Мнемонист өнерін меңгерген. Аманжол Қалыш ізденісі аясында

698
Adyrna.kz Telegram

Демографиялық ғылымының  деректері мен ақпараттары жиі өзгеріп ауысып отырады. Қазіргі демографиялық өзгерістерге қатысты ашық толыққанды және осы сәтті көрсететін арнайы дереккөздер бар (Worldometer - real time world statistics (worldometers.info)). Халықтың өсуі немесе азаюы,  туу мен өлімнің арақатынасы, жылдар бойынша ғана, сонымен бірге аймақтық  қозғалу, орын ауыстыру тұрғылықты жері, жұмысы бойынша миграция мәселесінің демографиялық зерттеулердегі ғылыми нәтижелерге жаңаша қарауды талап етеді. Демографияның басқа ғылымдардан айырмашылығы бүкіл репродуктивті саланы қамтиды, адам популяциясын, оның көбеюінің параметрлері мен субъектілерін жалпы, барлық өндіріс циклдерін сипаттайды, туылған сәттен бастап ақырғы қайтыс болғанға дейінгі ұрпақтар жиынтығын жүйелі түрде зерттейді.

Сонымен қатар, демография басқа ғылымдармен тығыз байланыста. Қазіргі қоғамдық өмірдің төрт саласында: мемлекет, азаматтық қоғам, нарық және деморепродукция өзіндік «тәртібі» бар бағытты зерттеулер жасалуда. Демографиялық зерттеулерді жүргізуде демограф тарихшылар қоғам өмірінің барлық жағын қамтуға және оны бір жағынан жеке талдауға ұмтылады. Бұл зерттеу «тәртібі» демографтардан энциклопедиялық білімді, пәнаралық зерттеу тәсілдерін меңгерген және үнемі қоғамдағы өзгерсітерін прогрноз жасайтын маманға айнылдарады. Қазір тарих білім беру бағдарламасында  «тарихи демография» пәні жүреді. Тарихи демографияның оқытудағы қажетті зерттеулердің басым бөлігі шетел әдебиеттері болып табылады. Кеңестік дәуірдегі демографиялық катаклизмдердің ізін жасыру үшін демографиялық зерттеулер нәтижесі жарияланбады.

КСРО-да  1920 жылдары демографиялық оқиғаларды тіркеу басталып, 1926 жылы халық санағы жүргізілді. Бұл санақты жүргізу негізінен шетелдік зерттеу тәжірибесіне сүйеніп іске асты. 1930 жылы КСРО Ғылым Академиясында демографиялық институт ашылды. Бұл институт алғаш рет демографиялық прогнозды ұсынды. Бірақ осы статистикалық ақпараттарға «құпиялық» мәртебе беріліп, бұл мекемені жабу туралы шешім қабылданды. Кеңестік демография ғылымында 1920-1940 жылдар «көлеңкелі кезеңге» айналды. Кеңес үкіметінің соғысқа дейінгі жылдардағы құжаттық мәліметтер жасырын қоймаларға жіберілді. 1959 жылдары демографиялық ізденістер қайта жаңғырды. Ғылым академиясы жанынан демография секциясы ашылып, статистикалық орталықта еңбек ресурстарын секторы пайда болды. Зерттеудің қиындығын одақтық республикалардағы демографиялық ахуалдың әртүрлілігі өзінің әсерін берді. КСРО-ның Прибалтика, Белоруссия,  Грузия сияқты мемлкеттердегі демографиялық ахуал дамыған мемлекеттерге тән сипатта болса, Қазақстандағы демографиялық үрдістің дағдарысты кезеңдерінің экономикалық сипатынан  анық байқалды. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары санақ мәліметтері қоғам ішіндегі күрделі мәселерелрді ашып берді. Оның басты себебі көптеген «құпия» мәртебесіндегі құжаттарға қолжетімділік пен әлеуметтануға бағытталған зерттеулерге ғылыми сұраныстың пайда болуы және шетелдік зерттеушілердің ғылыми нәтижелерінің танымалдығынан туындады.

ХХ ғасырдың 90 жылдарында да демографиялық үдерістер бойынша ЖОО -да арнайы курстар оқытыла бастады. Оның ішінде ҚазҰУ-дың тарих факультетінде «XIX-XX ғғ Қазақстанадағы демографиялық үрдістер мен өзгерістер» атты курс оқытылды. Бұл курс мазмұндық жағынан ерекше болды. Қазақстанның демографиялық құрамы мен өзгерістері, жанұялық қатынастар мен ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын зерттеуде жаңа әлеуметтік тәсілдерді қолдануға бағытталған пән болды. Алғаш рет  сауалнама құрастыру, ақпаратты талдау, баға беру, респонденттер ақпаратын жинақтап, онымен жұмыс жасау дағдыларына көңіл бөлінді. Әлеуметтік зерттеу техникасын бақылау, салыстыру, өлшеу мен  талдауды таңдаған тақырыбымыз бойынша қолдандық. Ең алдымен тақырыпты таңдауға көңіл бөлінді, маған ұсынылған тақырып өзімнің тұрғылықты аймағыма қарай, облыстық, аудандық деңгейдегі ұлт өкілдерінің ішінен «дүнгендер» мәселесін қамтыды. Мұндағы  зерттеуімде дүнгендердің мәдени, кәсіби және біліміне қатысты ақпаратты жинақтау, талдау міндеттерін шешу қажет болды. Ол кезеңде интернет жоқ болғандықтан Жамбыл облысы, Жамбыл ауданынында орналасқан Дунгановка ауылынан өз зерттеуімді 48 парақтық дәптерге жазудан бастадым. Зерттеу нәтижесін студенттік конферннцияда қолдандым. Ақпаратты жинақтауда дүнгендерлің таңдайтын екі басты кәсібіне көңіл аудардым: ауыл шаруашылығында көкөніс егуде жеке қожалықтарда жұмыс болса, екіншісі қыз балаларының басым бөлігі дәрігерлік немесе сауда саласына қатысты білім алып жатты. Осы зерттеулерден бері 27 жыл өтті, қазірде дүнгендер  кәсібі мен білім алудағы бағыттарының аса өзгеріске ұшырамағанын байқауға болады. Осы курс барысындағы пәнаралық тәсілдерді меңгеру және қолдану дағыдыларын қалыптастырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Боранбайұлы Қалыш болды.

Ең алдымен Аманжол ағайға талапшыл, екі тілде жетік сөйлейтін, оқытушымен студент арасындағы субординацияны қатаң сақтайтын, энциклопедиялық білімі бар ұстаз ретінде қарайтынбыз.  Аманжол Боранбайұлының этномәдени, этнодемографиялық үрдістер, жанұялық қатынастар мен полиэтникалық мәселелер бойынша жарияланған еңбектері мен мақалаларының ғылыми маңызына аса назар аударатынбыз. Сеебебі Аманжол Боранбайұлы дәстүрлі тарихи зерттеу әдістерінен бөлек демографиялық мәселені алғаш рет әлеуметтану ғылымымен ұштастырып, пәнаралық ұстанымда дәріс оқыған ұстазымыз болды.

Аманжол Боранбайұлының өзгелерде қайталанбайтын кәсіби қасиеті, оның «Мнемонист»  өнерін меңгеруінде.Үлкен ауқымды ақпаратты есте сақтауы мен жеткізу шеберлігінің тамаша үлгісін көрсете білді. Телеарналардан берген сұқбаттарында және конференцияларда үнемі деректерден үзінді келтіру арқылы баяндау әдісін қолданады. Әрине Аманжол Боранбайұлының үйлестірушілік қабілетіне де тоқталып өткім келіп отыр. Алғаш рет Қазақстан-Иран ғалымдарының басын қосқан конференцияны ұйымдастыруда аспирант ретінде ұйымдастыру жұмысына қатысып, кейін «Бекмаханов оқуларының» өткізу тәртібі, жинақты шығарудан бастап оны таратуға дейінгі қадамдармен танысқан болатынмын. Бұл сәттер мен үшін ұйымдастыруда жүйелелік қажеттегін ұқтырды.

Мадақ әсері туралы сөз қозғағанда Дейл Карнегидің «Мақтау сөзге сараңдық танытпаңыз» деген кеңесі есіме түседі. Негізі, бұл - баяғыдан бері айтылып жүрген пайдалы сөз: ұстаздарымызға қамқор көңіл білдіру, ықылас-ниетті алғыс айту  немесе естелік жазу арқылы жеткізу өте маңызды. Қазіргі Қазақстандық баспасөзде, телеарналардағы токшоулардың жиі қонағы болатын, ғалым, ұстаз  Аманжол Боранбайұлы  қоғамның ізгілік жолындағы өзгерісін шетте тұрып бақылайтын емес, белортасында өзінің жүйелі ұстанымдарымен белгілі болған демограф ретінде тануға болады.   Әлемдегі ғылыми-техникалық төңкерістің жаһанадану үрдісі қазақ қоғамындағы басты құндылықтардың алмасуына қатысты, қазақтардың ортақ біргейлегін қалыптастыру жолдарын ұсыну мен «демографиялық өркениеттік ой" тұжырымдамасының қолданбалы маңызы туралы, табиғи өсімнен бөлек көші-қон арқылы жүзеге асатын үрдісте мемлекеттің жоспарлы жұмысының қажеттігін сұқбаттарында көтеріп отырады.

Аманжол Боранбайұлының демографияға әлеуметтік және экономикалық жағынан қарағанда болашақта адамзатты күрделі өзгерістер мен қауіп күтіп тұрғандығын шетел әлеуметтанушылардың пікірімен келіседі. Постиндустриалды кезеңде баланы дамытуға, тәрбиелеуге арналған экономикалық және еңбек шығындары өте үлкен және оның өсуі жалғасуда.  Ата-аналардың 23 жасқа толғанға дейінгі салатын инвестициялары бірнеше есе өсті. Олардың шығын ауқымын бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазіргі жағдайда халықтың индустриялды аумаққа жаппай шоғырлануынан «антропологиялық шөлдердің» пайда болуына әкеліп отыр.  Әлемді шарпыған демографиялық өзгерістер легі Қазақстанда да орын алуда.

2050 жылға қарай әлем халқының саны 2 миллиардқа артады деп күтілуде - 7,7 миллиардтан 9,7 миллиардқа дейін, ал ғасырдың аяғында туу деңгейінің төмендеуіне қарамастан - шамамен 11 миллиард адамға жетеді. Болжам бойынша, осы кезеңде бүкіл әлем бойынша адамдар қаланы тұрғылықты жер ретінде таңдайды.  Ал 5 жасқа дейінгі балалар саны 65 жастан асқан адамдар санынан төмен болады. 2050 жылға дейінгі жаһандық халық санының жартысы тек тоғыз елден келеді деп күтілуде: Үндістан, Нигерия, Пәкістан, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Танзания, Индонезия, Египет және Америка Құрама Штаттары (санның азаю ретімен). Сахараның оңтүстігіндегі Африка халқының саны екі есеге артуы мүмкін, ал Еуропа халқының саны азаяды.

Сонымен қатар, адамдар енді бір жерде қалмайды. Соңғы екі онжылдықта халықаралық мигранттардың үлесі бүкіл әлем халқының шамамен 3 пайызын құраса да, ол 2000 жылдан бері екі еседен астам өсті. Сонымен қатар, ұзаққа созылған қақтығыстардың нәтижесінде үйлерінен кетуге мәжбүр болған адамдардың саны күрт өсті, климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның нашарлауы нәтижесінде бұл сан одан да артуы мүмкін.

Осындай жағдайда жаһандық деңгейдегі дағдарыстық ахуалды еліміздің ішінді түзетуді және арнайы бағдарлама жасайтын тарихи демографиялық орталық ашу қажеттігі туындап отыр. Барлық ер және әйел адамның өмір сүру деңгейін және мүмкіндіктерін кеңейту, олардың репродуктивті денсаулығы мен құқықтарын қамтамасыз ету, лайықты жұмыс ұсыну және экономикалық өсуді арттыру арқылы тұрақты дамуға қол жеткізу қажеттігін атап өту керек. Үкімет тарапынан қазіргі және болашақ тұрғындарының санын, жынысын, орналасқан жерін және жас көрсеткішіне қатысты мәліметтерді білуді талап ету қажет. Даму үшін ең алдымен  демографиялық мүмкіндіктерді, еңбекке қабілетті жастағы халықтың денсаулығы, сапалы білімі, лайықты жұмыспен қамтылуы және жас асырауындағы адамдардың үлесін ескеру,  балаға көбірек инвестиция салуға, ресми жұмысқа орналасу кезінде әйелдер үшін көбірек еркіндікке және үй шаруашылығының қартайған кездегі жинақ ақшасының артуына қамту қажет.  Осы қадамдарды жүзеге асыруды еліміздің дамуындағы «демографиялық дивиденд» ретінде қараған жөн. Жоғарыда аталып өткен ұсыныстар мен ұстанымдардың авторы, ғылым мен білімді, тұжырымдылықты  қолданбалылықпен, жаңашылдықты дәстүрмен үйлестіре білген ұстазымыз, профессор Аманжол Боранбайұлының қоғам мен  ғылымға, білім мен әлеуеттік өзгеріске қосқан үлесі ел алдында мойындала беруіне тілектеспіз.

 

Эльмира Телеуова,

ҚазҰУ-дің

 Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Пікірлер