Белгілі жазушы «Құрмет» орденінің, сондай-ақ «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Медеу Сәрсеке 88 жасында дүниеден өтті. Жазушының қазасы жайлы ақын Дәулеткерей Кәпұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Медеу Сәрсеке ағамыз да мына жарық жалғаннан көшкен екен. Алдынан жарылқасын», - деп жазды Дәулеткерей Кәпұлы.
Медеу Сәрсеке Семей облысы, бұрынғы Абыралы ауданына қарасты Қайнар ауылында 1936 жылы 2 қаңтарда дүниеге келген.
Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастаған. Ол мұнда 1958-59 жылдарда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен.
Инженер қаламгер төл әдебиетте өндіріс тақырыбының жаңа белеске көтерілуіне де айрықша үлес қосты.
«Ғажайып сәуле» (1959), «Көрінбестің көлеңкесі» (1960), «Жетінші толқын» (1964), «От және атом» (1965) повестері жас жеткіншектерге арналған. Өндіріс адамдары жайлы «Жеті жылдықтың жігіттері» очерктер кітабы (1961), «Қаз қайтқанда» (1968), «Айшықты мезет» (1969) деректі повестері жарияланды.
«Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов» (2005) атты деректі ғұмырнамаларын (1980, 1989), «Шығыс хикаясы» пьесасын (1971), «Жаңғырық» (1979), «Көмбе» (1985) романдарын жазды. А.Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударған.
Мемлекет басшысы жазушының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
“Медеу Сапаұлы кемеңгер жазушы ретінде талғамы жоғары оқырманның ықыласына бөленді. Қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының сүрлеуін салған қаламгер ғылымның мүмкіндігін өрнекті сөзбен кестелеп жеткізе білді. Соңына бай рухани және әдеби мұра қалдырған Медеу Сапаұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын”, – деп жазылған Қасым-Жомарт Кемелұлының жеделхатында.