«Цифрлық диктатура дәуіріне» жеткен соңғы һomo sapiens

931
Adyrna.kz Telegram

Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумда израильдік ғалым, «Sapiens. Адамзаттың қысқа тарихы» кітабының авторы Ювал Ноаһ Харари болашақта жер бетіндегі тіршілікті кім басқаратынын және үздіксіз технологиялық төңкеріс жағдайында адамзаттың қалай өзгеретінін айтты. Назарларыңызға тарихшы жасаған мәлімдеменің қызықты үзінділерін ұсынамыз. 

ЖҰМЫС МӘСЕЛЕСІ

Тарихта еңбек туралы түсінік сан рет өзгерді. Бұрын адамдар мүлдем жұмыс істемеді. Оның орнына аман қалудың жолдарын іздеген болатын. Сағат 8:00-де тұрып, жұмысқа бару, кеште үйге қайту — заманауи тұжырымдама. Жұмысты жоғалту туралы алаңдаушылық да салыстырмалы түрде соңғы жылдары пайда болды. Бүгінде көпшілікте «технологиялық үрдістер дами берсе, адамзат баласы жұмыссыз қалады» деген қорқыныш бар. Бұл ой алдағы уақытта шындыққа айналуы мүмкін.

Қазіргі таңда адамдар еңбекті қанаудан да қорқынышты дүниені бастан кешіруде. Ол — өзін ешкімге керексіз сезіну. Жаңа мамандықтардың пайда болуына байланысты мынадай бір мәселе туындайды. Халық заманауи жұмысқа қаншалықты оңай орналасатын болады? Бұл ретте әр 10 жыл сайын өзіміздің жаңа қырымызды ашуымыз қажет.  Себебі біз бір ғана технологиялық революцияны емес, олардың тұтас тізбесін бастан кешіріп жатырмыз.  20 жасыңызда бойыңыздан жаңа қабілет табу қиындық тудырмайды, алайда 30, 40, 50 жаста ол күрделене түсетіні анық. Бұл, әрине, біздің алаңдаушылығымызды одан әрі арттырады. 

Жұмыспен қамту нарығының болашағы туралы айтқанда роботтандыруға тым көп көңіл бөлеміз. Біз дәл солай биотехнологияға да назар аударымыз керек. Өйткені көптеген жаңа кәсіп түрлері адамның эмоциясын түсінумен байланысты болады. Тіпті ұшқышсыз көліктер де жаяу жүргіншілердің өзін қалай ұстайтынынан хабардар болады. Егер машиналар банкирлерді немесе әлеуметтік қызметкерлерді алмастырса, бұл мәселе одан да маңызды бола түспек. 

Заттарға басқаша қарау арқылы оларды анығырақ көре аламыз. Сіз белгілі бір мамандықты емес, адамды қорғауыңыз керек. Уақыт өте келе мамандықтардың бір бөлігі қажетсіз болып қалады. Оларды сақтап қалуға тырысудың керегі жоқ. Мәселен, кім өмір бойы кассир болғысы келеді? Біз мамандықтар туралы емес, бірінші кезекте адамдар туралы ойлауымыз тиіс.

ЭМОЦИОНАЛДЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

 Қандай да бір іске бейімделуіңізге инвестиция салыңыз деп кеңес беремін.  Бағдарламалау сияқты жаңа дағдыларды үйрену — лотерея. Сіз оның болашақта өміріңізге пайдалы я пайдасыз болатынын білмейсіз, бірақ хаос кезінде эмоционалды тұрақтылық, барлық өзгерістерді өткеру қабілеті нақты қажет болады. Дегенмен, бұл өте қиын. Мен мұны оқытатын бірде-бір университетті білмеймін.

БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ

           Біз — Homo sapiens-тің соңғы ұрпақтарының бірі болуымыз мүмкін. Бір-екі ғасырдан кейін жерде ешкімге ұқсамайтын организмдер мекендейтін болады. Олар денеміз бен санамызды өзгертуді үйретеді. Бұл ХХІ ғасыр экономикасының негізгі өнімі болмақ.

ЖАҢА ТІРШІЛІК ИЛЕРІ

Қазіргі таңда компьютерлерді ғана емес, адам ағзасын да «бұза» алатын деңгейге жеттік. Бұл үлкен есептеу қуаты мен биометриялық мәліметтерді қажет етеді. Биологиялық зерттеулердің бір жарым ғасырын «Организмдер деген — алгоритмдер» деген сөзбен қорытындылауға болады. Біз қазір оларды қалай шешуге болатынын үйреніп жатырмыз. Мүмкін, екі революция үшін де ең маңызды өнертабыс болып биометриялық сенсор есептеледі. Ол біздің денеміздегі және миымыздағы биохимиялық процестерді компьютер талдай алатын электронды сигналдарға айналдырады. Осы алгоритмдерді шешу арқылы адамдардан да жақсы тіршілік иелерін жасауға болады. 

ЦИФРЛЫҚ ДИКТАТУРА

Бізді өзімізден жақсырақ түсінетін алгоритмдер пайда болғанда, олар қалауларымызды болжап, эмоцияларымызды басқара алады. Тіпті адам үшін шешім қабылдай алуы мүмкін. Егер абай болмасақ, цифрлық диктатура дәуірі келеді. 

XX ғасырда диктатураны демократия алмастырды, өйткені ол деректерді өңдеуде және шешім қабылдауда тиімдірек еді. Демократия ақпаратты таратып, мекемелер мен адамдарға шешім қабылдау құқығын берсе, диктатура барлық ақпарат пен шешім қабылдауды бір қолға шоғырландырады. Бірінші модель тиімдірек жұмыс істеді. Оған америкалық экономиканың кеңестік экономикадан асып түскені мысал бола алады.

Десе де, XXI ғасырда биотехнологиялық революция маятникті кері бағытқа бұруы ғажап емес. Яғни, ақпараттың орталықтандырылған таралуы тиімдірек болуы мүмкін. Егер демократия жаңа жағдайларға бейімделмесе, жаңа адамдар цифрлық диктатурада өмір сүреді. Солтүстік Кореяны қарастырып көрелік.  Айталық, ел тұрғындары арнайы биометриялық білезіктерді тағып жүреді. Адам бөлмеге кіріп, кезекті ұлы көсемнің портретін көрген кезде, білезік оның эмоциялары мен қысымын есептеп,  деректерді тиісті органдарға жібереді. Міне, цифрлық диктатура осылай жүзеге асады.

Ақпаратты бақылау әлемдік элитаға цифрлық диктатурадан да радикалды нәрсе жасауға мүмкіндік береді. Организмдерді «бұзу» арқылы элиталар болашақты қайта құру мүмкіндігіне ие болады. Бұл тек адамзаттың ғана емес, жер бетіндегі бүкіл тіршілік тарихындағы ең үлкен төңкеріс болмақ. 4 миллиард жыл бойы планетада тіршілік ету ережелері өзгерген жоқ. Барлық тірі организм табиғи сұрыпталу және органикалық биохимия заңдарына бағынды. Қазір ғылым табиғи сұрыпталу арқылы эволюцияны ауыстырып отыр.  Егер бұл мәселе шешілмесе, элита  келешек өмірдің қалай боларын айқындайды.

Қазір адамзат не болып жатқанын және не қауіп төніп тұрғанын мүлде білмейді. Қытайдан басқа мемлекеттер өзге мәселелермен әлек болуда. Бұл өте қауіпті. Мен тарихшы ретінде әлемде болып жатқан оқиғаларды мүмкіндігінше көп адамға жеткізуге тырысамын, сонда біздің әмбебап болашағымызды талқылауға мүмкіндігінше көп адам қатыса алады.

Пікірлер