Әбікеннің Астанаға оралуы...

755
Adyrna.kz Telegram
Наурыздың 19-ы күні, Еуразия Ұлттық Университетінің ғылыми кітапханасы залында, ұлы күйші һәм театр актері Әбікен Хасеновтің өмірі мен шығармашылығына арналған "Әбікен Хасенов және қазақтың күйшілік әлемі" атты алқалы жиын болып өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі  Ерлан Төлеутайдың желідегі жазбасына сілтеп.
Алқалы жиынға елімізге белгілі ғылым және мәдениет қайраткерлері сондай-ақ театр тарландары мен дәулескер күйшілер, атап айтқанда:
Дүйсен Қасейінов, ҚР Мәдениет министрі (2003–2004), Халықаралық ТҰРІКСОЙ ұйымының Бас хатшысы (2008-2022);
Бақытжан Оразалиев
Еуразия ұлттық университеті
Ғылыми кітапханасының директоры;
Раушан Нұртаза, Өнертану ғылымдарының кандидаты;
Марат Әбсеметов, Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры;
Тілектес Мейрамов – Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қалибек Қуанышбаев атындағы Академиялық театрдың актері;
Айтқали Жайымов – күйші, Қазақстан Еңбек сіңірген қайраткері;
Сәулебек Жәмкенов, – қаламгер, журналист;
Қуандық Қыстақбай – ҚР Халық әртісі, Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың көркемдік жетекшісі;
Қалкен Қасымов – күйші;
Болатхан Тәшімов – күйші, ҚР мәдениет қайраткері;
Қайрат Айтбаев – күйші, иузыкатанушы, Мәдениет саласының үздігі;
Рүстем Нүркен – күйші, музыкатанушы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері;
Ардаби Мәуліт – күйші, музыкатанушы, PhD докторы;
Риза Әлмұқанова – филология ғылымдарының докторы;
Несібелді Әбдірахманова, «Әбікен» кітабының авторы;
Ерлан Төлеутай, жиын модераторы т.б. қатысты.
Келген қонақтар әуелі Әбікен Хасенұлының өмірі мен шығармашылына арналған арнайы көрмені тамашалады. Көрмені Алматыдан жеткізген әрі ұйымдастырған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының музей жетекшісі Наргиз Тамабекова Әбікеннің әрбір құжаты мен фотосуреттерін жиынға қатысушыларға тәптіштей таныстырды.
Мұнан соң, "Әбікен" кітабының тұсауы кесілді.
Жиында модератор болған Ерлан Төлеутай алқалы отырыстан кейін Facebook желісіндегі парақшасында:
"... Одан әрі жалғаса түскен алқалы жиынның алғашқы сөзі Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Дүйсен Қасейіновке берілді. Дүйсен Қорабайұлы аталған жиынға арнайы баяндама дайындап әкелген екен. Ағаның түрік, орыс тілдерінде жасаған баяндамалары мен айтқан сөздерін түрлі бас қосу жиындарда алыстан-жақыннан тыңдап жүруші едік, мемлекеттік тілде жасаған бұл жолғы баяндамасын дәл жанында отырып тыңдаудың сәті түсті.
Әлемдік һәм қазақтық музыка өнерінің терең білгірі Дүйсен Қорабайұлы, күйші Әбікен жайлы ойларын ортаға сала келіп, қазіргі күй өнерінің көкейкесті мәселелеріне де тоқталды. Музыка профессорының бұл жиынға арнайы келіп қатысуы алқалы бас қосудың мәртебесін көтерді. Жиын үстінде Дүйсен Қорабайұлының Қарағанды шаһарынан келе жатқанын, онда Тәттімбет атындағы музыка колледжінің студенттеріне күйші Сембек Айдосұлы атындағы стипендия тағайындап қайтқанын естіп, кәдімгідей марқайып қалдық. (Сембек Айдосұлы – халық күйшісі. 1931 жылғы Шет өңірінде болған "Күйшілер қырғыны" кезінде ГПУ жендеттері Жамбыл облысындағы Хан тауында қуып жетіп, атып өлтірген).
Сондай айтулы іс-шараның бірі 2015 жылы Астана қаласында өтті. Ол ICTMD халықаралық дәстүрлі музыка және би кеңесінің 43-ші Дүниежүзілік форумы. Форумды өзім басшылық еткен ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерімен бірлесіп ұйымдастырдық.
ICTMD – 1947 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Дәстүрлі музыка мен би жөніндегі халықаралық кеңес. Дәстүрлі музыкамызды, сол салада қызмет жасап жүрген ғалымдарды ICTMD халықаралық ұйымына жақындатудың осылайша жолын салдық дей аламыз. Дәстүрлі музыканы қорғамаса, мемлекеттік тіпті халықаралық ICTMD сынды ұйымдар арқылы сақтап қалмасақ жаһандану деген аждахаға жұтылып кететіндей.
Әлбетте, дәстүрлі музыканы сақтап, қорғау үшін әр халықтың өз ішінен шыққан жанкешті ғалымдар мен өнертанушылардың көмегіне жүгінеміз. Сол себепті біз ұйымдастырған мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі іс-шараларда отандық ғалымдардың назарын дәстүрлі өнерге бұрып, осы саладағы көкейтесті мәселелерді көтеруіне жағдай жасап келеміз.
Бүгінгі Әбікен Хасеновке арналған шара аяқсыз қалмауы керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын жазушы Төлен Әбдіктің «Көрші» атты ғажап әңгімесін оқып едім. Әңгіме Әбікен күйшінің «Қоңыр» күйі жайында. Әбікеннің талантын таныған классикке алғыс айтамыз. Бірақ, Әбікенді әдеби орта, өнертанушы, күйшілер ғана танитындай көрінеді. Жаңағы «Көрші» әңгімесін пьесаға айналдырса, немесе кино туынды жасаса қалай болар еді? Ол насихат. Қорыта айтқанда Әбікен мұрасын тану арқылы өз мәденитімізге бойлаймыз, Әбікеннің өмірбаянын білу арқылы талай сырын ішіне бөгіп жатқан зұлмат заманның кейпін танимыз.
Қадірлі достар! Бүгінгі күн мен үшін есте қаларлық оқиға дер едім. Себебі, консерватория ректоры боп тұрған кезімде дәстүрлі өнерпаздарды оқу ордасына шақырып жас жеткіншектерге айлап сабақ беруін қамтамассыз еткен едім. Олардың ішінде Мағауия Хамзин, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков, Рысбай Ғабдиев сынды өнер тарландары бар еді. Өнердің өз деңгейінде жалғасуы үшін хас өнерпазды көргеннен артық қандай жолы бар?" - деп жазды.
Пікірлер