«Алматы галлереясында» Оңғарбек Алхаров пен Ләйлә Жарқынның «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Бұл көрмеге 35 картина мен киізден жасалған бұйымдар ілінген. Фотограф Оңғарбек Алхаров Ұлыстың ұлы күніне орай өтіп жатқан көрмені жасау үшін біраз уақыттың кеткенін айтады.
Көрменің басты ерекшелігі – қазақилықты дәріптеу, насихаттау. «Адырна» тілшісі фотограф Оңғарбек Алхаровпен тілдесіп, көрменің ашылу салтанатының куәгері болды.
- Көрме тарихы терең бақсылық дәстүрден басталады. Бұл әдейі жоспарланды. Көп кісілер қазір бақсы-балгерден қорқады. Негізінен өнердің бәрінің бастамасы осы бақсыдан шыққан. Тәңір заманнан алдын бақсылар медициналық, өнер саласы, музыка өнері, қолөнер, театр салаларын қамтыған. Ән де осы бақсылардан шыққан. Оған дейін ән болмаған деп жатады. Одан бөлек цирк өнері бар. Бақсылар адыраспанды түтіндетіп, адамды емдеп, өткенін айтып, болашағын болжаған. Сол үшін біз көрмені бақсыдан бастадық. Бұл қабырғада екеуі бұлыңғыр сурет болып жасалды. Мына қобыз – Нысан абыз қобызының үлгісі. Суретте арқардың мүйізі де көрініп тұр. Себебі бұл жануар көп мемлекетте жоқ, Қазақстанда бар. Оны табу қиын. Сондай-ақ, оның мүйізінен көптеген ем-дом үшін дәрі жасаған. Тылсым күшті барынша жеткізуге тырыстық. Екінші суретте бақсының артында патшаның тағындай белгі тұр. Кезінде әр патшаның бақсысы болған. Бізде қазір ислам діні, одан кейін христиан, атеизм діндері келді. Соның артынша музыка, медицина, бәрі бөлініп шыққаннан кейін шаманды әдейі жоғалтып жіберді. Негізінен ғылымның да бастамасы осы бақсылар болған.
Көрмеде бақсының суретінен кейін бала, отбасы, табиғат сынды бағыттарда түрлі картиналар ілінген. Әсіресе екінші қабырғадағы кішкентай бала мен қыздың фотосы көпті сүйсінтті. Сурет «Қорғаныш» деп аталған.
- Баланың қолында садағы бар. Қаруы баланың өзімен бірдей. Мұның да астарында үлкен мән жатыр. Қазақта баланы кішкентай кезінен оны батырсың деп тәрбиелеген. Ол - қыздың қорғанышы, үйдің тіреуі, Отан иесі. Сол үшін бұл суретті «Қорғаныш» деп атадық. Киім, локация,фон барлығы сол заманға сай.
«ІЗБАСАР»
- Мына суретте Талғар жақта тұратын әлемге әйгілі құсбегі Ысқақ атамыз бүркітпен отыр. Ол кісінің жеке бейнесін бейнеледік. Суреттің жоғары жағына кішкентай баланы құспен қойдық. Себебі ол атаның ізбасары, немересі. 4 жасар баланың бір қолында тазысы, екінші қолында бүркіті тұр. Бұл суретте баланың мұрнынан суы да ағып тұр. Бала кішкентай болса да батылдық пен қайраттылық сезіліп тұр.
- Ал мына суретте жастар бейнеленген екен. Қолында бүркіті, тазысы бар. Мәнісі неде?
- Бұл сурет өте мәнді әрі мағыналы. Біз – Кеңес үкіметін көргендерміз. Ғаламтордың не екенін білген жоқпыз, біздің өмірге деген көзқарасымыз басқа болды. Бүгінде балаларды да осыған баулу керек. Біздің міндет – сол. Бүгінгінің жастары ғаламтор, ағылшын тілін оқып, киіз үйді музейден көреді, қойдың құмалағынан жиіркенеді. Біз ауылда қой бағып, арықтан су іштік. Бүгін балалар біреудің қасығынан тамақ ішпейді. Қарап отырсақ, аманаттың жалғасы болмай қалғанын байқаймыз. Мынау ғаламтордың, дамудың салдарынан біз қазақтығымыздан айырылып бара жатырмыз. Сол үшін тұғырды, яғни бүркітті көтеріп, жастарға осыған қарап «бой түзеңдер!» деген сурет. Қазынаны ұмытпайық!
Фото көрмеде жеке альбом да берілген. Альбомда қазақтың тарихы мен қазақы киімдегі кейіпкерлердің бейнесі топтастырылған.
- Бұл суретте Ардақ Назаров бейнеленген. Ол әлемнің үш дүркін чемпионы, біреудің кумирі. Балалар сол кісіге қарап қызықсын деген мақсатпен түсірдік. Ардақ – батырлықтың символы. Бұл жерде фотоқағаздың да материалы басқа. Холст та, суреттер де бүгін төрт түрлі материалдан жасалған.
- Қазақстанда фотография саласы дамыған ба?
- Елімізде фотография өнері енді тәй-тәй басып келе жатыр. Әлі дамуға да жетпегенбіз. Биыл Алматы полиграфия колледжінде 100 баланы осы мамандыққа қабылдадық. Ал Т.Жүргенов оқу орнында биыл 6-7 балаға орын ашпақпыз. Кей ЖОО-да арнайы курстар бар. Бірақ ол шектеулі. Шетелде бұл салада PhD доктор, академиктер бар. Біз соған жетуіміз керек. Жаңа бір кісілер келді. «Көрдік, енді не істейік? Суретті көруге келдік пе сонда?» дейді. Кейбір адамдар фотографияның психологиясын, философиясын түсініп жатқан жоқ, өкінішке орай. Соны дамыту үшін осындай көрме жасап бастадық.
- 30 жылда бұл сала дамымады ма?
- Бізде Президент мында барды, Қазақстанға елші келді, зауыт ашылды деген сынды жарнамалық фотолар кең тарады. Одан бөлек құжаттардағы документтік фотография бар. Бұл сала сонымен бітті. Біздің оқулықтар мен газеттерде де жақсы суреттер жетіспейді. Кеңес кезінде айтулы фотографтар болды. Бірақ ол кісілер қазір қартайған. Ал 30 жылдың ішінде фотограф дайындайтын жүйе болмағаннан кейін өкінішке орай қазақ фотографиясында сабақтастық үзіліп қалды. Соны қайта жаңғырту керек.
- Суреттерде көбіне неге мән берілді?
- Киімдерге қарасаңыздар болады. Бұл сахна не театр, әртістердің, базарда сататын киімдер емес. Мұның бәрі этнокиім. Суреттегі бесік те, етік те бәріне мән берілді. Фотода модель кимешек киіп тұр. Мұны көпшілік кие бермейді. Кинода түрлі кимешектерді көріп жатамыз. Бірақ олардың орны бөлек. Мен мұндай кимешекті Дина Нұрпейісованың суреттерінен ғана көргенмін.
Көрмеде «Жас жұбайлар», «Қобызшы», «Сұлу», «Жауынгер қыз» сынды әртүрлі бағыттардағы суреттер бар.
- Мына сурет неге «Оян, қазақ!» деп аталған?
- «Оян, қазақ» киносының басты рөлінде ойнаған актердің суреті. Кинода да негізінен осындай жан-айқай бар. Мен бұл суретте соны көрсеткім келді. Жоғары ілінген суретте Сұлтан Бейбарысты бейнеледік. Себебі ол бала кезінде сатылып кетті. Бірақ осындай жұпыны киіммен жүріп, қазақ даласынан зорлықпен әкетіліп, әлемді билеген ұлы билеуші болған. Ал неге біз қазір үстімізге бәрін жабыстыра береміз? Осындай қарапайым болып-ақ әлемді билеген. Біз байлықты оның көзімен, көзқарасымен, батылдығымен көрсетуге тырыстық.
- Бұл суретте тарихшы кейпінде орыс азаматы бейнеленген екен. Бұл кім?
- Иә, тарихшы өзіміздің «Алга, Петербург». Біздің тарихымызды орыс ағайынымыз келіп жазып жатыр. Соның бейнесін келтірдік. Суретте кітап, шам, бәрі бар. Себебі ол желідегі парақшасында Қазақстанның жетістігін күнде салады. Оның қызы да қазақ мектебінде білім алып жатыр. Біз орысша сөйлеп жүргенде ол қазақша сөйлейді. Жан-дүниесімен қазақ болып кеткен. Суретте оның көзінде сұрақ бар: «Мен неге мұны істеп жатырмын? Қазақтар өз тарихын өзі жазбай ма?» дегендей. Оның не айтып жатқанын түсінбейсің. Сол үшін осындай суретті бейнеледік.
Фотограф Оңғарбек Алхаров келесі айда дәл осы көрмедегі суреттерін Түркияға алып кетпек. Оның айтуынша, көпшілікке қазақша киімдер қызық. 35 суреттің 15-і Анкарадағы «Шымкент» фильм қысқаметражды фестивалінде ілінеді.
- Бұл суреттерде жарықты, түсті барлығын толық зерттеп, арнайы жасадым. Ең бастысы келген кісі өзіне ұнаған суретті табуы керек. Біздегі мақсат осы. Холст, ламинациясымен біртекті материалдағы суреттер болса, төртінші материал – глянц, жылтыр қағаздағы суреттер.
Суреттерде ананың мейірімі, әженің махаббаты, ақсақалдың ақ пейілін дәріптеп, көрерменге түрлі эмоция сыйлайтын картиналарды көруге болады.
- Мына суретте ақсақалдың қолына қылыш ала отыруында не мән бар?
- Бұл сурет Украинадағы соғыс басталайын деп жатқан еді. Мұны неге түсірдім? Украинада соғыс басталады деген сыбыстан соң әдейілеп түсірдім. Қазаққа соғыс келмесін дедім. Қылышқа қарасаңыз, тот басып жатыр. Ол «Біз соғыспай-ақ қояйық» деген мән. Бізде қылыш болсын, бірақ айбар үшін болсын. Бірақ оны қайрамай-ақ қояйық. Үйдің, елдің иесі бар. Елге қауіп төнсе 90 жастағы атамыз болсын, елін, жерін қорғауға дайын екенін жеткіздім.
- Бұл суретте соғыстан кейінгі бала бейнеленген бе? Суреттің аты неге «Үміт»?
- Кезінде бізде соғыс заманы болды. Біз әлемдік деңгейде 30 жыл өтсе де осындай баланың тұрпатындамыз. Бірақ кері шегінбейміз, үміт бар. Сол үшін үміт бар. Аман болуды, жердің тыныш болуын тілейміз. Біздің 30 жылдағы бейнемізді көрсеттік.
Көрме «Қос ғашық», «Балалық шақ», «Ана мейірімі» сынды көңілді эмоциялар лебі сезілетін суреттермен қорытындыланған.
«Қош келдің, Әз-Наурыз» көрмесі Достық көшесінде орналасқан «Алматы галлереясы» ғимаратында өтіп жатыр. Фото көрме 2 апта бойы, сәуір айына дейін жалғаспақ.
Сымбат Наухан,
«Адырна» ұлттық порталы