Жетісудағы қарсылық. Бақалыда халық көтерілген күн

1167
Adyrna.kz Telegram

1930 жылы 25 наурыз күні Балқаш көліне іргелес, қазіргі Балқаш ауданына қарасты Бақалы жерінде Бәрібаев шаруалар көтерілісі болды.

Кеңес өкіметінің ұжымдастыру, жаппай қуғын-сүргін саясаты мен ашаршылық қаупіне шыдамаған жергілікті шаруалар ұйымдасқан қарсылыққа шықты.

Бақалы ауыл тұрғындары Құсмади Ахметжанов, Құрамыс Ибрагимов, Жақыпбай Сауқымбаев 100-ден астам адамды ұйымдастырып, көрші ауылдарға үгітшілер жіберді. Көтерілісшілер отрядқа бірігіп, Бақалы коммунасын басып алды, ауылдық кеңесті таратып жіберді.

Елден күшпен жиналған 100 пұт астықты, 100 бас жылқыны, басқа да мал мен мүлікті жұртқа таратып берді. Алматы мен Семейден әскер күшін шақыртпау үшін көтерілісшілердің арнайы тобы Балқаш жағындағы телефон байланысының сымдарын үзіп, темір жол табанының алты буынын босатып, алып тастады. Мыңқұм деген жердегі 10-ауылды басып алды. Көтеріліс басшысы Қ. Ахметжанов Қытай шекарасынан өтіп кеткен босқындармен, Ақсу көтерілісшілерімен байланыс жасап, бірлесе қимылдауға тырысты.

Бірақ әскер күштері алдын-ала шекараны нығайтып, оған жол бермеді. Шекарашылар Қытай жағынан көмекке келмек болған қазақ отрядын қолға түсірді. Бәрібаев ауданындағы көтеріліс 1930 жылы сәуірдің бас кезінде ОГПУ-дің 50 адамдық қарулы жедел әскери отрядының күшімен басылды. Ауданға арнайы үкімет комиссиясы барып, жағдайды қалпына келтіру шараларын қарастырды. Көтеріліс басшылары Қ. Ахметжанов, Ж. Сауқымбаев аз топпен Қытайға өтіп кетуге әрекет жасап, бірақ қолға түсті. Бәрібаев ауданындағы көтерілісіне белсенді қатынасқан 29 адам жауапқа тартылып, оның 12-сі ОГПУ “үштігінің” 1930 жылы 12 желтоқсандағы үкімімен атылып, 16 адам 3 жылдан 10 жылға дейін сотталды, 1 адам 3 жылға Сібірге жер аударылды.

Пікірлер