Теңіздегі толқуға қыз кінәлі ме?

3919
Adyrna.kz Telegram

Теңіз толқып барып, басылды. Халықтың ашуын басу үшін билік те артқа қадам жасады. Ресми ақпараттарда таралып жүргендей төбелеске Ливия азаматы Эли Дауд пен қазақ қызының түскен фотосы себеп болды-мыс. Билік те осы версияға көп басымдық берді. Артынан тікелей эфирде жыныстық қатынасқа түскен араб жігіті мен қазақ қызы делінген видео әлеуметтік желіде кең тараған болатын. Мәселенің анығы қалай болды?

Атыраулық мұнайшылардың айтуынша, мәселе әлеуметтік әділетсіздік пен тұрмыстық теңсіздікте. "Шет елдік жұмысшылар мен жергілікті ұлт өкілдерінің жалақы мөлшерінің айырмашылығы, тамақ ішетін кезде шет елден келгендердің қазақтармен бірге отырмайтыны, бүкіл қара жұмысты жергілікті ұлт өкілі істесе де мардымсыз жалақы алатыны, келімсектердің бөтен жерде талтаңдап жүргенімен қоймай, жер иесі қазақтарды адам екен деп көзге ілмеуі көптен бері кеудеге запыран болып жиналған болатын" дейді бізге аты-жөнін айтудан бас тартқан мұнайшы.

Өзін "Теңізшевройл" компаниясында жұмыс істеймін деп таныстырған аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі 29 маусымда "Азаттық" радиосына "15 мың жұмысшының наразылыққа шыққанын" айтқан болатын.

"Негізі жұмысшылар баяғыдан-ақ жалақыны талап етіп, ызаланып жүрген еді. Мына суреттен кейін қатты ашуланып, шыдамай кетті" дейді ол.

Оның үстіне 29 маусымда таңертең «араб текті қызметкерлер қатарындағы ССЕР ЖШС өкілдерінің Эли Даудтың жұмыстан шығарылуына байланысты қазақстандық жұмысшылардың еңбек тәртібін бақылауды күшейту туралы пікірлері қазақстандық жұмысшылардың наразылығын тудырған.

Өз жерінде өгей баланың күйін кешкен жергілікті мұнайшылар мұндай әділетсіздікке қашанғы төзсін? Егер, қызға байланысты жұрт көтерілсе онда Элиды ғана жазалаушы еді. Бұл жерде төбелес арабтардың жұмыстан босатылған Элиды қолдап, жергілікті қазақтарға айбат шеккенінен басталған секілді. Прокуратураның ресми мәлімдемесі делінген әлеуметтік желідегі құжатта солай дейді.

Біздің қоғам ақпараттық шабуылдан қаншалықты қорғалған? Неге дизинформацияға жиі сеніп қала береміз? Нақты да, анық ақпарат билік өкілдерінің немесе ресми тұлғалардың аузынан уақытында айтылмағандықтан, жұрт алып-қашпа әңгімені шындық ретінде қабылдайтын болады. Кешегі Арыс оқиғасында да солай болған болатын.

Мысалы, тікелей эфирде жыныстық қатынасқа түскен қыз қазақ емес екен. Соққыға жығылды деген қыз ресейлік курсант қыз Карина Ороева болып шықты.

 

Артынан желіде желдей ескен "ССЕР компаниясынан 237 араб, 780 қытай, 578 үнді жұмыстан біржола шығарылып, орнына Қазақстан азаматтары алынатын болды. Вахталық қалашықта жезөкшелікпен айналысқан 23 қыз бен оны ұйымдастырумен айналысқан 12 жеңгетай қолға түсті. Енді олар заң алдында жауап береді" делінген ақпаратты полиция ресми түрде жоққа шығарды.

Ал, енді неге мұнай компаниялары мен билік бұл төбелесті қыздан шыққан деген ақпараттың таралуына көптеп мән берді? Неге бұл оқиғаны тұрмыстық деңгейдегі "қызға талас"  ретінде көрсетуге тырысты?

Себебі, мұнайшылардың қойған талаптары олар үшін тиімсіз еді. Шет елден келгендер мен жергілікті жұмысшылардың айлықтары бірдей болсын. Әлеуметтік құқықтары да бірдей болсын деп талап қойған болатын  мұнайшылар. Артынша, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та мұнай компанияларындағы шет елдік жұмысшылар мен жергілікті жұмысшылардың жалақылары бірдей болуын тапсырды.

Қазір "Теңіз" тынышталды. Шамырқанса, шамданса "жағалауға" қандай қатер төндіретінін әлем көрді. Бізге керегі жағасында шағаласы шаңқылдаған бейбіт, мамыражай "Теңіз"...

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер