«Ата толғауының» атасы

2181
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - композитор, дирижер, Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Әйгілі өнер қайраткерінің туғанына 99 жыл толып отыр. 

Ол 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген.

Алматы консерваториясы (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория) мен Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.

1952-1961 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері, 1960-1964 жылдары - Қазақтың халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, 1968-1981 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы. 1981 жылдан «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.

«Алтын таулар» операсының (Қ.Қожамияровпен бірге), «Достық жолымен» балетінің (Л.Степановпен бірге), «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды. 1998 жылы көз жұмған.

Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Астана, Алматы қалаларында Нұрғиса Тілендиев атындағы көше бар. Алматыда өнер қайраткеріне ескерткіш тұрғызылған.

Пікірлер