Ел экономикасы демографияға тікелей байланысты

8358
Adyrna.kz Telegram

Сарапшылар ұлан байтақ қазақ жерінің игілігін толық пайдалану үшін халық саны ең кем дегенде 30 миллион болуы керек екенін айтады. Алайда тап қазір еліміздегі халықтың саны 18 484 117 адам болып тұр. Бұл әрине үлкен территорияны алып жатқан мемлекет үшін өте аз. Мамандар бес Франция (халқы 67 348 000) сыйып кететін мемлекеттің халқы 180 миллион болса да артық емес екенін ескертеді. Егер 67 348 миллион француз халықты беске көбейтетін болсақ, біздің жерімізге 336 млн. халық емін-еркін өмір сүреді екен.
Әйтсе де 336 миллион халықты айтпағанда біздің 30 миллионға алдағы 60-70 жылда жетуіміз мүмкін емес тәрізді. БҰҰ болжамы бойынша Қазақстан халқының саны 2100 жылы 25 миллион болуы мүмкін. Ал демограф Мақсат Имандосовтың айтуынша, 2020 жылдың екінші тоқсанда еліміздегі халықтың саны 19 миллионға жетуі мүмкін. Сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Қазақстан халқының саны 2025 жылы 19 миллион 800 мың болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Жалпы халық санының өспеуіне біренеше себеп бар. Оның ең біріншісі ата-аналарды балалы болуға ынталандыру шарасы көңіл көншітпейді. Мысалы баспана мәселесінен бастап, балаға атаулы әлеуметтік көмек беруге дейін бірнеше күрделі проблема бар. Осының әсері болса керек, жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық сәби дүниеге келіп жатыр. Егер Үкімет тарапынан аналарға нақты көмек көрсетілетін болса, бұл көрсеткіш жоғарылауы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, халық санының артпауына эмиграцияға кетіп жатқан азаматтардың нөпірі себеп болып отыр. Мысалы былтыр елімізден 41,9 мың адам шет елге кетіп қалған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 11,1%-ға көп. Ресми дерекке сенсек, елден кеткен орыстар 71,3%, немістер 8%, украиндер 6,6% , қазақтар 4,5% . Ал жас құрамына келсек: 73% 16-62 жас аралығында, 21%15 жасқа дейінгі балалар және 6%-і 63 жастан асқандар екен.
Демек шет елге кетіп жатқан азаматтардың 85-90 пайызы өзінің тарихи отанына кетіп жатыр. Себебі, Ресей президенті Владимир Путин бұған дейінгі отандастарына беріліп келген әлеуметтік пакетке тағы 3-4 көмек қосуды қолдады. Путиннің бұл бастамасын Дума депутаттары мақұлдаса еліміздің біраз азаматтары тағы да Ресейге көшуі мүмкін. Өйткені құдайы көршіміз өсімі төмен болғандықтан шет елдегі отандастарын елге әкелуге ерекше назар аударып отыр. Бұл әрине өте дұрыс шешім. Бізде шет елдегі 5 миллион қазақты елге көшіп келуге жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек.

ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ

Халық санының көп болуы ел экономикасына оң әсер ететінін қазақ ежелден түсінген. Бұған әрине халқымыздың «елге ел қосылса – құт» деген аталы сөзі бірден бір дәлел бола алады. Жапонияда білім алған экномист Бауыржан Исабеков еліміздің халқы 180 млн болса да артық болмайды деген пікірде. Мысалы Қазақстанда бір қазақ тұратын жерде Жапонияда 49 азаматы өмір сүреді екен.
– Біздің территориямыз Жапониядан 7/1 есе үлкен, ал халқымыздың саны 7/1 есе кем екен. Өкінішке қарай еліміздің Солтүстік Қазақстан облыстарының халқының саны оңтүстік өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан да біз тығыз орналасқан аймақтардың халқын Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына көшіруіміз керек. Сондай-ақ, шет елдегі 5 миллион қандастарымызды аталған аймаққа орналастыруға көп көңіл бөлуіміз қажет. Жалпы солтүстік өңірлерде халықтың санының тым аз болуы экономиканың дамуына кері әсер етеді, – дейді экономист.
Қазіргі таңда солтүстік аймақта жұмыс күшінің жетіспей жатқаны жасырын емес. Бауыржан Исабековтың айтуынша, бұл мәселені кәсіпорын иелері Үкіметке алақан жаймай өздері шешіп жатыр.
– Ресеймен шекаралас аймақтарда сервистік экономика яғни шағын және орта кәсіпкерлік дамыған. Негізі аталған аймақтарда ауылшаруашылығы, тау-кен және мұнай-газ саласында жұмыс күштері жеткіліксіз. Сондықтан да үкімет халқы тығыз орналасқан аймақтардың азаматтарын сол жаққа бағыттап жатыр. Оның үстіне кәсіпорындардың иелері жұмыс күші тапшы болғаннан кейін мамандарды өздері шақыруда. Жамбыл, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында ауыл шаруашылық саласы жақсы дамыған. Әйтсе де, Өзбекстанмен арадағы шекара ашылғаннан кейін оңтүстік аймақтың ауылшаруашылығы құрдымға кетуі мүмкін. Өйткені, Өзбекстанның шығаратын өнімдерінің өзіндік құны біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Осындай қиындыққа тап болған оңтүстік жұрты болашақта өз еркімен солтүстікке көшетін болады, – дейді ол.
Негізі елімізде халқы миллионнан асатын 5 облыс бар. Нақтырақ айтсам, Алматы (2 035 034), Түркістан (1 973 331), ШҚО (1 379 739), Қарағанды (1 379 061) және Жамбыл (1 123 687) облыстары көш бастап тұр. Ал Ақмола (739 778), Маңғыстау (674 963), БҚО (651 356), Атырау (631 841) және СҚО (555 485) халқы ең аз қоныстанған аймақ.

«СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫНА СЕРПІЛІС КЕРЕК.

Халқы шет елге көшіп жатқан облыстарға азаматтарды қоныстандыру кезек күттірмейтін мәселе. Ол біріншіден экономикалық мүдде болса, екіншіден ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін ескерген жөн. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы 34,73 %, ал орыс 49,73%, украин 4,21%, неміс 3,55% болып отыр. Сондай-ақ, Қостанай облысында қазақ 40,27%, орыс 41,28%, украин 8,37%, неміс 3,14%-ды құрайды. Ал Павлодар облысындағы мемлекет құрушы ұлт пен диаспоралардың үлес салмағы 50/50 пайыз жақын. Жалпы солтүстік аймақтарда қазақтардың үлес салмағы 60-70 пайыздан кем бомауы керек.
Үкімет осыны ескеріп 2014 жылы «Серпін-2050» бағдарламасын қабылдаған болатын. Алғашқы жылы жоғары оқу орнына1050, колледжге 1000 грант бөлініп, оған Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарының жастары қатысты. Мәселен, 2014-2015 жылы 2050, екінші жылы 6200, үшінші жылы 3162 және өткен жылы 2050 грант бөлінді. Ал биыл аталған бағдарлама бойынша 5109 грант бөлініп отыр.
Жалпы соңғы 4 жылда «Серпін» бағдарламасы 13 462 жас білім алыпты. Осы жастардың қаншасы солтүстікте қалып, қаншасы туған жеріне кетіп қалғаны белгісіз. Бірақ қалай болған күннің өзінде бағдарлама бойынша 13 465 емес, 130 мың жас қамтылуы керек еді. Себебі, жыл сайын елімізден шет елге 40 мыңға жуық азамат кетіп жатыр. Демек солтүстікке барған 13 мың жас теңізге тамған тамшыдай ғана емес пе?
Демограф Мақсат Имандосовтың айтуынша, «Серпін» бағдарламасының грантын көбейтіп, жастарды солтүстікке баруға ынталандыру керек деп есептейді. Сондай-ақ ол шет елдегі қандас бауырларымыздың балаларын осы бағдарлама арқылы солтүстікке бағыттау керек деп есептейді.
– Бұған дейін Үкімет «Серпін» бағдараламасын қабылдап, жастарды солтүстікке қоныстандыру мәселесін қолға алған болатын. Өкінішке қарай бұл бағдарлама толыққанды сәтті жүзеге асты деп айта алмаймын. Өйткені «Серпінмен» солтүстікке барған көптеген жастар оқуы аяқталған соң өздерінің туып өскен аймағына кетіп қалды. Жалпы «Серпін» бағдарламасының кем-кетігін дұрыстап, жаңа бағыт-бағдар жасау керек. Сондай-ақ, біз қытайдағы 2, Өзбекстандағы 1 миллионға жуық қазақты елге әкелуге күш салуымыз керек. Солтүстіктегі халықтың санын арттыру үшін қандастардың көмегіне жүгінуіміз керек, – дейді демограф.
Расында шет елде тұратын жастарды «Серпін» бағдарламасы бойынша оқытуды қарастыруымыз керек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Серпін» бағдарламасына серпіліс керек. Нақтырақ айтсақ, бір жылда 4-5 мың емес, 20-30 мың жас солтүстікке оқитын мүмкіндік тудыру қажет.

ХАЛҚЫ ЕҢ АЗ АУДАНДАР СОЛТҮСТІКТЕ ОРНАЛАСҚАН

Шынында да солтүстік облыстардың демографиялық жағдайы дабыл қағып, мәселе көтеруді қажет етеді. Мәселен Қостанай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысындарында дүниеге келген сәбилердің саны БҚО әлдеқайда аз. Осы көрсеткіштен-ақ солтүстіктегі халық санының аз, әрі табиғи өсімнің көңіл көншітпей отырғанын байқауға болады.
Сондай-ақ солтүстікте халықтың өте аз екенін аудандардағы халықтың санына байланысты аңғарамыз. Мысалы Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында 300 мың, Қарасай ауданында 252 мың, ал Түркістан облысының Сайрам ауданында 203 мыңға жуық халық тұрады. Ал Ақмола облысының Егіндікөл ауданында 6170, Қорғалжын ауданында 8890 және Қостанай облысының Наурызым ауданында 11 574 адам, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязиев ауданында 11 823 адам тұрады. Осы төрт ауданның 38 457 халқы шет елге жыл сайын кетіп жатқан 41 мың халықтан аз.
P.S. Алдағы екі-үш жылда шет елдегі 5 миллион қазақтың 3 миллионын елге әкелсек, онда біздің санымыз 18,4 миллионнан 22 миллионға жетер еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «шет елдегі қандастарымызды елге шақырайық» деп кәсіпкерлер мен халыққа үндеу тастаса 3 жылда 3 миллион қазақты көшіріп алуға болады. Сондай-ақ президент ата-аналарды тиімді әлеуметтік көмек көрсететін жағдай жасаса 2025 жылы 20 миллион емес, 25 миллион болуымыз мүмкін. Мұның бәрі айналып келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси ерік жігеріне байланысты шешімін табады.

Cерік ЖОЛДАСБАЙ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер