Бейжің сапарынан аз-маз естелік

905
Adyrna.kz Telegram

Пекин Халықаралық әуежайынан қонақ үйге түнделетіп жетіп, ертесіне шамалы тынығып, дүйсенбіде аудармашым – осындағы пединституттың магистранты, астаналық Ахметбек Ақбаров екеуміз қаланың Хайдиань ауданына кеп алғашқы да маңызды кездесуімізді өткіздік.

Алдын ала уағдаластық бойынша бізді China lntercontinental Press ұйымының Баспа орталығына қарасты Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Yang Xie ханым мен оның орынбасары Liu Tingting ханым қабылдады.

Екі сағат жарымға созылған әңгімелесу қорытындысында "Димаш. Шыған дауысты аңсау" кітабымды аталған баспа тарапынан шығару жөнінде келісімге келдік (жалпы, Қытайда ауызша уағдаластық, қол алысу, яғни жентілмендік келісімге келу құқық күшіне ие екен, бірақ бұл кітаптың жолы тақтайдай теп-тегіс боп кетеді деген сөз емес, себебі, мұнда қалыптасқан қатаң тәртіп бойынша, жоба қырық көзден өтіп, мақұлданған соң барып жол алады).

Қытай құрлықаралық баспасы 1993 жылы құрылыпты. Жуңго Компартиясы Орталық комитетінің Жарнама бөліміне қарайды, яғни таза мемлекеттік ұйым. Негізгі атқарымдық міндеті – әлем тілдерінде жоғары сапалы кітаптар шығару арқылы " Қытайды әлемге және әлемді Қытайға таныстыру". Осы миссия аясында Баспа орталық Қытай тақырыбында жылына оннан аса шетел тілінде 300 атаулы қағаз және электронды кітап, өңге де мәдени, шығармашылық өнім шығарып таратады екен. Бұл өнімдер дүние жүзі көлемінде ұйысқан 300-дей сауда нүктелерінің көмегімен 200 елге тарайды. 47 елде " Бұл Қытай" дейтін атпен Орталықтың 400-дей кітап сөресі жұмыс істеп тұр.

Орталық 50 елдегі 100 баспамен тығыз қарым-қатынаста және солардың дені Латын Америкасы, Таяу Шығыс елдерінде топтасқан. Яғни, қағаз кітап, цифрлық оқу кітаптары көбінесе араб, испан тілдес оқырмандарға бағдар ұстайды. Бір дерек: араб тіліндегі цифрлық оқу қосымшасы 175 елдегі пайдаланушылар тарапынан 6 млн-нан аса дүркін жүктеліп алынған. Баспа орталығының Facebook-тегі испанша парақшасына 40 елден 680 мыңның үстінде адам жазылса, арабша парақшасы онның үстіндегі араб тілдес елдерде тұратын 100 мыңдай жазылушыға ие екен. Егер испан және араб тілдес мемлекет саны әлемде ең көп мөлшерге ие екенін ескерсек (араб тілі 26 мемлекеттің мемлекеттік тілі, ағылшынтілдестерден де көп) мұндай ынта қоюдың себебі түсінікті де, алайда Қытай үшін іргелес Еуразия құрлығының орны бөлек емес пе?! Янг Хие ханым бұл сұрағымызға жауап бере келіп: "Біз үшін халықаралық ынтымақтастық дегеніміз – әлем елдеріне Қытай жөнінде кітап тарату мәселесінде бастамашылықты өз қолымызға алу, әлбетте, бұл істе "Бір белдеу, бір жол" жобасы елдерінің орны бөлек",- деді.

Солай дей тұра, Орталық Азия елдерімен жұмыс әлі де ойлағандай емес екенін мойындады.Айтуынша, біздің аймақтағы түркі тілдестерге арнап Қытай хақында кітап шығарып тарату, сол сияқты ол жақтың кітаптарын ханзуша шығару ісі енді-енді қызу қолға алынып жатқандай көрінді. Біздің "Димаш" жобамыз осы бір сәтке ұрымтал кеп қалғандай ма, қалай?! "Бұл жоба сәтін сап жүзеге асып жатса, біздің Орталықтың Қазақстанмен тікелей ынтымақтасып жұмыс істеуінің алды болмақ", - деді осы орайда директор ханым. Африн лебізіңізге!

Сөз соңында, Қытайға сапарымды ұйымдастыру кезінде қолғабыс жасаған дос-таныстарға рақмет айтайын, атап айтқанда: Қытайдың Алматыдағы Бас консульдігі – Цзян Вэй, Пэн Яфэй, Чжан Инь, Максот Изимулы , Анар Құрманжан, Duisenali Alimakhyn, Ғайша Табаракқызы, Махмуд Қосмамбетов, Ахметбек Ақбаровтарға алғыс. Кетерімде сәт сапар тілеп қалған желілес достарға айрықша рақмет. Шынында да, қазағымның " Көп тілегі көл" деген сөзі тәтті рас екен.

 

Мақсат Тәж-Мұрат

 

 

 

Пікірлер