесін, уайымдамасын деп тіпті кейде ауырып жүргеніңді де менен жасырыпсың. Соны ойласам, қатты толқып, тебіренем, елжіреп еріп кетем. Не деген төзімді, ұстамды едің?! Жұрт арасында менің жүзім жарқын, ар-абыройым асқақ болғанын қаладың, қалап қоймай, соған жағдай жасадың. Ялта, Есентуки, Латвия курорттарына алып барып, демалдырғаның естен кетер ме? Мені әрдайым жас баладай жайраңдап, күлімдеп қарсы алушы едің. Сапарға шығарда қимай қоштасатынсың. Маған алып-ұшып жететінсің. Мені ешкім өзіңдей сағындыра алған емес. Мен сағыныш сезімін бастан кешкенім үшін бақыттымын. Ғашықтық – сағыну, сағындыра білу екенін маған сен сездірдің. Мен сенің шамды айнала ұшқан көбелегіңмін. Сен менің көкке самғар қанатымсың. Есіңде ме, Бауыржан, сен жазу жазып отырғаныңда бөлмеде жалаңаяқ жүретін едім ғой. Жалаңаяқ жүретінім – сенің ойың бөлінбесе екен дегенім... Мен сені сүю арқылы халқыңды шексіз сүйдім. Жақында Мұстафа Шоқайдың асыл жары Марина Яковлевна Горинаның жазбасын оқыдым. Ол Мұстафаның 1941 жылы жау қолынан қаза тапқандағы қайғысын, 1945 жылы неміс фашистерінің жеңілгендегі қуанышын жаза келіп, Берлин көшесін аралап келе жатып, қазақтардың дабырлап сөйлескен дауысын құлағы шалып, қираған үйдің қалқасында жеңіс тойын тойлап отырған олардың жандарына жетіп барып, бәрін жеңіс қуанышымен құттықтап, өзінің Мұстафаның жары екенін айтқанын, әлгілердің бірінің: «Ол – сатқын, бізді сатып, шет елге қашып кеткен», – деген сөзін естіп, үстінен біреу мұздай суды құйып жібергендей шошына жиркеніп, ол жерден тез қарасын батырғанын жазыпты. Оның Мұстафаға деген сағынышы мені қатты қуантты. Ана қираған үйдің қалқасында жеңіс тойын тойлаған қазақтарға ол Мұстафаны сағынғаннан барды ғой. Қандай қасиетті жан?! Екінші мені шектен тыс қуантқан Яков Севостьяновтың қызы, Әлихан Бөкейхановтың жары Ольганың: «Біз тек жарқын күндерде ғана емес, жауынды, дауылды күндерде де біргеміз», – деп не бір қуғын-сүргінге төзгені. Мен ондай қуғын-сүргінді бастан кешкен жоқпын. Жаным, асыл жарым, Бауыржаным, өзіңмен өткен жылдарым ең бір жарқын қуанышқа толы жылдар болды. Есіме түссе, көңілім күндей күліп, өмір сүре берсем деймін. Жаз айларында отбасымызбен қала маңындағы саяжайымызға көшеміз. Сен қаласаң, Москвадағы пәтерімізде екі-үш ай тұрып, жазуыңды алаңсыз жазуыңа, алаңсыз ой толғауыңа болады. Ешкім кедергі келтірмейді. Бұл қайтсем сенің творчествоңа сәл де болса, көмегім тисе деген ниетім. «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» романдарыңның қолжазбасымен алғаш танысқанымда бірсыпыра пікір айтып, ой салғаныма қуаныштымын. Бұл туындылар тамаша, ешуақытта қайталанбас, шындықты шынайы суреттеген озық туындылар. Әдебиетімізде ойдан қосушылық бар. Ол оқырманды өзінен алыстатады. Қайсыбір қаламгер «Мен көркем шығарма» жаздым деп ақталғансиды. Ол көбік сөз. Автор мүмкін болғанша шындыққа жақындауы керек. Ал шындық терең, шындық бай, сан қырлы. Оны сәтті суреттей алсаң, шығармаң оқырманның ыстық ықыласына бөленеді. Сенің «Ұшқан ұяң», «Москва үшін шайқасың» оқырманның ыстық ықыласына бөленген шығармалар. Сүйіктім Бауыржаным, аңдаусызда ренжітсем, кешір. Шамалауымша, көңіліңе көлеңке түсірген кезім жоқ сияқты. Әр күні ел алдында, жора-жолдастарың арасында сыйлы болса екен деп, қолымнан келгеннің бәрін жасап баққаным өзіңе аян. Қайталап айтам, сен мені алақаныңа сап аяладың, әлпештедің. Кішігірім түсінісе алмай қалған сәттерімізді есепке алмағанда көңілімді бір рет те қалдырған емессің. Саған мың-миллион алғыс. Алда адамзат арманының ақ таңы, бәріміздің бақытымыз – жетінші қараша ұлы мереке күнімен құттықтаймын. Өзіңнің Вераң. 1.Х1.1957 ж.

* * *

Ақсақал Жасарал Ілиясовтің алған әсері:

– Вера Павловнаның хатын жанарым жасаурап оқыдым. Сөздерінің бәрі керемет. Әсіресе «Бауыржан жазу жазып отырғанда ойын бөлмеу үшін бөлмеде дыбысымды шығармай жалаңаяқ жүретін едім» деген сөзімен-ақ өзінің Баукеңе деген сүйіспеншілік сезімін нәзік жеткізген. Әй, Бауыржан-ай, әй, Бауыржан-ай! Асылыңнан алыстағаның қалай сенің? Жанында бола бермедің бе? Мен сені білмесем, басымды шайқап ренжімес едім. Сен қазақтың мүлде, мүлде сирек кездесетін ХХ ғасырдың нағыз азаматысың. Бойыңдағы қасиет қай қазақта барын түстеп, бөліп айтарымды біле алмай қиналып отырмын. Сен ешкімге ұқсамайтын ерекше жансың. Сен қазақ халқының кездесе бермейтін ұлы тұлғаларының бірісің, бірегейісің. Сені қазақтың қызының, қазақтың әйелінің біреуі Вера Павловнадай түсініп, тебірене алды ма? Оның тебіреніп жазған хатын газетке жарияласаң, қазақтың жас қыздары, жас жігіттері ойланып, махаббаттың не екенін түсініп, дұрыс жігіт, дұрыс қыз табулары мүмкін ғой. Бұл – хаттың бірінші маңыздылығы. Екінші тарихи маңыздылығы – жастар Вера Павловнаның Бауыржан Момышұлын қалай түсініп, қалай бағалағанын біліп, бойын, ойын түзер еді...

* * *

Бауыржан Момышұлының ұстазы «халық жауы» ретінде ұсталып, хабар-ошарсыз кеткен, ақын Тәңірберген Отарбайұлының қызы, 81 жастағы Ұлжан Тәңірбергенқызының әсері:

– Ойпырма-ай, өзге ұлттың әйелі қазақтың жігіттерін қалай құлай сүйген, қалай шексіз берілген! Бұл керемет екен. Бұдан үлкен кино түсіруге де болады. Басқа ұлттың қыздары қазақтың жігіттерін өздерінен жоғары қойғандарына лайықты сөз таба алмай отырмын. Ол хатты қайта-қайта тыңдағым келе береді. Қайта оқышы, айналайын. Көңілім толқып, ойымды бір жүйеге келтіре алмай отырмын. Нағыз білгенім, бұл Вера Павловнаның махаббаты Бауыржан Момышұлы ағаның кім екенін көрсететін үлкен, күшті махаббат. Хаттағы сөздерді тыңдаған сайын өмірге деген іңкәрлігің арта түседі екен. Мынандай адамдардың таза жан-дүниесінен жігер алады екенсің. Шіркін-ай, көзім көрмейді, әйтпесе өзім оқып рақаттанар едім. Уақыт тауып тағы бір оқып берші, көкетайым, жаным. Бұл хатта бір құдірет – нағыз тазалық, таусылмас қуаныш бар.

 

Мамытбек Қалдыбай, бауыржантанушы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер