"Ұлттық киімге қарсы”. Оқушыларға қысым көрсеткен мұғалімнің видеосы тарады

1226
Adyrna.kz Telegram

Желіде Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірінде оқушыларға ұлттық киімдерін шешкізіп, қысым көрсеткен мұғалімнің видеосы тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Egov.press телеграм арнасына сілтеп.

Видеода оқушы қыз еңкілдеп жылап, мұғалімінің сыныптастарының көзінше буллинг жасағанын айтады:

"Жаңа дәптер баста дейді екен күнде. Кеше ғана бастадым ғой, қайта-қайта арнай беремін бе десе, "мына қыздың дәптерге ақшасы жоқ екен, бәрі жабылып ақша жинап беріңдер" деп төмендетеді екен" дейді видео түсірген ұстаз.

Ол мұғалімге оқушылардың ұлттық киіміне тиіспеуін сұрап, кикілжің шығармауды өтінеді.

Білім министрлігі қазір бұл факті бойынша жағдайды жан-жақты зерделеу үшін Түркістан облысының білім басқармасы мен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.

«Тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында тиісті шаралар қабылданатын болады. Мектеп оқушысы педагогикалық психологтардан қажетті психологиялық қолдау алды. Бұл оқиға ҚР Білім министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында», - деп түсіндірді ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.

Желіде тараған видеоның астына пікір қалдырушылар буллинг көрсетуші мұғалімнің сырт киіміне наразылықтарын жазды.

"Сырт киіммен отырғаны несі? Мұғалім емес пе? Шалбар киіп алыпты оның үстіне", "Нағыз қажетті жас кадрларды жұмысқа алу керек, алжиын деген кісілерді отырғызып қояды қазір" дейді коммент қалдырушылар.

Пікірлер